«Елу жыл күлкі сыйлаған бұл кім?» – дерсіз, әлеумет? «Күлкіні де сыйлай ма екен?» – деген ой да қылаң беруі мүмкін. Жалпы, өмірді күлкісіз көзге елестету мүмкін емес.
Міне, осы күлкі әлемінің бір ұшы әдебиеттегі сатира жанрымен тікелей байланысты. Қазақ сатирасын сөз еткенде, осы ерекше де қиын жанрдың бастауында тұрған Оспанхан Әубәкіров ағамызды еске аламыз. Сондай-ақ, «жатыпатар әзілдерімен» жан жадырататын Шона Смаханұлы. Кешегі күні ғана дүниеден өткен, айналасын күлкіге көміп отыратын Көпен Әмірбек ағамыз. Сараптай келсек, әзіл-сықаққа қалам тартқан, қалам тартып жүрген сатира сарбаздары саусақпен санарлық екен. Осы аға буын өкілдерінің ізін басып келе жатқан, сатира жанрын өмірінің мәніне айналдырып, өндірте жазып, «Мистер Мұхтар» атанып жүрген Мұхтар Шерімнің халқына күлкі сыйлағанына биыл 50 жыл толыпты.
Қаламгер шығармашылығындағы осы айтулы оқиғаға орай кешегі күні, сәуірдің 1-жұлдызы «Күлкі күнінде» түркістандық көрермен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, республикаға танымал жазушы, ақын, сатирик, замандас әріптестерінің тілімен айтар болсақ, «күлкінің күбісін пісіп», «әзілдің қымызын ішіп» жүрген, «тілі – тікен», «аузы – от», «сөзі – орақ», күлкіні ұнататын, сатираны ұнатпайтындарды «бір удар» беріп құлататын, дос-жарандар арасында «Күлкі генералы» атанған Мұхтар Шеріммен Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрында өткен «Ән-Әзіл» кешінде жүздесті.
Кеште Мұхтар Шерімнің «Құдағи құшақтай береді» шығармасынан үзінді қойылып, сахна төріне кеш кейіпкері Мұхтар Шерім шақырылды. Шығармашылығына жарты ғасыр толып отырған сатирик ізгі ниетін қысқаша білдіріп, көрермен қауымға «Астанада сиыр жүр» сықағын оқып берді.
«Күлкі күнінде» түркістандықтарға шынайы күлкі сыйлаған шығармашылық кеште сатира сайыпқыранының шығармаларына құрылған интермедиялар мен қойылымдар қойылып, көрерменді қыран-топан күлкіге батырды. ҚР Мәдениет қайраткері, әнші, сазгер Құралай Сәтмұхамбетова «Ауылға барам» әнін орындап, сағынышты көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, Райымбек Сейтметов театры жанынан құрылған «Тарлан» вокалды-аспапты эстрадалық ансамблінің орындауындағы жанды музыканың әсері де, сиқыршылардың құпиялы қойылымы да сахнаға өзгеше жан бітірді. Театр әртістері Шәкен Амантұров пен Нұржан Ізтаев та Мұхтар Шерімнің шығармасынан сахналық қойылым қойып, өздері орындап жүрген сәтті туындылары үшін алғыс білдірді. ҚР Мәдениет қайраткері Абылайхан Оспанов көрермен көзайымына айналған пародиялық композицияларын орындап қана қоймай, кеш кейіпкерінің басынан өткен қызықты оқиғаларды әңгімелеп, естеліктерімен бөлісті. Өзге де өнерпаздар әннен шашу шашып, кеш көрігін қыздырды.
Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев сөз сөйлеп, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың қаламгерге арнаған құттықтау хатын табыс етіп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.
Сондай-ақ, Шым қаладан «Ән-Әзіл» кешіне арнайы келген Қазақстан Жазушылар Одағының Шымкент филиалының төрағасы Момбек Әбдәкімұлы, жазушы, ақын-сатириктер Захардин Қыстаубаев, Есқара Тоқтасын, Сабыржан Олжабай, Иса Омар, Қабыл Дүйсенбі сынды қаламгерлер қауымы өздерінің қатысуымен, ойлы, орынды сөздерімен кеш салмағын арттыра түсті.
– Мұхтар Шерім әдеби тұрғыда қатып қалған шеңберден шығып, өзінің дара жолын, сара жолын салған сатирик. Өте қарапайым, кім болса да түсінетін тілмен жазады. Кезінде «Тамаша» ойын-сауық отауының да белсенді авторы болған, – деді сөйлеген сөзінде Қазақстан Жазушылар Одағы Шымкент филиалының төрағасы Момбек Әбдәкімұлы.
– Мұндай игі істі киелі жер – Түркістан бастап берді. Әлбетте, сен бақытты жансың. Сенің қандай бақытты екеніңді көріп отырмыз. Бір ғана мысал. Сахнада тұрып жанды музыканы көрмегенімізге қаншама заман. Одан қала берді Түркістанның төрінде кеш өткізу бақыты кез келген жанға бұйыра бермейді. Сондықтан осы кештің өтуіне атсалысқан театр ұжымына, демеушілерге алғысымыз шексіз, – деген жазушылар қауымы сый-сыяпаттарын ұсынды. Бақытжан Ешенқұл да шапан жауып, тілегін айтты. Мұхтар бауырымыздың өскен елі Бәйдібек ауданы, Шаян ауылынан келген бір топ өкіл шағын интермедия қойып, тілектестіктерін білдірді. Сондай-ақ, Түркістан қаласынан сазгер, ұстаз Бекжігіт Сердәлі, Қазақстан Жазушылар Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым әріптеске шығармашылық табыс тіледі.
«Кешіріңіз, сіз есек емессіз!», «Талтайып тұрғым келеді», «Ымбап-па-а», «Быт-шытыңды шығарамын!» деген атаулармен аталған төрт томдықтың, «Қашқандар мен қуғандар», «Бюрократпен қоштасу», «Құдағи құшақтай береді», «Қисық шеге» атты шығармалардың авторы. Тілі уытты, кейде ойнақы, кейде ащы сарказмға толы көрнекті сатирик Мұхтар Шерімді аз-кем сөзге тарттық:
– Сатираға құмарлығым бала кезімнен басталған десем болады. Кезінде қызық қазақ ертегілерін сүйіп оқыдым. «Ертөстік», «Қылкеңірдек», «Тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек» сияқты ертегілерді оқып, сегізінші сыныптан бастап алғашқы әңгімелерімді жаза бастадым. Негізі, сатираға өте құмар болдым. Сатираға ғашықпын. Сатираны барлық уақытта бәрінен биік қоямын. Ал, жалпы, марқұм Оспанхан Әубәкіровты және түрік сатиригі Әзиз Несинді өзіме ұстаз санаймын. Сатира – қиын жанр. Сатираға келу үшін тума талант болу керек. Бұл Алланың берген құдіретімен, қалауымен келетін нәрсе. Сатира жанрында жүрген адамдар қазір аз. Сатираның негізін салған ағалардың біразы кетіп қалды. Дегенмен, алдағы уақытта мықты-мықты сатириктер дүниеге келеді деп ойлаймын. Жақында «Ұрының қатыны» деген сатиралық романымды жазып бітірдім. Соны жарыққа шығарсам, арманым сол», – дейді қаламгер.