Биылғы жылы ҚР Мәслихатының құрылғанына — 30жыл толып отыр. Орда бұзар отыз жастағы құрылым осы уақыт аралығында еліміз тағдырында шуші рөл атқаратын күре тамыр биіктерге қол жеткізді. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған қаншама игілікті істер атқарылды. Билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнатып, ықпалды басқару жүйесін қалыптастырып отырған Парламенті, есеп беретін Үкіметі бар тұжырымға негізделген құрылымда билік пен халық, қоғам арасындағы алтын көпір — депутаттардың бүгінгі таңдағы рөлі қандай? Адамдар құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасауда, әділдік пен заң үстемдігін орнатуда халық қалаулыларының қосып отырған үлесі қандай? Депутаттық мандат иелері мен бұқара халық арасындағы байланыс қандай деңгейде? Осы тұста мәслихат құрылымының жұмыс жүйесі, халық қалаулылары туралы қалам тербеудің де сәті түсіп тұрғандай. Осы орайда республикалық «Айқын» газетінде жарық көрген «Адалдық — адамдықтың белгісі» атты Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөрееваның адал адам туралы аналитикалық мақаласын оқып, сырттай сүйсінгенім есіме түсіп, өзінің де жаны адалдыққа тұнған тұлға туралы жазуға бел будым. Мені өзім сырттай бір көруге құмартып жүрген осы кейіпкер туралы жазуға жетелеген тағы бір себептердің бірі, елдігімізге сын болған «Қаңтар оқиғасы» кезінде бейбіт шеруге бет алған кентаулықтарды ортаға суырылып шығып парасатты сөзімен тоқтатқан ерлікке бергісіз өжет қадамы туралы ауыздан-ауызға тараған әңгіме де құлағымызға жеткен. Айта берсек, Қалыйма Жантөрееваның бойында өзгеге үлгі боларлық ерекше қасиеттер көп. Қиындыққа мойымайтын жігерлі жан 2013-ші жылдың 1-тамызы күні Шардараға іссапар кезінде жол-көлік апатына ұшырап, он төрт жерінен жарақат алып, тар төсекке таңылған ауыр сынақты да жеңіп шығып еді. Алла мұндай қайсар да қайратты мінезді сүйген пендесіне ғана берсе керек. Сондықтан да, бүгінгі күні Түркістан облыстық мәслихатының жетінші және сегізінші шақырылым депутаты, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Түркістан облысының Құрметті азаматы Қалыйма Жантөрееваға жолығып, сұхбаттасуды жөн көрдік. Жасыратыны жоқ, Қалыйма Жантөреева қоғамда «алмас қылыштай» өткірлігімен, тіліп айтар тік мінезімен, қоғамдағы жағдайға бей-жай қарай алмайтын белсенділігімен танылған тұлға. Бұл жолы да мәслихаттық құрылымның жаңа сипатына баға бере келе: «Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бүкілхалықтық референдум жасап, заңға өзгеріс енгізгені, можаритарлық жүйенің қалыптасқаны дұрыс болды» — деп білдірді көзқарасын депутат. — Біріншіден, бұл жүйе депутаттыққа өтіп алып, халықтың алдындағы жауапкершілікке салғырт қарайтындарға тосқауыл болады, мүмкіндік бермейді. Екіншіден, бұрын депутаттыққа тек партиялық тізім бойынша өтетін болса, қазіргі өзгерістерге сай партиялық тізіммен де, халықтық дауыспен де өтуге болады. Мысалы, аудандық депутаттар жүз пайыз халықтың сайлауалды дауыс беруі арқылы, яғни бір мандаттық жүйемен өтеді. Сондай-ақ, депутаттық құрамнан қазіргі таңда жастар мен әйелдерге, мүгедектерге отыз пайыздық квотаның берілуі де оң ықпалын тигізуде. Біз бұл квотаны армандағалы қашан? Мәселен, 2003-2006-шы жылдары жалғыз әйел депутат болса, квота енгеннен кейін әйелдердің үлес салмағы он бірге жетті. Қазір облыстық мәслихатта Инара Намазбаева, Жанар Темірбекова, Күлшат Маликова, Динара Егамбердиева және мен, бес адам бармыз. Әйелдер қауымының мәслихатта болуы ана мен бала, отбасы, ұлттық тәрбие мәселелері талқыланғанда, тереңірек зерттеу жасауға оң әсерін тигізеді. Тағы бір қуаныштысы, қазір халықтың көзі ашылған.Өз хұқықтарын талап ете біледі. Бұрынғыдай «Әйтеуір өтер», — деп сайлауға күдікпен немесе немқұрайлы қарамайды. Тіпті, депутаттыққа үміткерлердің сайлауалды бағдарламаларының тармақтарымен танысып, ұсыныс-пікірлерін білдіріп отырады. Демек, бұл дегеніңіз, біздің халықпен қоян-қолтық, тығыз араласуымыздың белгісі. Халықтың біздерге сенім артқандығының белгісі. Бұл — сайлау мәдениетінің қалыптасып келе жатқандығының белгісі. Ал, жалпы, менің өмірден түйгенім, қоғамда екі түрлі белсенділік бар. Шынайы белсенділік және көзбояушылық белсенділік. Көзбояушылық белсенділіктің бояуы уақыт өте келе ағарып кетеді. Оның суреті (картинасы) көзге ұрып көрініп тұрады. Ал, шынайы белсенділіктің артында фактор бар. Цифрлар бар. Нақты шешілген мәселе тұрады. Міне, осы шынайы белсенділік, халық қалаулысы — депутаттың шынайылығы өз нәтижесін береді. Қырағы халық өз бағасын береді. Депутат — қоғамның белсендісі. Қоғамның белсенді мүшесі. Халыққа пайдасы тиеді. Билік пен қоғам арасындағы — алтын көпір, дәнекер! Мені, екінші рет, сегізінші шақырылымға сайлаған да, таңдаған да, жетінші шақырылымда атқарған еңбегімді, адалдығымды бағалаған, атыңнан айналайын , сүйікті халқым!» — деп ағынан жарылды халқының қанынан жаралған ұлтжанды қыз Қалыйма Жантөреева. Ары қарай жаңа ашылған кітаптай жарқырап, ынтықтырған сыр-сұхбатымыздың тереңінен сыр тартайық! Сүйікті оқырман, келіңіз, бірге сырласайық!