Инара Намазбаева! Түркістандықтарға оның есімі қай жағынан таныс? Инараның есімі аталғанда, ең алдымен, еліне елеулі, халқына қалаулы арда азамат Әбдіғаппар аға Шәймерденовтің есімізге түсетіні заңдылық. Өйткені, Инара еліне, жұртына қалтқысыз қызмет көрсетудің, қайырымдылықтың үлгісі бола білген және өмірін осы мақсатқа арнап өткен меценат, бизнесмен азаматтың игілікті ісін, салып кеткен соқпағын сәтті де табысты, заман ағымына қарай жаңаша реңкпен, жаңа бағытпен жалғастырып келе жатқан жақсының көзі, алтынның сынығы, асылдың тұяғы. Әдетте қазақ халқында әкеден қалған мұраны, тұғырлы тізгінді ұл балаға телитін ұғым бар. Бірақ, бұл орайда да, қай нәрсені болсын «жеті өлшеп, бір кесетін» Ғаппар ағамыз таңдауынан жаңылмапты. Арнайылап, «Осы перзентім жолымды жалғастырсын», – деген түп-қазықты шешімге келмесе де, бала күнінен ізденгіш, жаңалыққа құмар Инарасы әкесінің маңдай тер, зор бейнетпен жүзеге асырған ісін ең әуелгі бағыт-бағдарын, саласын өзгертпей, дамытып, өркендетіп, заманауи қалыпқа түсіріп табысты жүргізіп келеді. Бүгінде бизнесті «Ғаппардың қызы» болып бастаған Инара тек Қазақстанның ғана емес, шетел кәсіпкерлер әлеміне кеңінен танымал «Бизнес ханшайымы Инара». Ердің ері, нардың нары көтерер салмағы ауыр жүкті жанұяда алған тәлім-тәрбиемен, жан-жақты біліммен қаруланған шынашақтай қазақ қызы қайыспай көтеріп келеді. Бұған қалай таңданбайсыз? Қалайша сүйсінбейсіз! Әуел бастағы ата-анасының тұлымшағы желбіреген балапандарының ғылым мен білімді игеріп, оқымыстылар көшіне қосылса деген арманы да орындалып, Инара Алматы қаласындағы мемлекеттік басқару академиясында, ҚР Ұлттық ғылым академиясының экономика институтында оқыды. Білімдері көк тіреген ұлы ғалымдардан тағылым алды, үлкен зерделі ортадан тәлім алды. Соның арқасында экономика ғылымдарының кандидаты, МВА Магистр Академиялық дәрежесіне, іскерлік әкімшілік магистрі дәрежелеріне қол жеткізді. «Менің өмірдегі негізгі бағытым – ғылым әлемі. Тұрғылықты мекенім – арман қала Алматы болар» – деп ойлайтын өзі де. Керемет үлкен ортаны, өзі сабақ беріп жүрген шәкірт студенттерін, жоғары оқу орнындағы оқытушылық қызметін, жастық шағын бірге өткізген достарын тастап, Түркістанға қоныс аудару үш ұйықтаса түсіне кірген емес. Алайда, адамзат баласының өмірінде өзің де болжап білмейтін өзгерістер болып жататыны белгілі. Бұған дейінгі Ұлыбританияда Рединг университетінде, Еуразиялық зерттеулер орталығында, Алматы халықаралық Бизнес университетінде алған білімдері мен тағылымдамаларының, өз бетімен оқып-ізденген әдебиеттердің бүгінгі атқарып отырған кәсібіне бастаған баспалдақ екенін енді ғана пайымдап жүр. «Қуаныш» ЖШС-де төраға орынбасары болып қызмет істеген бірнеше жыл әкесі Әбдіғаппар Шәймерденовтің жанында жүріп, іскерлік ортаға араласуы, осының бәрі – бүгінгі жемісті еңбекке салынған сара жол.
ӨМІР МЕКТЕБІ
Инара Әбдіғаппарқызының әкесінің табиғатына, болмыс-бітіміне байланысты таң қалатын, ешбір жауабын таппайтын, ойынан бір шықпайтын тағы бір құбылыс бар. Ол – мына жағдай. Әбдіғаппар Шәймерденұлы ата-анадан ерте жетім қалып, аға-жеңгесінің қолында тәрбиеленіп, жұбайы Дүйсенкүл Жамболқызын да сол шаңыраққа түсірген екен. Бауырлар тарапынан қаншалықты қамқорлыққа бөленсе де, ата-ана мейірімі мен жылылығының орнын ешкім толтыра алмайтыны анық. Бала күнінен тырмысып білім алып, қара бейнетпен нанын тауып қаншалық қиындық көрсе де, оның жүрегінде адамдарға деген мейірімнің сақталып қалуы, кез келген нәрсенің, кез келген адамның бойынан тек жақсы жағын көру, мына ұлан-ғайыр даламыздай кең пейілі, тағдырына ешбір өкпе айтпай, қандай қиындықты да сабырмен қабылдауы таң қалдырады. 2015 жылдың наурыз айында бүкіл түркістандықтарды есеңгіретіп кеткен өрттің кезінде де соншама ашынып тұрған халықтың алдына сескенбей шығып, басу айтып: «Бәрі орнына келеді. Ең бастысы, бас аман. Адам шығыны жоқ. Орындарыңыз сақталады. Өтемақы төлейміз» – деп сөйлеп жатқанда, «Қалай орнына келеді?» – деп өзегі өртене ойлаған еді Инара. Алланың құдіреті шексіз. Өте үлкен қажырлы жұмыстың арқасында он айдың ішінде бәрі де орнына келді. Әкесі өзі өсиет етіп айта беретіндей, сөзінде тұрды. Сүйікті халқы да қаншама қиналып тұрса да, сүйікті ұлының бір ауыз сөзіне тоқтады. Алдында осындай ұстазы, тәлімгері бар адамның осындай өмір мектебінен өткен жанның осал болуы мүмкін бе? Осы орайда Инара Әбдіғаппарқызының анасы Дүйсенкүл Жамболқызы туралы ой тарқатудың да реті келіп тұр. Халқымызда: «Әр жақсы еркектің артында жақсы әйел тұрады» – деп қалыптасқан ұғымға сүйенер болсақ, ұзақ жылдар бойы партия саласында қызмет етіп, қаланың қоғамдық өміріне белсене араласқан Дүйсенкүл апамыз, тек отбасындағы бала тәрбиесіне ғана емес, жалпы қоғамдағы жастар тәрбиесіне, сол тәрбиенің бастау көзіндей әйел-аналар тіршілігіне көңіл бөліп, қамқорлық танытқан еселі еңбегін түркістандық қауым жақсы біледі. Кезінде Түркістан қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы бола жүріп, құқық қорғау орындарымен, білім саласының қызметкерлерімен, ата-аналармен бірлесе отырып өткізген рейдтік жұмыстарының оң нәтижелерін көпшілік ұмыта қойған жоқ. Осындай асыл ана мен Әбдіғаппар ағамыздай парасат иесінен тәлім алған Инараның басқаша болуы мүмкін емес. Инараның жаймашуақ жылы жанарынан, ашық мінезінен Дүйсенкүл Жамболқызынан дарыған аққұба жүзі мен тектілігін байқадық.
«Бизнес әлеміндегі ерекше бағаланатын ең басты қағида – серіктестік сенім. Серіктестік бедел-абырой. Бұл әлемдегі сіздің абыройыңыз іскерліктен де бұрын адалдықпен, уәдеге беріктікпен, бір-біріңе деген сеніммен өлшенеді. Сенімнен бір шығып қалсаң, өмір бойғы қасықтап жинаған абырой-беделіңнен бір сәтте айрылдым деп есепте. Менің әкем де осы өсиетті көп айтатын. «Уәде берме. Бердің бе, орында. Бірақ, уәде бермес бұрын барлық мүмкіндігіңді сараптап, екшеп ал» – дейтін. Мен де осы ұстанымды бағалаймын. Өйткені, өмірде кездеспей тұрмайтын сындарлы сәттерде мен әкемнің өзі жүрген ортасындағы адами абырой-беделін, бизнес серіктестерінің шексіз сеніміне ие екендігін көзіммен көрдім. Мөрі бар бір жапырақ қағазға емес, әкемнің алтынға татырлық бір ауыз сөзіне сенім білдіріп, қыруар жұмыстардың атқарылғандығының куәсі болдым. Сондықтан да мен іскерлік беделді, кәсіпкерлік беделді «СКВ – свободно конвертируемая валюта» – деп бағалаймын. Бұл сөздің құндылығын, бағасын кәсіпкерлікте, бизнес әлемінде жүрген азаматтар жақсы біледі. Екінші, бизнеске бет бұрған адам ізденуден жалықпау керек. Заман ағымымен аяқты тең басу үлкен рөл атқарады. Үшінші, бизнесті елімізде бекітілген заңға сәйкес таза, адал жүргізу, салықтан қашпай уақытында төлеу, өз құқығыңды білу маңызды. Кәсіпкерлік сауаттылық, мемлекет тарапынан жасалып отырған жеңілдіктерді жүрексінбей, ұтымды пайдалану да бизнесті дамытудың таптырмас алғышарттары. Мен мұның бәрін кәсіпкерлікке қадам басқан жастардың керегіне жарап қалар деген ниетпен айтып отырмын» – деді Инара Әбдіғаппарқызы бізбен әңгімесінде.
Бүгінгі таңда табысты кәсіпкер Инара Намазбаеваның біздің қаламыздың сауда әлемінің жүрегі «Қуаныш» ЖШС-нің директорлық тізгінін ұстағанына да бес жылдың жүзі болыпты. Қат-қабат тірлікке, қарбаласқа толы базар ұжымын басқарудың күрделі екендігі айтпаса да түсінікті. Мінекей, осы жолда шыңдалған жап-жас Инара қазір толысқан, әлемдік кәсіпкерлерден тәлім алған жеке тұлға. Облыстық мәслихат депутаты. Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы. Қайырымдылық пен мейірімділік жүрегіне тұнған, демеушілік жасауды шын көңілден жасайтын меценат. Біз барған күні Инара Әбдіғаппарқызының АҚШ-тың Чикаго қаласынан оралып тұрған беті екен. Мұхиттың аржағындағы қандас бауырларымыз, қазақ диаспорасы арнайы шақырып, киелі қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып жүрген кәсіпкер аруды «Алғыс хатпен» марапаттап, құрмет көрсетіпті. Жаңа жыл алдындағы қарбалас, қат-қабат тірлік. Бірі құжатқа қол қойғызып, енді бірі басқа да өтініштерін айтып жатыр. Облыстық әкімшілікте өтетін ҚР мемлекеттік қызметкерлер агенттігінің жиналысына да үлгеру керек. Бәрінің үдесінен шығу да оңай емес. Сол себепті де әрбір күннің жұмыс кестесі мұқият жоспарланады. Алдына келген әрбір адаммен ыждаһатпен сөйлесіп жатқан Инара Әбдіғаппарқызының уақытын алмайық деген ниетпен шұғыл қоштасып, көпшілікке қуаныш сыйлайтын «Қуаныш» ЖШС-нен біз де ұзай бердік. Жүрегімізде туған елі, туған халқы үшін аянбай жемісті еңбек етіп жүрген іскер де жігерлі қызға деген мақтаныш сезімі тулап бара жатты.