Кейіпкеріміз – киелі Түркістан қаласының мəдениетін көкке көтерген, саналы ғұмырының қырық төрт жылын осы салаға арнаған, еңбек жолын би əлемінің сиқырлы сырын жастарға үйретуден, яғни ұстаздық қызметтен бастап, қалалық мəдениет бөлімінің басшысы деңгейіне дейін өскен, осы жолда шынығып, шыңдала келіп, қасиетті қаланың қоғамдық ісінің басы-қасында игілікті іс атқара жүріп қайраткер биігіне көтерілген Ұлжан Əбенқызы Мұстафаева.
1.«САРЫ АЛТЫНЫМ = САРҒАЛДАҒЫМ»
Адамзат баласының бойындағы асыл қасиеттің əкенің қанымен, ананың ақ сүтімен даритынын ескерсек, халқына қалаулы, еліне елеулі, Ұлы Отан соғысының ардагері, қанды қырғынға он сегіз жасында аттанып, Жапон соғысын, соғыстан кейінгі қалыптасу кезеңін бастан өткеріп он жылдан кейін елге оралған Əбен ақсақал мен ауыл-аймақтың ақылшы анасы атанған, тоғыз перзентті дүниеге əкелген алтын құрсақ Сұлухан анамыздан тараған ұрпақтың мейір-шапағатты, өнерлі де білімді болмауы мүмкін емес те еді.
Ата-ана үшін барлық бала бірдей. Алайда, перзенттің арасында да өзгеше мейірімің түсіп тұратын ерекшесі болады. Азан шақырып қойған Ұлжалғас деген есіміне сай үш қыздан кейін соңынан ұл ергендіктен бе, əлде өзінің құлыншақтай тыным таппайтын сүйкімді мінезінен бе екен, Əбен атамыз жасынан өнерге құштар осы қызын «Сары алтыным-сарғалдағым» деп атын да атамай, еркелетіп өсірді. Əке балаға сыншы. «Дүние жүзіне менің атымды осы сарғалдағым шығарады», деп мақтан тұтқан үміті де ақталды. «Баласы атқа шапса, əкесі тақымын қысады» демекші, «сары алтынының» өнердегі əрбір жетістігіне жүрегі жарыла қуанып, марқаюшы еді. Ұлжан Əбенқызы шетелдерде өнер көрсетіп келіп, елде есеп беру концерттерін қойғанда, жасырынып барып, елеусіздеу жерде отырып, перзентінің өнерін тамашалайтын.
Ата-ананың осындай шексіз сүйіспеншілігіне шомылып өскен Мұстафаевтар əулетінің осалы жоқ.
Шамамен 2003-2004-ші жылдары болу керек, ҚР мəдениет қайраткері, Түркістан қаласының құрметті азаматы, Түркістан қалалық əйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Əбенқызы Мұстафаеваның анасы Сұлухан əжеміздің Ясауи кесенесінің жанында наурыз мерекесіне орай өткізілген жиында көкпарға дайындалған кермедегі тыпыршып тұрған тұрған тұлпарға қарғып мініп, қамшысын үйіріп шаба жөнелгенін көрген едік. Сол кездің өзінде сексенді алқымдап қалған кейуананың ат құлағында ойнаған намысшыл қазақ қыздарының келбетін көзге елестеткен шалт қимылына қатты таңданған еді көпшілік.
Дүбірді естісе делебесі қозатын сəйгүлікпен ақ жаулығы желбіреп құйғытып бара жатқан Сұлухан анамыздың батылдығына сүйсінбеу мүмкін емес еді.
«Қан тартады», «Тегіне тартқан-текті болар» деген сөздің жаны бар.
Халықтық дəстүрге берік, ұлттық қасиеттерді бойына жиған арқалы анамыздың бірбеткей, өжет, қай істі болсын жеріне жеткізбей тынбайтын табанды мінезін Ұлжан Əбенқызының бойынан көргендей боламын.
Дегенмен, бүгінгі əңгіме Ұлжан замандас туралы. Менің есіме өткен жылдың көктемінде Қ.А.Иасауи атындағы ХҚТУ- нің Мәдениет сарайында өткен, әлі күнге дейін дүбірі басылмай ел аузында айтылып жүрген , Түркістан жұртшылығын дүр сілкіндірген «Би патшалығының падишасы» атты бенефис-шоу түсіп отыр . Сегіз жүз орындық зал лық толған бұл күнгі кеш, еркін форматта, жаңаша үлгіде, жаңа леппен, ерекше серпінмен өткізілген өнер мерекесі болды. Халық əнінде айтыла беретіндей, талшыбықтай бұралған бір қалыптан шыққандай он алты қыз аспан түстес жібек көйлектері толқынданып сахна төріне шыға келгенде, көрермен көпшілік бір сəтке демін ішіне тартып, іле-шала дуылдата қол соқты…
Ерекше талғаммен іріктелген концерттік номерлердің бəрін бөле-жара айтып, бір мақала ауқымында тізбелеп шығу мүмкін емес. Періштедей пəк жас бүлдіршіндердің де, Ұлжан Əбенқызының Бақытжандай бауыры мен келінінің де, ұл-қыздарының да, жауқазындай жайқалған немерелерінің де көрермен көзайымына айналған өнерлерін тамашалап, тебірене тəнті болдық.
Бір сөзбен айтқанда, бұл бір мақтангершіліктен, мақтау-мадақтаудан ада əдемі кеш болды.
2. КӨРЕРМЕННЕН ГҮЛ ЖАУҒАН КҮН
Ұлжан Əбенқызын Түркістан жұртшылығына таныстырудың қажеті жоқ. Саналы ғұмырының ширек ғасырын көне шаһардың «дала сахнасы» – Есімхан алаңында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырумен өткізген іскер басшыны еңбектеген баладан еңкейген кəріге дейін біледі. Қыстың қақаған суығында, күзгі, көктемгі жауын-шашында, шіліңгір шілде, аптап ыстықта, қолында дыбыс күшейткіш, жүздеген жастардың басын қосып, дайындық өткізіп шапқылап жүрген Ұлжан Əбенқызының келбетінің көптеген көңілдерде жатталып қалғанына күмəн жоқ.
Осы уақыт аралығында өз деңгейінде өткізілген іс шаралардың есебі жоқ. Бір ғана Түркістанның 1500 жылдық тойының мəдени шараларын өгіздей өрге сүйреп, алыс-жақыннан келген жұртшылық аңызға айналдырып айтып, бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған Есімхан алаңында теңіздей толқып билеген бишілерді айтсақ та жеткілікті. «Түркістанға барсаң, бишімін деме» деген мəтелдің де Ұлжан Əбенқызына тікелей қатысы бар. Халқымыздың би өнерін көкке көтерудің шын үлгісі. Енді бір қызығы, Ұлжан Əбенқызының зейнеткерлікке шығуымен бірге Есімхан алаңының да көркі өзгерді.
Ал, қашанда тыным таппайтын Ұлжан Əбенқызы басқа да қоғамдық жұмыстарымен бірге «Белсенді өмір сүру орталығында» алпысты алқымдап, жетпістің жалын тартқан əжелерді би өнерінің қыр-сырына баулып жүр. Жоғарыда сөз еткен бенефист-шоуда осы «Əжелер ансамблі» əлем халықтарының биінен попурий орындап, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Əжелерін мақтан тұтып, «жанкүйер» болған немерелер «биші əжелерінің» құшағын гүлге толтырды.
Осы орайда сəл ғана шегініс жасасақ. . Аталмыш бенефист-шоуға құдайы көршілерім, атақты өнер тпрланы, ҚР мəдениет қайраткері, Нұрғиса Тілендиев, Мыңжасар Маңғытаев, Ескендір Хасанғалиев сынды өнер саңлақтарының үзеңгілес досы Асқар Жақыпбековтың жары Ақботамен, ұлы Ерлан, келіні Самалмен бірге бардық. Университет қалашығының қақпасынан еніп, Мəдениет сарайына жақындағанда, автотұрақтан көлігімізді қояр жер таппай жүріп қалдық. «Япырай, облыстың активінде де мұндай көлік шоғыры болмаған шығар», деп əзілдеп жатырмыз. Ішке енген соң да орын қарастырып, зорға орналастық. Осындай болмашы көріністерден-ақ бұқара халықтың өнерге, сол күнгі кеш иесіне деген сүйіспеншілігін аңғардық.
Тағы да сол күні. Қоғамдық көлікте гүл сатушы танысыммен жолығып қалдым.
«Əпке» деді ол амандық-саулықтан соң. Бүгін қалаға қандай əртіс келіп жатыр? Сіз, əйтеуір, жаңалықтың басы-қасында жүресіз ғой» дегені. «Жайша?» дедім таңданып. «Өзіңіз білесіз, менің гүл сатумен айналысқаныма біраз жыл болды. Жəй күндері саудамыз жүре қоймайды. Сегізінші наурызды асыға күтеміз. Өнер адамдарының концерті болса, қуанып қаламыз. Бүгін таң атқалы гүліміздің саудасы жүріп, мəз болып қалдық. «Апырай, Түркістанға келіп жатқан кім болды екен? Атасына рахмет» деп жатырмыз» дейді. «Сіңлім, ешкім де келіп жатқан жоқ. Түркістан өңіріне, оның мəдениетіне еңбегі сіңген Ұлжан деген апаң бар. Бүгін Мəдениет сарайында кеші өтеді. Уақытың болса, кел» дедім. Бір ғана мысал. Күнде көріп жүрген оқиға.
Дегенмен, көп нəрсені аңғаруға болады. Шын мəнінде кеш барысында көрерменнің шексіз ілтипатының белгісіндей алқызыл гүл шоқтары Ұлжан Əбенқызының құшағын ғана емес, тұтас сахнанытолтырғандай еді.
Би патшалығы падишасының жарты ғасырлық өнер жолын бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Мен тек күні кеше болған, Түркістанда бұрын-соңды болмаған бенефист-шоудың аясында əңгіме қозғадым.
Журналистік мамандығыма байланысты Ұлжан Əбенқызын ширек ғасырдан бері біледі екенмін. Қала көлемінде өткізілген қаншама істің басы-қасында бірге жүрдік. «Арбат» алаңында ресми қонақтарды күтіп шаршаған күндердің есебі жоқ. Біз ақпарат саласында, ол кісі – мəдениетте.
Қаншама елдің айдай аруының басын қосқан халықаралық «Тұран аруы», республикалық «Батаменен ел көгерер» байқауларының дақпырты қыр асып жатты. Қазіргі тілмен айтқанда, қаншама жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып жатты. Сондықтан да болар, Қазақстанның халық əртісі, театр тарланы Райымбек Сейтметовтың дуалы аузымен айтылған «Түркістанның мəдениет министрі» деген атағы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бетінен тақырып болып орын алып, Үмітхан Алтаева əріптесіміздің қаламынан төгілген мақала туындап еді.
Қазіргі таңда мың адам қосылып, бір мезгілде əн айтып, би билеп «флеш-моб» өткізу дəстүрге айналды. Ал, бұл жаңалықты Ұлжан Əбенқызы арнайы ат қойып, айдар тақпаса да, сона-а-у 2000-ші жылдары-ақ Есімхан алаңында жүздеген адамның басын қосып билеткенде-өмірге енгізіп қойған.
Ұлттық құндылықтарымызды, рухани байлығымыз бен мəдениетімізді сақтай білу – ұлт келешегінің кепілі.
Жалпы, өнердің бақ құсы əркімнің-ақ басына қонуы мүмкін. Бірақ, соны ұстап қалып, халықтың игілігіне жарату кез-келген жанның қолынан келмейді. Сондықтан да, қолда бар алтынды көзі тірісінде бағалап, құрмет көрсеткенге не жетсін! Осындай ардагерлеріміздің өмірлік тəжірибесі-таптырмас қазына. Кешегі бенефист-шоудың негізгі мақсаты да ұлттық өнерді насихаттау, жастарға бағыт-бағдар сілтеу. Тұла бойында өнер тұнған тұлғаны дəріптеп, құрмет көрсету арқылы «Өнер» атты əлемнің туын биіктету болса керек. Туған жердің тума таланттары бағаланған кешті ұйымдастырушыларға мың алғыс!
Мəдени іс-шара аяқталып, көпшілік тарап жатқанда ақ жаулықты əжелеріміздің бірінің гүл шоқтарын жинастырып тұрған балаға: «Бір тал гүліңді бері лақтыршы. Немереме де Ұлжанның өнері, бақ жұлдызы жұғысты болсын!» дегенін естіп қалдым. Ерсі көрмедім. Атам қазақ мұндайда: «Теберік» деуші еді ғой.