Адамның бойында тамыр-тамырды аралап жүгіріп тұрған қан болмаса не болар еді? Тіршілік әрі қарай жалғасар ма еді? Қанның кіп-кішкентай түйіршіктері арқылы адам ағзасындағы тіршіліктің қуатын бір-біріне жалғап тұрар өте маңызды тамыр екені бәрімізге белгілі. Одан қала берді, халқымызда жиі айтылатын «Қан тазалығы – тәңірден», «Қан тартады», «Қанына тартпай қоймас» – деген мәтелдер де қанның адам бойындағы ерекше қасиеттерді қалыптастыруда атқарар рөлінен хабардар етеді. Демек, қанның тазалығы – деніміздің саулығы. Бүгін мен күннен-күнге дамып келе жатқан, түлеп-түрленген Түркістанда тұратын қан ауруларын зерттеп-емдейтін қасиетті де сирек мамандық иесі туралы әңгімелемекпін. Ол – дәрігер мамандығын бала күнінен армандап, қиялындағы биік шыңға қол жеткізген, бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласында сәтті еңбек етіп алғысқа бөленіп жүрген Түркістан қалалық емханасының екінші санатты гематолог-дәрігері Ақбота Бекжігітқызы Сердалиева.

Мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов атындағы дарынды балалар білім алатын «Дарын» мектебінің түлегі, Қ.А.Иасауи атындағы ХҚТУ-нің медицина факультетін емдеу ісі мамандығы бойынша тәмамдап қана қоймай интернатурада да білімін шыңдаған Ақбота еңбек жолын «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» орталығына жұмысқа орналасып, еңбек жолын бастаған еді. Адам бойындағы рухани құндылық, жан тазалығы, ең бастысы, сананың тазаруы, әрбір адамның өмірлік позициясы, принциптері мен медициналық емді ұштастыра жүргізу арқылы сауығуға қол жеткізетін орталықта еңбек еткен үш жылда шынықты. Шыңдалды. Талапты, өз ісін сүйетін, ізденгіш қырынан танылды. Сондықтан да, сенімін ақтайтын, қабілет-қарымы жететін дарынды жасты тап басып танитын қырағы көз басшылық қаламызға ауадай қажет гематолог мамандығын меңгеру үшін Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтына оқуға жіберген болатын. Жас күнінен білімге құштар, зерек Ақбота гематолог мамандығын да тез игеріп, сол жылдан бастап қалалық емханада еңбек етуде. Киелі шаһарымыздағы бірден-бір гематолог-дәрігер.

– Біздің Түркістан қаласында гематолог маман мүлдем жоқ. Бір ғана маман. Негізі, гематолог-дәрігер, гематология маманы Қазақстан бойынша өте аз. Үлкен қалаларда санаулы ғана гематологтар бар. Біздің қаламызда бір ғана гема-толог бар. Гематология мамандығы – қан ауруын емдейтін дәрігерлерін дайындайды. Қан ауруларының түрлері өте көп. Оларды бір-бірінен ажыратып үйрену, оларға ем тағайындау үлкен білімді қажет етеді. Өте күрделі, қиын мамандық деп айтсақ та болады.

Осы жұмысқа орналасқалы ұжымдағы әріптестердің, тәжірибелі дәрігерлердің көмегі көп тиді. Олардан алғашқы жұмысқа орналасқан кезде кеңес сұрап, өз практикамда, күнделікті іс-тәжірибемде қолдандым. Сонымен қатар басшылықтың да көмегі өте зор. Мені қосымша оқуларға жібереді. Әлі де жіберіп жатыр. Шымкент, Алматы қалаларындағы көптеген конференцияларға қатысып жүрмін. Өз саламды жетік меңгеру үшін білімімді жетілдіру курстары үлкен көмек беріп жатыр. Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері Тасырбаев Райымбек Берікұлына көп рахмет. Тәжірибе алмасуға, көптеген оқуларға жіберіп тұрады, – дейді ол.

Ақбота Бекжігітқызы айтса айтқандай, Түркістан қалалық емжанасының басшысы Райымбек Берікұлы дәрігер, мейірбике мамандарының білімін жетілдіру, оларға бағыт-бағдар беру, ұжымды адамдар денсаулығын сақтау жолындағы жұмысқа ұйымдастыру бағытында жемісті жұмыс жасап келеді.

Қаламыздағы емханалардың күре тамырындай емдеу орнында білікті де білімді, тәжірибелі, алғыстан алқа таққан өз ісінің мамандары көптеп саналады. Олар үнемі ізденіс үстіндегі, заман ағымымен тең басуды мақсат тұтқан, ізін басып келе жатқан кейінгі толқын – жастарға бағыт-бағдар сілтеуден жалықпайды. Ондаған адам еңбек ететін емхана ұжымындағы абзал жандардың бәрінің есімін шағын мақалада тізіп шығу мүмкін емес. Бір ғана нәрсе анық. Олар таңның атысы, күннің батысы адамдар денсаулығын сақтау жолында еңбек етеді. Сол абыройлы ортада осында еңбек еткен оншақты жылда уақыт өткен сайын тәжірибесін шыңдап келе жатқан Ақбота да бар. Адам жанының арашашысы. Ақ желеңді абзал жан. Денсаулық сақшылары. Алғыстан алқа таққандар. Міне, осы мағынасы терең, адам жанына жылылық құятын сөздердің бәрі халықтың дәрігерлер қауымына айдар тағып қойған аттары. Сонау бала кездегі кекілі желбіреген Ақботаның дәрігер мамандығына құштарлығын оятып, арманына қанат бітірген де – осы мамандық иелерінің адамдар денсаулығын қорғаудағы осы шапағат шашар, өмір сыйлайтын мәртебелі еңбегі болса керек. Сондықтан да, Ақбота алдыңғы толқын аға- апаларын өнеге тұтудан жалықпайды. Үнемі іздену оның қызметінің бір бөлшегі десе де болғандай.

– Гематологиялық аурулармен ауыратын науқастар туралы қажет болған жағдайда Шымкент қаласындағы әріптестеріммен, гематолог-дәрігерлермен ақылдасып, кеңес алып тұрамын, – деп жалғастырды сөзін Ақбота.

– Гематолог ретіндегі халыққа кеңесім – гематология ауруларының ішінде халықта ең жиі кездесетіні – анемия, яғни қанның аздығы. Оның алдын алу бала кезден бастап иммунитетті дұрыс қалыптастыру, дұрыс тамақтанып үйрену, құнарлы тамақтану. Салауатты өмір салтын ұстану. Зиянды әдеттерден аулақ болу. Өз-өзіне диагноз қойып, өз бетінше емделмеу. Дер кезінде маманның кеңесіне жүгіну. Дәрігерлік ұсыныс- кеңестерді орындау. Нұсқаулықпен берілген дәрілерді уақытылы ішу. Осының барлығы науқастың дұрыс жазылуына көп септігін тигізеді, – дейді гематолог-дәрігер.

Медицина ғылымында өзекті саналатын гематология саласы туралы әңгіме қозғаған соң, көпшілікке желілік дереккөздерден алынған осы бағыттағы ақпараттармен бөлісе кетсек дейміз. Біле жүргеннің артықтығы жоқ, қашанда.

Гематология – қан және қан түзілу жүйесі, олардың құрылысы, қызметі, аурулары, осы ауруды емдеу туралы ғылым; медицинаның бір саласы.

Гематология қан клеткалары мен қан жасаушы органдардың эмбриогенезі, морфогенезі және олардың физиологиясының мәселелерін, қан плазмасы мен сарысуының қасиеттерін, Гематологияға жатпайтын аурулардағы қан түзілуінің өзгерістерін зерттейді. Қазақстандағы Гематология саласындағы зерттеулер 1960 жылдан бастап жүргізілді. 1962 ж. Республика қан құю ст-ның жанынан гематология бөлімше ұйымдастырылды.

Анемия (қан азаюы), геморрагиялық диатез (қанталап қызару) себептері, патогенезі (дамуы) және оларды анықтау жолдары және лимфома құрылысындағы ерекшеліктер анықталып, ісік клеткасында зат алмасуы, лимфомалардың клиник. белгілері зерттелді. Кейбір анемия түрлерін емдеу әдістері табылды. Гематологияның қан жүйесінің-гемобластоздар (олардың ішінде лейкоз), анемия, тромбоцитопатия және геморрагиялық диатезді зерттейтін клиник. Гематология; радиоактивті сәулелердің әсерінен болатын қан түзілу өзгерістерін зерттейтін радиол. Гематология; қан белоктары мен клеткаларының антигендік қасиетін, қарсы денелер және иммундық факторлардың әрекеттерін зерттейтін иммундық Гематология бөлімдері бар. Гематологияонкология және трансфузиологиямен тығыз байланысты. Қазіргі Гематологияда сүйек майын, бауырды, талақты, лимфа түйіндерін цитохим, цитогенетик, авторадиогр, тексерулер және т.б. әдістер кеңінен қолданылады.

– Медицина саласы бір орында тұрмайды. Үнемі ізденуді талап етеді. Мен көбінесе жүкті әйелдермен жұмыс жасаймын. Қан талдауларындағы біршама өзгерістерді көремін. Олардың себебі қан аурулары болуы мүмкін. Менің дәрігер ретіндегі миссиям – гематологиялық ауруларды ерте кезден анықтап, диагностикалап, олардың емін дұрыс тағайындау. Пациенттердің сауығып кетуіне өз үлесімді қосу, – дейді гематолог-дәрігер Ақбота Сердалиева.

Жаны да, өзі де нәзік, ісі де, сөзі де өткір жауқазындай жастың бойынан көздеген мақсатына жетер жігер көрдім. Адамдар денсаулығын, соның ішінде ана мен баланың саулығын қорғауда алар асу, бағындырар биігіне жететіне де кәміл сендім. Емің шипалы, еңбегің жемісті болғай, дегдар дәрігер!

 

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.