Жастарымызды имандылыққа шақыру аясында ізгі іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады. Отырар аудандық орталық кітапханасы және «Жастар ресурстық орталығы» қызметкерлерінің бірлесуімен «Ислам мазhабтарының шығу тарихы» атты тақырыпта іс-шара болып өтті, деп хабарлайды q-content.kz ақпараттық порталының тілшісі аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Ислам діні – адам баласын тура жолға бастайтын дін. Адамды мейірімділікке, бауырмалдыққа, қайырымдылыққа үйретеді. Ата-бабаларымыз ислам дінін берік ұстанған. Ислам діні – татулық пен ынтымақтастықтың кепілі. Осы орайда «Тәйтелі ата» мешітінің имамы ислам дінінің шығу тарихына тоқталып, еліміздегі діни ағымдардың айырмашылығы туралы және «Әбу Ханифа мазһабы» туралы түсініктер берсе, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Жандарбеков Қуаныш «Ислам діні ысырапшылдықтан, азғындықтан сақтандырады, халқымыздың жүрегін біліммен нұрландырып, рухани байлығын арттыра отырып, адамгершілікке тән қасиеттерге баулып, халқын сүюге, еліне адал қызмет етуге шақырады», – деп өз ойын ортаға салды.
Бұл кездесуге аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Жандарбеков Қуаныш, «Тәйтелі ата» мешітінің имамы Сұлтанқұлов Мақсат, жастар, ауылдық кітапханашылар және оқырмандар орын тапты.
Шара барысында жастар өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, мамандар тарапынан тұшымды жауаптар алды. Кітапханашы Ж.Серікқызы «Дініңді ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» атты кітап көрмесіне шолу жасап, таныстырды.