Шымкент қаласында 11 тасымалдаушы компанияға тиесілі 916 автобус 77 бағыт бойынша жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетеді. Тамыз айының алғашқы жексенбісі – осы салада тер төгіп, қала тұрғындарын күнделікті тасымалдаумен айналысатын көлік саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.
Таңғы 05:30-да автобус паркіне арнайы келдік. Бізді тәжірибелі жүргізуші Сейіт Тұрсынбекұлы Тайтелиев күтіп алды. Автобус жүргізушісінің еңбегі қаншалықты қиын әрі қызықты екенін түсіну үшін әдейі келіп отырмыз.
«Бірінші диспетчерге барып, құжатты көрсетеміз. Себебі жолға шығу талонын алуымыз керек. Бұдан кейін денсаулық сақтау пунктінде алкоголь деңгейін тексереміз. Алкотестте адамның ішімдік ішкені, ішпегені анық байқалып тұрады. Қан қысымын да тексерту маңызды», — дейді тәжірибелі маман.
Сейіт Тұрсынбекұлы сонау 1999 жылдан бері сүйікті қаласы Шымкентте автобус тізгіндеп келеді.
– 1973жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, батыр атамыз Б.Момышұлы ауылында дүниеге келдім. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары әскери борышымды өтедім. Әскерден келгеннен кейін, 1993-жылы бірден «Қайнар құс» фабрикасына жүргізуші болып жұмысқа тұрдым. 6 жылдай сонда жұмыс істедім. 1999-жылдан бері қоғамдық көлік жүргіземін. Отбасым бар байлығым, сайдың тасындай екі ұлым бар. Екеуіне да жақсы тәрбие бердік деп ойлаймын. Бірі заңгер, бірі дәрігер, – дейді еңбегі мен маңдай тері еш кетпеген еңбек адамы.
Сейіт аға әңгіме айтқанда өте сабырлы екенін байқадық. Қоғамдық көлік жүргізушісі болып осынша жыл еңбек етуінің сыры осы ма деп қалдым. Өйткені, қоғамдық көлік жүргізудің қызығы мен шышығы қатар жүретіні анық. Күнделікті бір жолды айналып, көпшіліктің көңілін табу оңай жұмыс емес.
– Жолаушылар әртүрлі болады. Автобусқа мінгенде түрлі эмоциямен кіреді. Бірі ашулы мінсе, бірі жайдары мінез танытады. Жүргізушіні оның автобустың ішінде өзін қалай ұстап тұрғаны және автобусқа қалай кіріп-шыққан сәті еш алаңдатпауы қажет. Өйткені жолаушыға қандай да бір сын айтып, оған сөйлеуге құқығым жоқ. Жолаушылармен сөзге келгенше, өз жұмысыңды дұрыс атқарған жөн», – дейді ол.
Біз Сейіт Тұрсынбекұлы мен оның барша әріптестерін кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, халық иглігі жолындағы жұмысына табыс тілейміз.