Бүгін қазақстандық көлік қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтіп жатыр
Жыл сайын тамыз айының бірінші жексенбісінде Қазақстанда көлік қызметкерлері күні атап өтіледі.
Кәсібін сүйіп, өз ісіне адалдық таныту – еңбек адамының ең асыл қасиеті. Өйткені, нағыз еңбек адамы ғана жанын салып жұмыс істеп, табысын маңдай терімен табары анық. Сондай жанның бірі – Атымтай Тазабеков. Кейіпкеріміз бүгінде қоғамдық көлік жүргізушісі болып қызмет етеді.
Атымтай Жұмаділұлы Төлеби ауданының тұрғыны. Жастайынан жүк көліктерінің түр-түрін тізгіндеген. Қазіргі таңда №171 қоғамдық көлігінің жүргізушісі. 40 жыл бойы жол-көлік саласында жұмыс істейтін ол талай рет таңдаған мамандығының ыстығына күйіп, суығына тоңған. Қара жолдың әрбір үтір-нүктесін жатқа білетін ол бұл саланың жауапкершілігі жоғары екендігін айтады.
– Көрер көзге жеңіл көрінгенімен, бұл нағыз еңбекті, шыдамдылықты талап ететін жұмыс. Қалаға алыс орналасқандықтан таңғы 4 те тұрып, жұмысқа келемін. Өйткені, 6:25 -те автобус жолаушы тасымалдауға сақадай сай болып тұруы тиіс. Сонымен, қаланың тіршілігі басталады. Күніне қаншама адам қоғамдық көлікпен қатынайды. Барлығының аман-есен діттеген жеріне жетуі жүргізушілердің мойнында. Сол үшін барлығы бақылауда болады. Жүргізушілерге алдын ала график беріледі. Сол бойынша жүреміз. Ал, жұмыс уақыты 20:30 да аяқталады. Автопаркке қойылғаннан кейін, техникаға жауаптылар тексеріс жүргізеді. Бұзылғаны, жағармайы таусылғаны болса кем-кетіктердің орнын толтырады. Ал, таңертең қайтадан осы жұмыс басталады,-дейді Атымтай Жұмаділұлы.
Иә, кез келген мамандықтың өзіне тән қыр-сыры болары анық. Бастысы, әр адам өз саласының шын шебері болуға ұмтылса игі. Ал, өз ісін жетік білетін Атымтай ағаның мамандығына деген махаббаты ерекше. Ол жұмысына бар ынта-ықыласымен беріліп, міндетін ұқыптылықпен атқарады. Нәтижесінде ұжымында сый-құрметтен кенде емес.