Жыл сайын тамыз айының бірінші жексенбісінде Қазақстанда көлік қызметкерлері күні атап өтіледі. Ол ресми мәртебеге ие және 1998 жылы республика Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының кәсіби мерекелерінің тізбесіне кіреді.
Бұл кәсіби мереке көлік саласының барлық еңбеккерлеріне арналған және автомобиль, теміржол, су және авиациялық көлік өкілдерін толық қамтиды. Осы күнге тікелей қатысы бар мамандықтардың қатарында жүргізушілер, диспетчерлер, кондукторлар, бақылаушылар, машинистер, жолсеріктер, ұшқыштар, стюардессалар, техникалық персонал және тағы басқалар бар.
Шымкенттегі осы сала мамандарының көптеген өкілдерінің бірі — “Shymkent Bus” ЖШС көлік компаниясындағы 39 жастағы автобаза диспетчері Нариман Нонахов. Ол — қоғамдық көлік автобустарының күні бойы ауысымға шығып, қала тұрғындарын маршруттар бойынша тасымалдауын қадағалайтын мамандардың бірі. Автомобиль көлігі диспетчерлерінің негізгі қызметі — жолаушылар тасымалы қозғалысын үйлестіру, құжаттаманы жүргізу.
Нариман Нонахов “Shymkent Bus” — те бес жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бірақ, көлік саласында — өмір бойы жұмыс істейді десек артық айтқандық емес. Өйткені, ол — Қазақ көлік және коммуникация академиясының түлегі. М.Тынышпаев атындағы Академия (ҚазАТК) — көлік-коммуникация саласы үшін жоғары білікті мамандарды даярлаумен айналысатын жетекші оқу ордасы екенін айта кеткен жөн.
Нариман жолаушылар көлігі компаниясына ауысқанға дейін шамамен 15 жыл темір жолда еңбек еткен. Ол жерде де диспетчер болыпты. Әрі Нариман Нонаховтың әкесі Есенбай да өмір бойы теміржолда жұмыс істеген екен. Демек, Нариманның осы саланы таңдауына және осы таңдауға адал болуына әкесінің көрсеткен үлгісі әсер еткен шығар.
“Әр ауысымның соңына қарай үлкен жауапкершілікке, күрделілікке және шаршауға қарамастан, маған диспетчердің жұмысы ұнайды”, — деп мойындады сұхбаттасушы.
“Мен Шымкент тұрғындары мен қонақтарына күн сайын қажетті жерге жетуге мүмкіндік беретін ортақ еңбекке өз үлесімді қосқаныма қуаныштымын”, — дейді ол.