Түркістан облысында жиһаз өндіру саласында 100-ге жуық кәсіпорын өз кәсібін дөңгелетуде. Жиһаз өндірісінің дамуына Сауран ауданының кәсіпкерлері де айтарлықтай атсалысуда. Солардың бірі Түркістан облысы Шорнақ ауылында «Еdem» жиһаз шығару цехының басшысы Абишов Икбол. Кәсіпкер жұмысын 2007 жылы бастаған.
«Сауран ауданы құрылғалы жеке кәсіпкерлер саны да артты, яғни бұл саланың қарқынды дамып келе жатқандығын білдіреді. Халқымыз «Еңбек – ырыстың қадірі» деп бекер айтпаған, біз де қарап отырмай нарық заманына ілесіп 16 жыл бұрын осы кәсібімізді жүргіздік. Алғашында мемлекеттен біршама көмек алып аз ғана адаммен бастаған болатынбыз. Бүгінде жиһаздың 160 түрлі өнім шығарамыз», — дейді цех басшысы И.Абишов.
Иә, ас үй жиһазын, жатын бөлмелерге арналған гарнитурлардың ерекше сәнді түрлерін нарыққа шығарған кәсіпорын қазіргі таңда айына 1000 жиһаз түрін шығарып, жергілікті 60 тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Өнімдерін елдің бүкіл аймағына жөнелтіп, тұтынушылардың көңілінен шыққан бұйымдарға сұраныс артуда.
Жақында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдегі жиһаз жасау саласындағы кәсіпкерлердің басын қосып, мәжіліс өткізгенде «Жиһаз саласында Түркістан өңірінің әлеуеті жоғары. Бүгін сіздермен осы саланы одан әрі дамытып, жаңа кәсіпорындар мен зауыттар ашу мәселесін талқылауды жөн көрдік. Бұл ретте әкімдік, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және кәсіпкерлер күш біріктіріп, жиһаз кластерін дамытуымыз қажет. Оған біздің тарапымыздан қолдау көрсетіледі. Ұсыныстарыңызды, мәселелерді тыңдап, тиісті шешім шығарамыз. Мемлекеттік тапсырыс саласында да алдымен отандық өндірушілерге басымдық беріледі. Ол үшін осы саладағы кәсіпкерлер бірігіп, Түркістанның брендін жасақтауға, экспорттық әлеуетін көтеруге атсалысқандары жөн», — деген болатын.
«Осындай келелі кездесулер кәсіпкерлерге демеу беріп, қанаттандыратыны рас. Алдағы уақытта бәсекеге қабілеттілігімізді арттырып, мұнан да жақсы бұйымдар шығаруды көздейміз», — деген кәсіпкер болашақта әлемдік нарыққа шығуды жоспарлап отыр.
Енді бұйыртса, Түркістан қаласы мен Сауран ауданында көптеген ғимараттар мен тұрғын үйлер құрылысының жоғары қарқынмен салынуы кәсіпкерлердің жиһаз жасауға деген талпынысын арттыратыны, сондай-ақ тағы да көптеген жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылатыны сөзсіз.