Байқасаңыз, мереке қарсаңында қаламызда гүлдер саудасы қызып, базар мен дүкендерде адамдар сыйлық іздеп жүрсе, мейрамхана-кафелерде ине шаншар орын жоқ. Расында, алдын ала тапсырыс бермесең, бұл күндері топырлап төтеннен кіріп қалсаң, төрден орын бұйырмақ түгіл орын болмай кері қайтуың да ғажап емес.
Осы орайда, мейрамхана ісін табысты жүргізіп, қаламызда мейрамхана бизнесі мен халыққа түрлі қызмет көрсету кешенінің негізін алғаш қалаған бизнес-леди, «Эдем» ресторанының иесі, білікті кәсіпкер Мухаббат Ибрагимовамен 8 наурыз әйелдер мерекесі қарсаңында сөйлесудің сәті түсіп, берекелі бизнестің қалай басталғаны жөнінде айтып беруін өтінген едік.
«Өздеріңіз білесіздер, қазір қаламызда мейрамхана, кафе сияқты қоғамдық орындар көп ашылуда. Олардың қызмет көрсету сапасы да жақсы жолға қойылған. Бұл бір жағынан, қаламызға жыл сайын туристердің көптеп келуіне байланысты, соған лайықты болу үшін деңгейдің артқанын көрсетсе, екіншіден кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін білдіреді.
Десе де, мейрамхана ашу ісі оңай емес. Бұл алдымен мол қаражатты, ізденісті, жауапкершілікті, зор еңбекті талап етеді. Кез келген кәсіп өз брендін қалыптастыру үшін біршама қиындықтардан өтеді, онымен күреседі, жеңіледі, тек мақсат қойып, алға нық ұмтылған жан ғана барлығын жеңеді деп білемін. Сол сияқты біздің отбасылық кешенді ашуда да қиыншылықтар аз болған жоқ. Нарық заманына ілесе отырып, ресторанның жоғары деңгейде қызмет көрсетуіне барынша жағдай жасадық.
Жалпы мейрамхана ашу үшін барлығына жіті көңіл бөлу керек, ең алдымен бармағынан бал тамған жақсы аспаздың осы кәсіптің ілгерілеуінде маңызы зор. Әр мейрамхананың өзінің тұтынушы іздеп келетін сүйікті асы, яғни аталмыш асхананың ерекшелігін білдіретін өз фирмалық тағамы болады. Мысалы, бір тұтынушымыз баклажаннан дайындалатын тағамдарымызды ұнататыны сонша, ол тек сол тағам үшін біраз жылдан бері мейрамханамызға үзбей келіп тұрады. Сол секілді кәуәптің ерекшелігі үшін бас сұғатын тұрақты тұтынушыларымыз бар. Сонымен қатар осы тағамды әкеліп беретін тәжірибелі даяшының, сыпайы әкімгердің, ресторан ішін заманауи безендіретін дизайнерлердің еңбектері зор. Міне, осылардың барлығын үйлестіріп, көзін таба білген адамдардың мейрамхана және қонақ үй бизнесінде жолы болады деп ойлаймын. Өзіме кезінде үлкен қалаларда ойлаған кәсібімді ашу туралы ұсыныстар түскен болатын. Бірақ «Туған жерге туыңды тік» демекші, мен ол кезде кішкентай болса да кәсіпті осы Түркістанымызда ашайық, қаламызды әсем бір нысанмен толықтырып, алдағы уақытта дамуын көрейік» деп ниеттеніп, бүгінде қаламыздың осындай дәрежеде дамып келе жатқанының куәсі болғаныма ерекше қуанамын».
Мейрамханада мереке кезінде қонақтарды қандай тосынсыйлар күтіп тұр деген сұрағымызға, «Тап қазір қаламызда студент жастарымыз, облыстық, қалалық мекемелерде, емханаларда, мектеп-балабақшаларда қызмет ететін аяулы аруларымыз ерекше мерекелік көңіл-күйде жүргені белгілі. Ер азаматтарымыз да өздерінің жомарттығын танытып, сыйластықтарын көрсетіп жатыр. Осы ретте мейрамханаларда әдеттегіден де халық нөпірі көбейетіні анық. Сондықтан барша қала тұрғындары мен қонақтарға нағыз аспаздық шедеврлерден, керемет тәттілерден, сондай-ақ дәмді сусындардың мол ассортиментінен тұратын бай эксклюзивті мәзір дайындалып жатқанын жасырмаймын. Сонымен бірге жанды музыка, белсенді қонақтарға сый-сыяпаттар да әзірленіп жатқаны құпия емес» деп жауап берді.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан қаласында үлкенді-кішілі 65-тен астам мейрамхана-кафелер өз қызметтерін халыққа тиісінше ұсынып отыр. Қаламызда алыстан менмұндалап тұратын ерекше үлгідегі аталмыш орындар ішкі интерьердің әдемілігі, тартымдылығы, қызмет көрсетуі мен ұлттық тағамдардың саналуандылығы жағынан бірінен-бірі қалыспай келе жатқаны аңғарылады. Тіпті стильдік интерьерлердің, неоклассикалық жиһаздар мен пастелді түстердің түрлерінен көз шағылысса, гастрономиялық мәзірлер мен ұлттық тағамдардың саналуандылығынан да жаңылысуға шақ қаласың. Мұны мейрамхана-кафелердің облысқа сай болу үшін сервистік қызмет көрсету сапасының, түрлі тәжірибенің және ең бастысы аспаздардың біліктілігінің артқаны және де мұның бәрі өзіміздің Түркістан қаласында жүзеге асып жатқанын мақтанышпен айтуға болады.