Үшінші сыныптан-ақ қолына қалам алып ақындық қабілетімен көзге түсіп, талай мүшәйралар мен жыр-дода бәйгелерден оза шауып биіктерді бағындыра білген, «Санжар Ғұлама» атымен әлеуметтік желілерде танылып, жүректен шыққан жырларымен оқырмандарды баурап жүрген Түркістандық жас талант иесі, нөмірі 17 Ататүрік мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәнінің білікті ұстазы «Ыбырай Алтынсарин», «Қазақстанның ұлағатты ұстазы», «Шығармашыл тәжірибелі ұстаз», «Ұлағатты ұстаз» төсбелгілеріне қол жеткізеді. Әрбір сәтін бос өткізбей, үнемі ізденіс үстінде жүретін атына заты сай жас ақын Санжар Ғұлама «Әлем Халықтары Жазушылар Одағының», «Қазақстан Журналистер Одағының» және «Дүние Таланттары Одағының» мүшесі. 2010 жылы «Тылсым дүние қасиеті» тақырыбында аударма кітабы жарық көрген.
Өзінен бұрын өзгенің жайын ойлайтын, өлеңімен жүрекке терең бойлайтын, бұл өмірдің сынына талай түссе де, өмірге деген сүйіспеншілігін жоймайтын ақынымыздың «Алаңдама апа сен, алаңдама» өлеңі барша аналардың жүрегін жаулап алғаны сөзсіз. Абай Құнанбаевтың өзіне үлгі тұтатын жас дарын иесі 2015 жылы «Айтыңдаршы, осы мен қандай жанмын?» тақырыбында жеке шығармашылық кешін өткізген. Жақында ғана жарық көріп, оқырмандарына жол тартқан «Сіз жақсы адамсыз» атты аудио-кітабы көптеген сұраныстарға ие.
2023 жылы «ҮЗІЛМЕШІ ҮМІТІМ» атты кітабы жарық көрген.
Әлеуметтік желі арқылы Санжардың өлең-жырларына тәнті болып жүрген еліміздің танымал тұлғалары да өз тарапынан қолдау жасап, бұлақтың көзін ашуда өз үлестерін қосып жатқаны бізді қуантады.
Жұдырықтай жүрегіне бүкіл Қазақ елі сыйып кететін, көңілі кең дария ақынымызға «Биікке самға, қанатыңыз талмасын, Өмір атты кемеңіздің сапары — сәттілікте таба берсін жалғасын!» дегіміз келеді!