Сингапурда Nomadiq Innovation hub by Investbanq инновациялық хабының ресми ашылуы өтті.
Nomadic Innovation hub – бұл Орталық Азияны Сингапурдың бірыңғай өңірі ретінде ілгерілетуге, сондай-ақ IT-кәсіпкерлік саласындағы ынтымақтастыққа және фаундерлердің мықты қауымдастығын құруға жәрдемдесуге бағытталған жеке бастама.
Nomadic Innovation hub тәжірибелі сарапшылар мен халықаралық кеңесшілерді біріктіреді, олар бизнеске енді аяқ басқан кәсіпкерлердің табысты болуына жағдай жасау үшін бірлесіп жұмыс істейді. Бұл бастама жекелеген стартаптардың өсуіне ықпал етеді, сонымен қатар Қазақстанның, Орталық Азияның және жалпы әлемнің венчурлік нарығының дамуына елеулі үлес қосады.
Хабтың ашылуында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев сөз сөйледі. Министр бұл хаб Сингапурдан жаңа стартап жобаларды тарту нүктесіне айналатынын және түркі елдерінің цифрлық шешімдерді қолдану аймағын кеңейту жөніндегі күш-жігерін біріктіретінін атап өтті.
«Біз Nomadiq Innovation Hub-қа Қазақстанның мүдделерін білдіретін мақсаттарға қол жеткізуде, атап айтқанда, қазақстандық IT-өнімдер экспортын ұлғайтуда және елімізге инвестициялар тартуда үлкен үміт артамыз. Бүгінгі таңда Қазақстанның стартаптар мен инновациялық жобаларды дамыту мен қолдауда айтарлықтай тәжірибесі бар екенін атап өткім келеді. Мысалы, бес жыл бұрын біз Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркін іске қостық, ол бес жыл ішінде стартаптар мен олардың құрылтайшыларын қолдауға бағытталған өнімдер мен қызметтердің кең спектрін қамтитын Орталық Азиядағы жетекші технопарктердің біріне айналды. Нәтижесінде, бүгінде Astana Hub резиденттерінің саны 1,403 қатысушыны құрайды, оның ішінде 388 шетелдік компания бар.