«Жер-ана, шіркін, ғажап қой! Исініп, еміренсе, мейірім-шуағы бүкіл әлемге жетеді. Өзіміз күнде топырағын қарыштап басып жүрген қара жердің асыраушымыз екенін бір сәт ойланып көрдік пе? Осыдан қырық бес жыл бұрын тамырын тереңге жайған Садықовтардың үлкен әулетіне келін болып, табалдырығын аттаған кезде мен де күнде көріп жүрген қасиетті жердің түгін тартса май, егін ексе жайқалған жеміс шығатынын ойланып көрмеген едім. Дәрігерлер әулетінде өскен, тік жүріп, тік тұрған, медициналық білімі бар аққұба ару едік. Ауыл тіршілігінің иісі мұрнымызға да бармайтын. Енді, міне, мейірімді жер-ананы еміп, күнге тотығып, кетпен шауып, егін еккен нағыз диқанға айналдық. Мал төлдетіп, Шопан ата таяғын ұстадық. Өзімізді ғана емес, өзгелерге де жұмыс беріп, халыққа мүмкіндігімізше көмегімізді бергенімізге тәубе дейміз».
Сауран ауданына қарасты Қарашық ауылдық округіне орналасқан «Марал» шаруа қожалығының төрайымы Қайша Садықова бізбен әңгімесін осылайша бастады.
Иә, «Марал» шаруа қожалығының негізі қаланғанына биыл отыз бір жыл. Тәуелсіз елімізбен түйдей құрдас десек те болады. Алғашқы басталған жылдар қиындығын, тәй-тәй басқан қадамдарды «көппен көрген ұлы той» – деп қабыл-дайды отбасы иесі Марат Пәйзатұлы мен Қайша Сапарбекқызы. Ол күндер де артта қалды. Бүгінгі таңда қарамағында гектар-гектар суармалы және жайы-лымдық жері, егістік техникалары бар, шаруасы қалыптасқан, қаншама адамды жұмыспен қамтитын шаруа қожалығы өз жұмысын екі бағытта жүргізеді. Жаз-да егістікпен, қыста мал өсірумен айналысып, көне шаһардың әлеуметтік-эко-номикалық дамуына үлес қосуда. Тек өздерінің ғана емес, түркістандықтардың тоқшылығын да қамтамасыз етуде. Қазіргі таңда екі бірдей балабақшаны сапалы, таза, арзан бағадағы сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Шаруа қожалығының ет өнімдері де түркістандықтар дастарханын толықтыруда. Неғұрлым өнім көбейген сайын бәсекелестіктің артып, сауда нарығының бір жүйеге түсетіні белгілі. Өнім алыстан емес, жергілікті жерден тасымалданатын болса, оның өзіндік құны да арзандайды. Сондықтан да жергілікті шаруа қожалықтарының еселі жұмысының бүгінгі нарыққа қосар үлесі мол.
Ауыл тірлігіне дендеп еніп, ата қоныста шаруасын дөңгелетіп отырған Садықовтар әулетін Түркістан өңірінде білмейтін жан кемде-кем. Өмір бойы кетпені қолынан түспей, колхозда сушы болып адал еңбек еткен Пәйзат атай мен алтын құрсақ Айкүл ананың еңбекқорлығы кімге де болса үлгі еді. Өсіріп отырған ұл-қыздарына айтатын өсиеті де ата қоныстың, туған жер мен ұшқан ұяның қасиетіне келіп ойысатын. Әке тілегі қабыл болды ма, әлде ұшқан ұядан алған тәрбие ме, көп қыздың ортасындағы жалғыз ұлы Марат пен келіні Қайша сүрлеулі соқпақты жалғастырып, бейнеті ауыр, қарым-қайтарымы тек тынымсыз еңбекпен емес, ауа райының, табиғат-ананың жай-күйімен, тағы басқа да толып жатқан факторлармен тығыз байланысты осы саланы таңдады. Таңдап қана қойған жоқ, «тақыр жерге гүл еккендей» жер алып, өз кәсіптерін ашып, осы жолдағы қиын баспалдақтардан сатылап өтіп, бүгінгі дәрежеге қол жеткізді. «Келіні Қайшаның еті тірілігі, келін болып түскен отбасының тіршілігіне бейімделуі, әулеттің дәстүр-салтын құрметтеуі де Маратының бағын ашты. Екеуінің ауызбіршілік, ынтымағына қарап шүкір, тәубе дейтін. Қара шаңырақ, ата қоныс бас иесіз емес. Немерелері Берік пен Серік, Батыр да шаруаға жақын, бейнетқор болып өсті» – деп көңілін тоқ санаушы еді Пәйзат ақсақал. Ақыл-кеңесін айтатын. Ұрпағының ұтымды тірлігін көзбен көріп, ақ батасын беріп кетіп еді, жарықтық. «Батаменен ел көгерер» демекші, «Марал» шаруа қожалығының бейнеті ескерусіз қалып жатқан жоқ. Жыл сайын түрлі марапаттарға ие болып жатады. Сауран аудандық әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткізілген өткен жылғы «Алтын күз» мерекесінде де жеткен жетістіктері үшін Алғыс хат пен бағалы сыйлыққа ие болды. «Даму қарқыны күн санап артып келе жатқан жаңадан құрылған ауданымыздың өсіп-өркендеуіне қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймын» – деп жазылыпты аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың қолы қойылған Алғыс хатта. Жаз бойы арық жағалап, сумен алысып жүріп он екі гектар жерге қарбыз егіп, 300 тонна өнім өткізген болатын. Бұл да еңбектің бағаланғаны. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұсынуымен Алматы қаласына барып «Мейірім» медалін омырауына тағып қайтты. Асыраушысы жоқ, әлеуметтік жағдайы төмен жандарды көрсе, қал-қадерінше көмектескісі келіп тұрады. Өйткені, өзі де ана.
– Жұмыстың ауыры отағасы Марат Пәйзатұлының, көздерін тырнап ашқалы бері осы бейнетті көріп келе жатқан ұлдарым Берік, Серік, Батырдың мойнында. Мен, негізінен, ұйымдастыру, құжаттарды реттеу жұмыстарымен айналысамын. Менің принципім – жұмысты өте таза жүргізу. Мемлекетке төленетін салық, басқа да жарналарды, несиелерді уақытында төлеп отыруды әдетке айналдырғанмын. Жазда – егін. Қыста – мал шаруашылығы. Жыл он екі ай тынбаймыз. Ауыл шаруашылығын игеру оңай емес. Ауа райына, суға, жанар-жағар майға, минералдық тыңайтқыштар мен техникаға тәуелді болатын, несиеге алынған ақшаның қайтарымы болмай, құр тәуекелге бел буып қиындықпен шығатын кездер де бар. Мысалы, көктемгі дала жұмыстары басталатын кезде бес пайыздық өсіммен шағын несие ұйымдарынан алты айлық мерзімге несие алып, жиын-терін біткесін қайтарамыз. Осы каникул уақытын бір жылға созса, тым қатты қиналмас па едік деймін мен де, әріптестерім де. Таяуда осы ауыл шаруашылығы саласында жүрген бір топ кәсіпкер Түркістан облысы бойынша «Шопан ата» агроқозғалыс партиясының төрағасы Әліпбек Бақтыбаевтың бастауымен Сауран аудандық әкімінің орынбасары Бақытжан Бөкебаевтың қабылдауында болып, су қоймасына, су арналарының тартылуына байланысты, тағы басқа да пісіп-жетіліп, шешімін күтіп тұрған мәселелер бойынша ойларымызды ортаға салып едік. Қуанатыным, Бақытжан Кеңесбекұлына айтқан тілектеріміз аяқсыз қалмай, біртіндеп орындалып жатыр екен. Енді шамалы күнде көктемгі дала жұмыстары да басталады. «Ерте қимылдағанның есебі түгел» демекші, дайындықты бастағалы отырмыз,- дейді Қайша Сапарбекқызы.
Ата қонысты қастер тұтып, ата кәсіпті жалғастырып отырған Садықовтардың тіршілігі – береке бастауының ауылда екендігінің бір көрінісі. Қыс бойы ірі қара мал жайымен айналысқан «Марал» шаруа қожалығы енді бір күні жылға азық боларлық көктемгі дала жұмыстарына әзірлікті бастамақ. Іске сәт, диқан қауым!