Қазіргі таңда 2 миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысында 50-ден аса этнос өкілдері бір-бірімен жарасып, бейбітшілік пен ынтымақта өмір кешіп, түрлі салада еңбек етіп, кәсіптерін жүргізіп жатқандары белгілі. Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің мәліметінше, облыстық ассамблея құрамында облыстық, аудандық деңгейдегі 34 этномәдени бірлестік пен Ассамблея жанындағы құрылымдардың – «Қоғамдық келісім кеңесі», «Аналар кеңесі», «Ғылыми-сарапшылық топ», «Медиация» кабинеті және «Журналистер мен блогерлер клубы» ел бірлігін нығайту, бірлесіп жұмыс жасау жолында атқарып жатқан шаруалары орасан.
1 мамыр — Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесіне орай, арамызда татулығы мен ауызбіршілігі жарасқан бірнеше жандарды үлгі етіп жариялауды жөн көрдік. Бұл ретте отыздан астам ұлт өкілдерін біріктірген оқу ордасы — Халықаралық қазақ-түрік университеті жайлы айтпай кетпеуге болмас. Түрлі ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақ астына жиған киелі оқу орны қаламыздың, облысымыздың, республикамыздың зор мақтанышы. Мұнда қазіргі таңда түркі тілдес 29 елден, атап айтсақ Түркиядан, Монғолиядан, Өзбекстаннан, Болгариядан, Ауғанстаннан, Түркменстаннан, Қырғызстаннан, Әзербайжаннан, Тәжікстаннан, Сахадан (Якутия), Татарстаннан, Тывадан т.б. көптеген мемлекеттерден 1300-ге жуық шетелдік жастар білім алуда және шетелдік оқытушы-профессорлар қызмет атқаруда. Осыншама елдердің басын қосқан университетте мыңдаған студент білім алды, бірнеше тіл үйренді, бір-бірінің мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен танысты, шаңырақ құрды. Мұнан бөлек, сонау іргетасы қаланған жылдардан бері қаншама жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтамасыз етілді.
Әсіресе баршаның бірге жиналып, шат-шадыман көңіл-күйлері ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде байқалады. Университет қалашығында әр ұлт өзінің ұлттық киімдерін киіп, ұлттық тағамдарын жасап, өнерлерін паш еткенде — мейрамның нағыз қызған тұсына, халықаралық жәрмеңкесіне тап боласың. Бұл көңілге шуақ сыйлайтын мәңгі есте қалар күндер деп айтуға болады.
«Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» деп Абай атамыз жырлағандай, тілі басқа болса да, бір-бірін жүрегімен түсініп, отау құрған жастар да жетерлік. Олардың бірі Вахдет пен Елена. Түрік және орыс ұлтының азаматтары. Вахдет осы университетте білім алып, қызмет етіп жатса, Елена медицина маманы. Бүгінде екеуі екі баланың ата-анасы. Олардың үш тілде өткен бақытты тойына, әр тараптың өзінің көрсеткен салт-дәстүріне қаншама ұлт өкілдері тәнті. Орыс қызы Еленаның да, күйеу бала Вахдеттің де достарының көпшілігі қазақ ұлтынан, екеуі де қазақша жақсы сөйлейді.
Университетіміздің келесі қызметкері, философия ғылымдарының кандидаты Алена Юлдашқызы үлкен оқу орнының ғылыми ісін жүйелі жолға қойып, докторанттар мен магистранттар даярлауда, ғылыми зерттеулер, тың жобалар жүргізіп, ғылым көкжиегінің кеңеюіне сүбелі үлес қосып жүрген тұлға. Тірлігіне ұқыпты, ісіне жауапты, тек қазақ тілінде сөйлейтін Алена апайды жанындағы әріптестері оның ерекше коммуникациялық қарым-қатынасын үлгі тұтады, ұжымның ұйымшылдығы топ басшысының адамгершілік мінезі мен басқарушылық қабілетіне байланысты деп түсінеді.
Отбасында ардақты ана, аяулы жар Алена жолдасы Валихан екеуі 3 бала тәрбиелеп отыр. Қаламызда 40 жылдан астам медицина саласында еңбек еткен әжелерімен бірге балаларды өнерге, еңбексүйгіштікке баулиды, олардың түрлі үйірмелерге, музыкалық мектептерге баруын қадағалайды. Шаттығы мол шаңырақтың қазақ тілі мен қазақтың ақын-жазушыларына деген ерекше құрметін балаларының қазақтың ақын-жазушыларының өлеңдерін жатқа жаттауларынан білуге болады