«Денсаулық – зор байлық» – дейді дана халқымыз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» – дейді тағы бір нақыл. Бұдан шығатын қорытынды, адамзат баласын бақытқа бөлейтін алғышарт: деніміздің саулығын сақтау – «денсаулық сақшылары» атанған дәрігерлерге, денсаулық сақтау саласының жүйелі жұмысына байланысты. Түркістан облысының денсаулық саласының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Қандай өзгерістерге қол жеткізіп отырмыз? Шешімін күткен қандай мәселелер бар? Көпшілік көкейіндегі осы сауалдар толғандырып, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Сатыбалды Бауыржан Нұрланұлына жолығып, сұхбаттасқан едік.
– Бауыржан Нұрланұлы, жоғарыда айтып өткеніміздей, қоғамның басты байлығы – адам денсаулығы. Жыл басындағы алғашқы сұхбатымыз болғандықтан, өткенді саралап, келешекке көз жүгіртіп өтсек. Жалпы, денсаулық сақтау саласының қазіргі жағдайы қандай?
– Түркістан облысы бойынша бізде мемлекеттік қырық бес мекеме бар. Оның ішінде орталықтандырылған аудандық, қалалық ауруханалар, облыстық деңгейдегі мекемелер, облыстық балалар ауруханасы, диспансерлер, туберкулез аурулары диспансері бар. (қазір ол фтизиопримология деп өзгеріп кетті ғой.) Сол қырық бес мекеме екі млн-нан астам халыққа қызмет көрсетеді. 2023-жылы атқарылған жұмыстарға келетін болсақ, негізі ауыл денсаулығын жаңғырту ұлттық жоба аясында ауылдық жерлердегі денсаулыққа көп мән беріліп жатыр. Себебі, Түркістан облысы тұрғындарының сексен пайызы ауылды жерде тұрады.
2023-жылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша республика деңгейінде бірінші орында болдық. Біздің көрсеткішіміз республика деңгейінде қорытындылар бойынша өте төмен болдық. Бұл – жақсы деген сөз. Қан айналымы жүйелері бойынша, аурушаңдық деңгейі, өлім болатын себептері. Бізде, мысалы, онкология бойынша аурушаңдық жоғарылаған. Бірақ, одан өлім, керісінше, төмендеген. Ол нені көрсетеді? Бұл алғашқы медициналық әлеуметтік көмек деп аталады, емханалар деңгейінде ауруды ерте анықтау, скринингтік анықтаулар қолға алынды деген сөз. Яғни, халық арасында скринингтен өту барысында қай деңгейде екенін анықтайды. Айталық, ауру бірінші кезең мен екінші кезеңде анықталатын болса, ол кісілердің өмір сүру ұзақтығы жақсарады. Медицинада оның өмір сүру ұзақтығы бес жылға дейін.
Сонымен қатар, былтыр тек облыста ғана емес, республика бойынша қызылша ауруы өршіді. Қуаныштысы, «қызыл аймақта» болған жоқпыз. Бірақ, шықпады демейміз. Бізде де анықталды. Адамдардың ауырған жағдайлары болды. Бұл орайда, халыққа айтарымыз, алдын алу шараларына селқос қарауға болмайды. Әсіресе, дер кезінде екпе алуға мұқият болған жөн. Осы орайда, өзге дінді ағымдағылар қарсылық білдіріп, кезінде балаларына екпе салдырмауы салдарынан сәбилер ауырды. Бірақ, біз де қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Медиа жоспар құрып, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Учаскелік дәрігерлер үй-үйді аралап, аурудың алдын алу, сақтану жолдарын көрсетіп, түсіндіріп, барлық аймақтар қамтылып отыр. Бүгінгі таңда жүз сексен мыңға жуық бала қамтылды. Қазір қызылша ауруының көрсеткіші бойынша «жасыл аймақтамыз». Дегенмен, «жаман айтпай, жақсы жоқ» – демекші, толық дайындық бар. Қосымша 1032 инфекциялық төсек орын жасақталып қойды. Егер күрт өсім болған жағдайда толыққанды медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар, ауылды жерлердегі орталықтандырылған аудандық ауруханалардың, бұрыннан келе жатқан көптеген мекемелердің тозығы жетті. Бүгінгі күн тәртібіндегі осы көкейкесті мәселелерге де ерекше көңіл бөліп отырмыз. Осы бағыт бойынша Жетісай, Сарыағаш аудандарында өткен жылы күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Күрделі жөндеу жұмыстары тиянақталып, біткеннен кейін сәуір айының соңына дейін екі мекеме қайтадан іске қосылады. Аталған екі аудандағы жөндеу жұмыстары аяқталған соң бұл жұмыстар басқа ауданда да жалғасын табады. Негізгі мақсатымыз – төрт ауданда, Жетісай, Сайрам, Сарыағаш, Ордабасы аудандарында ауданаралық көп профильді ауруханаларды бейімдеу арқылы құру.
Неліктен бұл аудандарды таңдап отырмыз? Осы жөнінде түсінік бере кетейін. Жетісай – облыс орталығынан ең шалғай орналасқан аудан. Оған Шардара мен Мақтаарал аудандары жақын. Ал енді, көп профильді ауданаралық аурухана ашылған жағдайда, «КТ», «МРТ», «Ангиограф» сияқты күрделі медициналық тексерулерден өткізетін өте қымбат медициналық құрал-жабдықтар орнатылады. Яғни, осы аудандардың тұрғындары бұрынғыдай облыс орталығындағы немесе Шымкент қаласындағы емдеу орындарына ат арытып, шаршамай, жақын жерден тексеруден өтетін мүмкіндік жасалады.
Бергі жағында Сарыағаш ауданын таңдаған себебіміз, бір-біріне жақын орналасқан Келес, Абай, Қазығұрт аудандарын қамтитын болады. Ал, енді Сайрам ауданы Түлкібас, Ленгер аудандарына іргелес жатыр. Ортадағы Ордабасы ауданы Бәйдібек пен Арысты қамтиды. Бұл көп профильді ауданаралық аурухана болғаннан кейін екінші деңгейлі болады. Ол жерде инсульт орталықтары, перзентхана болады. Бұл заманауи емдеу орындарының ашылуы халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады. Мысалы, медицинада «алтын уақыт» яғни алтынға тең уақыт деген ұғым бар. Айталық, сырқат «инфаркт» алған жағдайда әрбір минут қымбат. Осындай сын сағатта көп профильді аурухана қызметкерлері сырқатты облысқа тасымалдамай-ақ өз көмегін көрсетіп, аман алып қалуға болады. Яғни, адамның өмір сүру ұзақтығын сақтауға септігін тигізеді. Заманауи емдеу орындарының артықшылығы да осында.
– «Түркістан» газетінің «Жазылған жайдың жаңғырығы» айдары бойынша газетіміздің №4 (9708), 26-қаңтар 2024-жылғы санына шыққан «Пациентке талас» мақаласында айтылған мәселеге орай қандай шаралар қабылдануда? Бұл сын материалда біз кейбір емдеу орындарының өз мүдделерін көздеп, тұрғындардың келісімінсіз, өз беттерімен өздерінің емдеу орнына адамдарды тіркеп алатын заңсыз іс- әрекеті туралы сөз қозғаған едік. Бұл адамдардың құқығына қол сұғу емес пе?
– Бізде әрбір жылы қыркүйектің 15-інен қарашаның 15-іне дейін «емдеу орындарына бекіту науқаны» басталады. Яғни, әрбір Қазақстан азаматы өз еркімен, өз таңдауымен кез келген емдеу мекемесіне барып тіркеледі. Сол кезде әркім халыққа қызмет көрсету орталығынан алған, өзінің цифрлық қолы қойылған ЭЦП кілтпен барып тіркеледі. «Түркістан» газетінде жарияланған «Пациентке талас» деген мақаладағы жағдайға ұшырамау үшін осындай кілтті алғаннан кейін, оның паролін тез арада өзгертіп алуға кеңес берер едім. Олай дейтінім, өткен жылы «Мына емдеу орны менің рұхсатымсыз тіркеп алды» – деген арыз-шағымдар болды. Оған дейін де болған. Әлі де жалғасып келе жатыр. Бұл мәселе бойынша біз өзіміздің деңгейімізде прокуратура, ішкі істер басқармасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитет сияқты құзырлы орындармен бір емес, бірнеше рет жиналыстар өткізгенбіз. Бірақ, «рұқсатсыз тіркеді» деген арыз-шағым тоқтамай тұр. Әлеуметтік желілерде де айтылып жүр. Осының басты себебі, әлгі тұрғынның жоғарыда айтқан ЭЦП кілтін бөтен біреудің пайдаланып отырғандығында. «Сақтансаң сақтаймын» дегендей, бұл мәселеге әркім өзі мұқият болу керек. Кілтті ашқызғаннан кейін, паролін өзгертіп алу керек. Мақалада айтылғандай, құқығы бұзылған жағдайда сотқа жүгіну керек. Ал, біз өз тарапымыздан, Қазақстанның цифрализация және денсаулық сақтау министрлігіне емдеу орнына тіркелген әрбір адам «FACE ID-ден» тіркеуден өтсе деген ұсыныс тастадық. Өйткені, қазіргі 1414-тен келген хабарлама арқылы тіркелу осындай қырларымен тиімсіз болып отыр. Біздің ұсыныс осы «FACE ID» бойынша.
– Түркістан қаласындағы тері аурулары диспансеріне қатысты мәселе де шешімін күткен, өзекті мәселе деп қараған жөн. Өйткені, үш жүз мыңдай халқы бар қалада бұрын шағын болса да, тері ауруларын емдейтін мамандандырылған, арнайы диспансер бар еді. Қазіргі таңда ол жабылып қалды. Не себеп? Түркістандықтар ауруханада жатып ем алу үшін Шымкентке баруға мәжбүр. Бұл саладағы кадрлар да тапшы бізде. Менің қолымдағы мәлімет бойынша, қалада бұл бағытта үш қана дәрігер-маман жұмыс істейді. Олардың өзі де жастарды әскерге шақырулар кезінде әскери комиссариатпен екі ортада жүреді. Олардың қабылдауына түсу қиямет-қайым. Дамыған елдер өлшемі тері ауруының жоқтығымен өлшенетінін ескерсек, бұл мәселеге мықтап көңіл бөлетін кез жеткен сияқты.
– Түркістан қалалық орталық аурухана құрамында 16 төсек орындық стационар және үш дәрігер амбулаторлық қабылдау жүргізлген болатын. СОVІD-19 пандемиясы кезінде уәкілетті органның бұйрығымен стационарлық төсек-орындар жабылып, амбулаторлы үш дәрігер штаты қалалық емхананың құрамына өткізілген болатын. Дерматовенерологиялық стационарлық көмекті орталықтандыру мақсатында төсек орындар Шымкент қаласындағы облыстық дерматовенерологиялық диспансерге берілді. Ауруханада консультативті-диагностикалық қызмет бөлімшесінде жоғары санатты дерматовенеролог дәрігер амбулаториялық қабылдау жүргізеді.
Ал, жалпы, дерматолог мамандар тапшылығына байланысты сауалыңызға былайша жауап берер едім.
Дерматолог мамандарға сұраныс бар. Бірақ, жоғары оқу орнын жаңа бітірген мамандардың бұл мамандыққа құштарлығы жоқ. Өздеріңізге белгілі, университет бітірген мамандар резидентурада оқыған кезде әрбір студент қалауына қарай «узкий профильді» яғни бейінді мамандықты таңдайды. Сол кезде дерматолог пен фтизиатрияны, пульмонологияны таңдамайды. Не үшін таңдамайды? Бір жағы аурудың жұғу қаупі бар екені, аурумен тығыз байланыс болатынын қаламайды. Екіншіден, мамандар арасында актуальді емес. Бұл салаға барғысы келетіндер аз. Сондықтан да маман тапшылығы бар. Мұның алдын алу бойынша бұған дейін болмаған түрлі қадамдар жасап жатырмыз. Былтыр облыс әкімі атынан резидентураға 60 грант орын бөлгенбіз. Бірақ, бізге, өкінішке орай, отыз жеті-ақ адам түсті. Биыл 139 грант бөлуді жоспарлап отырмыз. Тағы да бұл жердегі қиындық, осы мамандықтарға оқимын дейтін маман табу. Оның ішінде жаңағы жоғарыда айтып өткен дерматолог, фтизиатр сияқты бейінді мамандықтар бар. Тағы бір қиындық, конкурстан өтіп, резидентураға түсу үшін қажет 75 балл жинау оңай емес.
Алайда, Түркістан облысында жалпы тәжірибелі дәрігерлерге қатысты, кейбір бейінді мамандармен қамтылу мәселесінде қиындық жоқ. Наурыз, сәуір, мамыр айларында әрбір жоғары оқу орындарында «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» өткізіледі. Осы кезде біз жәрмеңкелерге қатысып, өзімізге керек мамандарға сұраныс-ұсыныстар тастаймыз. Талапкердің оқу ақысын төлеп оқытамыз. Бірақ жас маман кем дегенде үш жыл келісім-шарт жасаған мекемеде жұмыс істеуі керек. Ауылдық жерде жұмыс істеген жағдайда жас маманға әлеуметтік жеңілдіктер жасалады. Бір сөзбен айтқанда, біздің мақсатымыз, қалайда маман кадрлар мәселесін дұрыс жолға қою.
– Портал мәселесіне байланысты дәрігер қабылдауында барғанымызда «орын жоқ» дегенді жиі естиміз. Ал, ауруханада палаталардың бос тұрғанын көреміз. Бұл бюджетпен бекітілген аурулар санының, игерілген, бөлінген медициналық қызмет түрі мен дәрілердің шектеуіне (лимитіне) қатысты ма? Неге қатысты? Бұл бағытта олқылықтар бар деп ойламайсыз ба?
– Ауруханада жоспарлы стационарлы емге жатқызу (портал) бойынша шешімін күткен мәселе бар деп ойламаймын. Әрбір емдеу мекемесі өзінің қаржысын жыл басында жоспарлайды. Портал мәселесі осыған байланысты жүзеге асырылады. Аурухана МӘМС қоры тарапынан берілген жоспарды орындаған соң, порталмен жоспарлы ауруханаға жатқызу тоқтатылады. Қала тұрғындарына Түркістан қалалық орталық ауруханасынан басқа мемлекеттік тапсырыспен 3 мемлекеттік емес аурухана, атап айтқанда, «Талғат» клиникасы, «Ақмарал» ауруханасы және Қ.А.Иассауи атындағы ХҚТУ-нің Клиника-диагностикалық орталығының стационарлары барлық бейіндер бойынша МӘМС жүйесінде портал арқылы жоспарлы стационарлық көмек көрсетеді.
– Қазіргі қоғам мемлекеттік және жеке меншік емдеу орындарының бәсекеге түскен шағы. Соған сәйкес медицина қызметкерлері де өз таңдауын жасайды. Ол оның құқығы. Дегенмен, бірнеше жерде еңбек ететін дәрігерлер бар. Осы орайда мемлекеттік мекемедегі белгілі бір дәрігердің тегін қызметін пайдаланудың өзіндік қиындықтары бар. Олардың кестесіне оңайлықпен түсе алмайсыз. Себебі, кейбір дәрігерлердің мемлекеттік емханадағы орнынан демалыс алып, сол күндері жекеменшік клиникада қабылдау жасаған фактілерін көріп жүрміз. Бұған бақылау жасай аласыздар ма?
– Медицина маманы өзінің негізгі жұмысының бір күндік сағат жұмысының уақытын өтегеннен кейін, келесі қосымша жұмыспен айналысуына болады. Алайда, негізгі жұмыс пен қосымша жұмыс бір-біріне кедергі келтірмегені дұрыс.
– Тағы бір түркістандықтардың білгісі келіп отырған мәселе, екі мың орындық үлкен медициналық кешен салынып жатыр. Қашан пайдалануға беріледі?
– Түркістан қаласында 570 төсек орындық көпсалалы аурухана құрылысына Түркістан қаласы, 160 квартал, 357 жер телімінен 15,63 га. жер анықталып, «TURKESTAN» арнайы экономикалық басқарушы компаниясы» АҚ-ның атына рәсімделген. 2023 жылдың 10 шілдесінде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне «ATM Turkistan Hospital» ЖШС-нен көпбейінді аурухана құрылысы бойынша жеке серіктес тарапынан жобаның бизнес-жоспары ұсынылды. Респуликалық МЖӘ мемлекеттік жекешелік әріптестік. Тапсырыс беруші «ATM Turkistan Hospital» ЖШС Құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталған, 2024 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарлануда.
– Сонан соң, бұл орталық соңғы үлгідегі медициналық жабдықтармен жабдықталады деп жоспарлануда. Оны игеретін мамандар бар ма? Бұл мәселе шешімін қалай таппақ?
– Иә, Түркістан қаласында 570 төсек орындық көпсалалы ауруханасы соңғы заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталатын болады. Мамандар даярлануда, 2023 жылы облыс әкімінің қолдауымен 37 медицина мамандары бейінді мамандық бағытында резидентураға түсіп грант иегері болды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 1-наурызында «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде» Республикамызда жоғарғы медицина оқу орнын бітіріп келген түлектерге бос орындар ұсынылатын болады.
– Ал, сол кешеннен жоғарыда айтқан тері аурулары диспансеріне орын бұйыра ма? Аурудың жақсысы жоқ. Дегенмен, тері ауруы да жеңіл-желпі қарайтын сырқат емес.
– Денсаулық сақтау желісінің нормативіне сәйкес келмейді. Сол себепті қарастырылмаған. Медициналық көмек қажет болған жағдайда телемедицинаны пайдалана отырып қызмет көрсетілетін болады.
– Сөз соңында халыққа қандай өтініш-тілек айтар едіңіз?
– Бірінші күн тәртібінде тұрған мәселе – медициналық сақтандыру. Бізде екі млн. халық болса, соның төрт жүз мыңнан астамы сақтандырылмаған. Көпшілігі оның маңызын түсінбейді. «Маған оның не керегі бар? Медициналық көмекті онсыз да көрсетіп жатыр ғой» – деп ойлайды. Бірақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шұғыл жағдайларда ғана көмектеседі. Ал, жоспарлы түрде өтетін скринингтар, профилактикалық тексерулер, жылдық тексерулер оған енгізілмеген. Оның бәрі бекер ойластырылмаған. Ауруды ерте кезеңде анықтауға көмектесетін шаралар. Әсіресе, балаларды уақытында тексеруден өткізіп отырса, аурушаңдық деңгейі, өлім-жітім әлдеқайда төмендейтін еді. Тағы бір айта кететін нәрсе, бізде жылжымалы медициналық кешен деген бар. Ол әр аудан деңгейінде елді мекендер мен ауылдық округтерге барып қызмет көрсетеді. Облыста осындай он екі автобус, үш «Камаз» жұмыс істейді. Олар ақпан айында жұмыстарын бастады. Қараша айының соңына дейін жұмыстарын жалғастырады. Халықты сол алдына барып тұрған жылжымалы пунктке зорға шақырып келтіретін жағдайлар бар. Келген күннің өзінде дәрігердің берген нұсқаулықтарына бейқамдық танытады. Мемлекет халық денсаулығы үшін қыруар қаржы бөліп, алдына әкеліп тұрған игілікті дұрыс пайдаланса деймін. Өйткені, әр адамның денсаулығы – ұлттың саулығы.
Бауыржан Нұрланұлы, келелі сұхбатыңызға рахмет!