Аты аңызға айналған халықтық эпос кейіпкері сұлу Жібектің есімін еншілеген еліктің лағындай сүйкімді Жібек Төлбасықызының Ұлы Жібек жолының бойындағы Түркістандай қасиетті де киелі өңірде дүниеге келуінің өзінде табиғат-ана мен адамзат баласын байланыстырып тұратын, көзге көрінбейтін тартылыс күші бар секілді. Есімі де — Жібек. Өзі де жібектей нәзік. Бір жағы кең қолтық , ырымшыл , жақсы көрген адамымызды жақсыға теңейтін халқымызға тән кеңпейіл мінезбен ару Жібекке ұқсатқым да келеді. Қай жағынан алсақ та, ақын жүректі сіңлімізге ата- анасы есімін тауып қойған екен. Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап- ғылыми кітапханасында өткен «Ғажайып Қазақстан 2050» республикалық журналының бас редакторы, «Семей ядролық қоғамдық қорына 10- жыл», «Ғажайып Қазақстан» қоғамдық қорының «Мінсіз қызметі үшін» медальдерінің иегері, ақындық киелі өнердің есігін ашып, өзінің дара жолына қадам басқалы тұрған жас дарын Жібек Искакованың «Түркістаным — махаббатым» атты кітабының тұсаукесер ән кешінде отырып осындай ойға шомдым.
Жібекті алғаш рет белгілі ақын, жазушы Фатима Жүнісованың былтыр, яғни 2022 жылдың соңына қарай Түркістан қаласындағы «Ұлы дала» орталығында өткен «Мықты әйел» кітабының тұсаукесерінде көрген едім. Екеуміз қатар отырдық.
Енді, міне, араға толық бір жыл салып , Жібектің өзінің де «Түркістаным — махаббатым’ атты авторлық кітабының тұсаукесеріне қатысып, балғын жүректен шыққан мөлдір сезімге толы кәусар жырларымен таныстық.
Өзінің есімі секілді жібектей үлбіреген жап-жас қыз бір көргенде- ақ өзім де толық аңғарып үлгермеген ерекше сезімімді, жүрегімде бір мейірімді оятқаны..
Менің мақаламның кейіпкері — Жібек Төлбасықызы 1986- жылдың 24- желтоқсанында дүниеге келіпті. Бұл күнгі кеш те ақын қыздың туған күніне орайластырылған екен. Бәрінің ретін келтіріп, шынайы қамқорлық жасап жүрген де, тумаса да туғандай болып бауыр басып кеткен , жасы үлкен рухани анасы, шығармашылық серіктесі — дүйім жұртқа әншілігімен де, сазгерлігімен де танымал өнер иесі, шын мәніндегі өнер жанашыры, Халықаралық композиторлар одағының, облыстық композиторлардың «Үштік» одақ мүшесі Жұпаркүл Бекшораева.
Шығармашылық кештің тартымды өтуі үшін ұйымдастырушылар алқасының едәуір тер төккенін көпшілік назарына ұсынылған Жібектің өмірі жайлы бейнебаяннан- ақ байқап үлгердік.
Бейнефильмде баяндалған өмірдеректер, Саттар Ерубаев атындағы нөмірі 7-ші мектеп- интернатында, Шаға ауылдық округіне қарасты Қазақстанның 30 жылдығы ауылындағы Молда Мұса мектебінде, Шымкент қаласындағы нөмірі 24- мектептерде білім алып, үздік оқуының арқасында Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ- нің Кентау филиалының медицина факультетіне квотамен оқуға түсіп, болашаққа талпына ұмтылған Жібектің таудай талабына денсаулықтан сыр берген сызаттың тосқауыл болуы, ұзақ уақыт сырқаттың азабын тартып, білімнен, бірге жүрген ортасынан қол үзуі жиналған көпшіліктің жанарына жас үйірді.
Өзі нәзік болса да қанында бар өжеттікпен шалт қимылдап, әдебиетпен достасатын тұсы да осы кез.
«Дақ түспейді мендік аппақ көңілге,
Көрсем- дағы қиындықты өмірде.
Өмір ғажап, өзіме бар сенімім,
Ұраным бар:»Қиындыққа берілме!»-
Сәл нәрсеге күпірлікті қылатын.
Мен емеспін сындарға бұл сынатын,
Әрбір күнді сезінетін жүрекпен,
Мен қызыңмын өмір мәнін ұғатын», —
деген жыр жолдарын жүректен төгіп- төгіп жіберіп, өмірдің көш- керуеніне қол бұлғап алға ұмтылатын тұсы да осы тұс.
Сахна төрінде аққудай әппақ болып құштарлыққа толы жігерлі жырларын оқып тұрған Жібектің бейнесінен қар астындағы қызғалдақты көргендей болдым. Әлде қаңтар мен ақпандағы мұзды жарып шығатын көктемнің алғашқы гүлі бәйшешектей дейін бе? Жап- жас, нәп- нәзік бұла бойжеткеннің бойынан мұндай күш- қайрат қалай шығып жатыр? Өмірдің ащы сынағына қарсы тұруды, ағысқа қарсы жүзуді қай уақытта үйреніп үлгерді екен?! Біздер, 60-70 жылдардың ұрпағы — тар төсекке таңылса да, басына түскен тағдыр азабына мойымай «Құрыш қалай шынықты?» романын жазып шыққан орыс жазушысы Николай Островскийдің өмірін өнеге етіп ұсынған кезеңнің ұрпағымыз. Маған Жібектің қайсарлығы өзін шегенің үстіне жатып шынықтырған Островский кейіпкері — Базаровты есіме түсірді. Олай ойлауыма ақынжанды Жібектің мына өлең жолдары түрткі болды:
«Бақыт керек сізге де,
Бақыт керек бізге де.
Бақытың ол- денсаулық,
Басқа бақыт іздеме.
Бақыт керек сізге де,
Бақыт керек бізге де.
Нағыз бақыт- отбасың,
Басқа бақыт іздеме!, —
деп өмірдің қадірін, мәнін ерте түсінген Жібектің екінші топтағы мүгедектікті тағайындаған дәрігерлер шешіміне де мойынсұнбай, тәуекелге бел буып Алматы қаласында отамен Батырхан есімді ұлды дүниеге әкелуін қалайша ерлікке баламаймыз?!
Өткен жылдың желтоқсан айының соңғы күндерінің боранды — бұрқасынды болғанына, кештің жексенбілік демалыс күні өткеніне қарамай Астанадан, Алматыдан, Қызылорда мен Жаңақорғаннан, Арыс пен Кентаудан ат терлетіп келген әдебиет пен өнер майталмандары, жалпы зиялы қауым, кітап сүйер оқырмандар шығармашылық кештен керемет әсер алды.
«Ол сүйіктісіне жете алмай жылап кеткен Қыз Жібек емес, ол жаңа Қазақстанның өмірге құштар жаңа Жібегі», — деді іс- шараға арнайы келген Түркі әлемі Жазушылар одағының (ТӘЖО) мүшесі, белгілі ақын, абыз қария Сайлаухан Жартыбаев сөйлеген сөзінде.
«Ғажайып Қазақстан 2050» республикалық журналы төрағасының орынбасары Баубеков Мұхаметәлі қария мен ақын Сайлаухан Жартыбаев, Қазақстанның композиторлар одағының мүшесі, облыстық композиторлар одағының төрайымы, ән падишасы, сазгер Құралай Сәтмұхамбетова және тұсаукесерді ұйымдастырып, басы қасында жүрген Жібектің өнердегі анасы Жұпаркүл Бекшораева бәрі «Үш қиян» баспасынан жарық көрген , бояу исі аңқыған кітаптың тұсауын кесті.
Кітаптың тұсауы кесілген соң композитор әрі әнші Құралай Сәтмұхамбетова өзін қашанда асыға күтіп, құшақ жая қарсы алатын Түркістандық көрермендерге әсем әннен шашу шашты.
— Жібек Искакова қарындасымызды жексенбі күні демалыс демей, шығармашылық ән кешін өткізген бірден бір өжет қыз дер едім, — деп өз сөзін бастаған Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, әнші сазгерлер Бекжігіт Сердәлі кешке келген қонақтардың есімдерін атап өтті. Қызылорда қаласынан келген Ардақты Камак ақын қызды, тұрған тұрысында өлең шығарып, арнау жаза салатын әмбебап ақын Нұрлан Жапековты, Астана қаласынан келген «О,қала!» әнінің сөзін жазған ақын Жаныс Бегей мен Жібекке жанашыр болып отырған, үнемі қолдап жүретін ағалары мен әпкелері жайлы айтып, оларға рахметін жаудырып жатты. Тұсаукесерге Жібекті қолдап арнайы Созақтан келген ақын әпкесі Несібелі Шайдазымова, «Кітапқұмарлар» тобынан ақын ағасы Елнұр Қайратұлы мен Ләззат Утешова әпкесі бар. Бір сөзбен айтқанда барлығын Жібектің жанашырлары десек те болады.
Ал «Алматы қаласынан айтулы іс- шараға арнайы келген «Кітаптар әлемі» жобасының авторы Салтанат Әбдіғани «Көңіл қымбат», «Тәттім- ау», «Өмір қымбат» — деген үш бөлімнен тұратын кітаптың таныстырылымын өткізіп, жақсы баға берді. Сонымен қатар Салтанат Жібектің анасын сахнаға шығарып кеш кейіпкерінің «Жан Анашым — гүл бағым» атты анасына арналған өлеңін оқып, ақ жаулықты ананың иығына ақ орамалын жауып, естелік суретке түсті.
Кеш барысында көпшілік сүйіп тыңдайтын көптеген әндер шырқалды. Бұл күні біз Жібек сіңілімізді тағы бір жаңа қырынан танып- білдік. Алғашқы жинағы оқырман қолына тиген ақын қыздың «Түркістаным —махаббатым,» «Қуантқым келеді», «Мен қазақтың баласы», «Мен — қазақпын», , «Сіз жақсы адамсыз», «Сені сүйем өмірім», «Дос болғым келер сізбенен», «Ғашық болып қалдыңыз ба», «Сені іздедім», «Келші жаным», «Ей, өмірім!», » Отаным менің — Қазақстаным!» тағы басқа да өлеңдеріне Құрасбек Байтоқаев, Алибек Тойлыбаев, Жұпаркүл Бекшораева сынды белгілі сазгерлердің ән шығарғандығының куәсі болдық.
Тұсаукесерде айтулы ақындар Әбен Хамитұлы Муталиевтің, Қалқаман Саринның, Санжар Ғұламаның өлеңдеріне жазылған көрермен көзайымына айналған әндер шырқалды.
Әсем сазды, әуезді кеште Алматы, Қызылорда, Астана қалаларынан келген және жерлес әншілер Бибігүл Сағат, Бағлан Сүлеев, Азат Ысқақ, Жұпаркүл Бекшораева, Гүлнұр Дүйсенбиева, ХҚТУ- студенті Айбол Ақайдар , тағы басқа да Жібек Төлбасықызын құрмет тұтатын , шығармашылық байланыстағы достары ән шырқап, кеш көрігін қыздырды.
Тұсаукесерден соң Жібектің туған күніне жайып отырған кең дастарханының куәсі болдық. Туған күн иесін қолдап келген туыстары да аз болмады. Әпкелері, ағалары мен жеңгелері, жиендері мен бөлелері, інілері мен келіндері де өз тілектерін жаудырды. Ал Жібектің мектепте сабақ берген ұстазын қалай ұмытамыз?! Тұсаукесерде сөз сөйлеген ұстазы Гүлнар Иманбердиева шәкірті жайлы әдемі естеліктерімен бөлісіп, осы күнге дейін білім берген шәкірттерінің ішінде «ақын» шықпағандығын айтып, шәкіртімен мақтанатынын тілге тиек етті. Сыпайылық пен ұстамдылықты сақтап, көрегендігін көрсете білген ақылшы ұстазына қарап осы орайда «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» — деген нақылды еске түсіріп, Жібектің қандай екенін бағамдай алдық.
Мағыналы да мазмұнды өткен бұл кеште ардагер — ұстаз, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Қ Р Журналистер одағының мүшесі, ТӘЖО- ның баспасөз хатшысы Несіпкүл Утебаева,Қ Р Журналистер одағының, Халықаралық жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан педагогика академиясының профессоры Алима Хайдарова томағасын сыпырып, өздері баулыған шәкірттері Жібектің аудармашылық қырына да тоқталып, ризалығын білдірді. Осы орайда, Жібек Искакованың өміріне үлкен бетбұрыс жасаған мына айтулы кезең туралы арнайы айтып өткен жөн.
Кейде өмір жолымызда кездескен кейбір адамның тағдырымызды түбегейлі өзгертіп жіберетіні бар. Сырқатына байланысты сыртқа шыға алмаған Жібек 2016- жылдары ұйқасы келсін, келмесін, ойын қағазға түсіріп, өлеңді серік етіп, жазғандарын жан- жаққа жібере бастады. Сол басылымдардың қатарында Әбен Хамитұлы Муталиев басқарып отырған республикалық»Ғажайып Қазақстан — 2050″ журналы да бар еді. Әбен ағасы Жібекке бақ болып кездесті. Талапты қыздың аяқ алысын байқаған қырағы жан түрлі тапсырма беріп жүріп , жас Жібекті шыңдады, шынықтырды. Қамқорлығына алды. Тіпті, 2021-жылы аталмыш журналдың тұтас бір санын «Өлең сөзге жаны құмар Арғын қыз» деген тақырыппен Жібектің шығармашылығына арнады. Одан қоғам қайраткері, ақын, сазгер Әкім Ысқақ ағасы да қалыспай, келесі жылы «Тағдыр сынына тайсалмаған» деген көлемді мақала жариялады. Нәтижесінде, бүгінгі «Ғажайып Қазақстан —2050» журналының тізгінін ұстаған жас редактор және бас редактор жаңа Қазақстанның жылнамасын жазуда.
Мақаламды ешбір қиындықтан тайсалмайтын, тағдырына налымайтын, өмірге құштар Жібектің өзінің бір шумақ өлеңімен қорытындылаймын:
Көңілімнің болса да күйі бөтен.
«Өмір , сені сүйемін, сүйіп өтем»,
Атар таң мен әрқашан батар күнге,
Шүкірлікпен басымды иіп өтем!