Арыс қаласында қысқа уақыттың ішінде көптеген игі істер атқарылды. Мұнда мемлекеттік қызметкерлердің толық күші жұмылдырылды. Жасалынған жұмыс аз емес.
1. Арыс қаласындағы негізгі құрылыс жұмыстары 1 айда аяқталады. Ақау актілері, жарамсыз үйлерді бұзу, мердігерлерді бекіту, тұрғындардың өтініштерін тыңдау, үйлерін зерттеу және өзге де жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінде 2161 үй жөнделіп, иелеріне тапсырылды. 5 мыңдай үйде құрылыс қолға алынды. Бұзылып, басынан салынатын үйлер саны көбейіп, 300-ден асты. Жұмыстың күрделене түсуіне байланысты мерзімі сәл ұзаруда. Яғни, кейбір тұрғындар 1 тамыздан кейін құрылыс тоқтайды деп алаңдамағаны жөн. Арыс толық қалпына келгенше жұмыс жүреді.
2. 17 сектордың құрылыс жұмыстарына 14 облыс пен 3 қала әкімдіктері бекітілген. Олар өз міндеттерін орындауда. Жоғарыдағы деректер сөзімізге дәлел. Осы секторларға бекітілген Түркістан облысының аудан, қала әкімдіктері де өздеріне жүктелген міндетті орындап жатыр. Өтемақыға құжат жинау, тұрғындарды тіркеу, гуманитарлық көмек таратуды айтпағанда аудан, қалалардың көмегімен 30 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Бұл жұмысқа 117 техника тартылған.
3. Жазғы демалыс маусымында Арыс қаласында тұратын 4010 бала жазғы демалыс лагерлерінде демалдыру жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда еліміздің барлық демалыс аймақтарына жалпы 2647 оқушы лагерге аттанды. Тағы 1,5 мыңға жуық бала енді жіберіледі. Арыстық ардагерлер де демалыс орындарына жіберіліп жатыр.
4. ҚР Қорғаныс министрлігінің мамандары қала мен қаладан 20 шақырым аумақты тексеріп, оқ-дәріден тазалады. Төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлері де кезекшілікті жалғастыруда.
5. Арыс қаласында 66 әлеуметтік нысанды қалпына келтіру «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына тапсырылған. Оның 54-і білім нысандары (мектеп, балабақшалар), 8-і денсаулық сақтау, 4-і спорт нысандары. 66 нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 4 нысан басынан салынады. Тиісті құрылыс жұмыстарына 1097 құрылысшы маман тартылған. 47 техника бар.
6. Баспанасыз қалған тұрғындарға қаладағы Е.Молдабаев атындағы орта мектептен 800 орын дайындалды. Олар жатын орынмен, үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда тиісті орталықта 124 отбасындағы 461 адам орналастырылды.
7. Төтенше жағдай орын алған кезеңде 77 науқас ауруханаға жатқызылған. Олар айығып отбасыларына оралды. 3 науқас республикалық емдеу мекемелерінде ем қабылдауда, оларға медициналық көмектер толығымен көрсетілуде. Өкінішке қарай, төтенше жағдайдың салдарынан 3 адам қайтыс болды.
8. Осы жылдың 5, 12, 19 шілдесі күндері Арыста Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі өтті. Тауарлар нарықтан 30 пайыз арзан бағада сатылды. Жәрмеңкеге өңірдің 150-ден аса тауар өндірушілері қатысты.
9. 100 мың теңге өтемақыға құжат уақтылы жиналды. Таяу күндері 55 мыңнан астам тұрғынға 100 мың теңгеден беріледі. Қоймалардағы 800 мың тоннаға жуық азық-түліктің 689,5 тоннасы елге таратылды. Қалғаны 1545 аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға беріліп жатыр. Демеушілер көмегімен 500-ден астам оқушыға мектеп жабдықтары, киім әперілді.
10. Арыстағы жарылысқа байланысты құрылған арнайы штаб тұрақты жұмыс істеп тұр. Оған облыс әкімі Ө.Шөкеев өзі басшылық жасап, әр сектордағы құрылысты қадағалауда. Облыс әкімдігінің аппараттық жиындары бір ай бойы Арыста өтті. Үйлерді бағалау, гуманитарлық көмек көрсету және өзге де жұмыстарға жергілікті 800-ге жуық белсенді тұрғын тартылды. Олар өздеріне жүктелген 10 үйдің мәселесін штаб басшыларына жеткізіп, жұмысты бақылайды.