Әлемде болып жатқан «ақпараттық соғыс» күшейіп келеді. Қазіргі таңда, Қазақстан «ақпараттық соғыстың» бел ортасында қалды. Ағылған арандатушылық ақпараттар «WhatsApp», «Instagram», «Youtube» арқылы кіріп, ел арасында іріткі салушылардың көбейюіне алып келуде. Бұған кешегі Атырау мен Арыстағы жағдайлардан-ақ байқауға болады.  Жалпы, «провокаторлардың» жоспарына ілініп, иланып қалып жатқан ақылдылар да аз емес.

Қарапайы халық ақпарат алуда өте сақ болғаны жөн. Қарпайым мысалмен бастайық. Кеше ғана Шымкент қаласының экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахимовтың кетуі кезінде «Отырар» телеарнасы жалған ақпарат таратып алды. (Әдейі ма, байқаусызда ма, белгісіз) Бұл бізге үлкен сабақ болуы керек. «Отырар» телеарнасы Асқар Бейсенбаевты 45-минутқа Шымкент қаласының  «әкімі» етіп тағайындап жіберген болатын. Бұл ақпарат бас-ақ минутта бүкіл Қазақстанды шарлап шықты. Ресми ақпараттарда көп ұзамай Отырар ауданының әкімі болған Ерлан Айтахановтың Шымкентке басшы болып тағайындалғаны мәлім болды. Тағы да Шымкент. Жалған болсын, шын болсын ақпараттың қазіргі уақытта қалай тез тарап кетуі мүмкін екендігінің көрінісі. Біріші ақпараттың біраз адамдардың санасында қалып кеткені түсінікті. Бір кісілер Асқар Бейсенбаевты әлі Шымкент қаласының әкімі деп ойлап жүр дегендей.

Арыстағы жарылыстан соң өтірік-өсек, аңызға жақын жаңалықтар мен халықты қорқытуға бағытталған ақпараттарға тоқталсақ. Бастары өрттен аман қалып, жан қайғысында болған халық ақ пен қараны ажырата алмай жатқан кездері ауыр өтті. Кімге сенерін білмеген арыстық алданған азаматтардың Шымкент көшесіне шыққанын да көрдік. Құдай сақтап, әліптің арты бағылғандай болды. Болған жағдайға мақалада қайта ораламыз.   

Қазақтар «көтерем көтерілсе, көш алдын бермейді» деген жағдайды бастан кешіп жүрміз. Еліміздегі көтеремдердің тозығы шығып, темір торға тоғытылмай қарапайым халыққа тыныштық жоқ сияқты. Айта берсек мысалы болатын арандатушы малғұндар да көбейді. Мысалы, кешегі бас қаламызда ұсталған екі әйел біраз жағдайдың бетін ашып берді. Фейсбук желісінде «азаттықтардың» видеоға түсіріп алған жазбасы да бар. Көпбалалы анамыз деп алдап жүрген келіншектер арандатушы «арамдар» болып шықты. Бала тумақ түгіл, табиғатын ұмытқан жандар екенін видеода сөйлеген сасық сөздерінен, іс-әрекеттерінен байқауға болады. Көпбалалы анамыз деп алдайтын әйелдер де көбейіп кеткен болатын. Жалдамалы «солдаттар» сияқты барлық митингтің көшін бастап жүрген, арын ақша жұтқандардың артында үлкен саясат тұрғаны түсінікті.  

Көргені көппен көш бастайтын қазақ халқы білгені көппен көшеге көп шығып, естерін жоғалтып жүргендері жанға батады. Жаман болса да қара қазағыңды жамандыққа қимайсың. Бірақ ақшаға арын, елін сатқан «патриотсымақ» азаматтар мен әйелдерді аса аяудың қажеті болмай тұр. Көшеге бүлік шығаруға ұмтылып жүрген бүлікшілерді қамаудан басқа шара жоқ. Мемлекеттің жуастық таныптып отырғанын арандатушылар түсінбеуде.   

Негізі, Арыста болған жарылысты тиімді пайдаланғысы келген жалдамалы «солдаттардың» жоспары толық жүзеге асып кете жаздады. Олардың мақсаты Шымкент қаласын қиратып, магазиндерді тонап, көшеде қантөгіс жасауды жоспарлағаны анық. Қырсыққанда шеруде қызық көру мен ермек үшін жүргендердің кесірінен көшелер толып кетті. Бірінші жоспарлары орындалды. Алайда, Құдай сақтап, намысы мен ұяты бар арыстық азаматтардың тоқтатуларымен пиғылы жамандардың екінші жоспары іске аспай қалды. «… Шымкент плазаға кіріп ішейік, жейік. Магазиндерді қиратайық. Үкімет төлесін…» деген, жалдамалы «жындылардың» сөздері кейін «хитке» айналды. Кейін «Нұр-Отан» ғимаратының алдындағы көк жалауды жұлуға ұмтылған жас жігіт те кешірім сұрады. «Арыстың қызымын, екі інім бар. Жататын жеріміз, ішетін тамағымыз жоқ» деп, томардай болып Шымкенттің көшелерін шуалатқан қара қыз да Тараздан екені анықталды. Қысқасы ақшаға жалданғандардың бет пердесі арттарынан ашылып жатты.

Түркістан қаласында арыстықтар үйлеріне көшкен күні, Атырдаудан келген танысы жоқ 25-ші жылғы азаматты жолықтырдық. Алғашқыда жолға ақшам жоқ деп көмек сұрап келген болатын. Әріптестермен 12 мың теңгедей жинап бердік. Арасында біраз әңгімеге тартуға тырысып көрдік. Ынжықтығы ма, әлде психикалық ауруға ұшырағаны әңгімесінен байқалып тұрды. Анасының телефонын алып хабарластық. Адасқанның анасы: «… Ол бізді күйдіріп бітті… Алматы мен Астанаға қашып кете беретін еді… (Осы екі қалада митингтер ұйымдастырылды.) Оны қайтаруға әркімге ақша бере беріп таусылдым. Енді білгенін істесін. Шаршадым. Жүре берсін. …» деп, анасы телефонның арғы жағында жүрегі ауырып жылады.

Түркістан-Шымкент бағытандағы «старексте» бір баласы бар «көпбалалы» ананың Нұр-Сұлтанға митингке кетіп бара жатқанын да көрдім. Жағдай «бес» сияқты. Қолында «смартфон», үстіндегі киімі де арзан емес. Тура артымда отырған әйел телефон арқылы көп сөйлесіп отырды. Қасындағы кісілердің де сұрақтармен мазасын алып тастады. Әңгімесінен түсінгенім, өздерінің (түпкір-түкірден) «WhatsApp» группаларында келісіп, Ақ-Орданың алдында жиналмақшы болған. «Не үшін бара жатырсыз?» деген сұрағыма: – Қазақтың жерлері Қытайға сатылып жатыр. Соған жол бермеуге, – деп, жауап қайтарды. Гектар-гектар жерлеріміз аламай жүрсек те, қытайлықтарға беріп жатқан жоқ шығармыз деп ойладым. Дәлелдейтін құжаттардың фотосы бар ма? деп, едім бәлеге қалдым. «Бар. Саған сатылған жердің құжатын кім көрсетеді…» деп, ұрсып берді. Сөзге сенгіш халықпыз ба? Әлде, санасыздар көбейіді ме? 1500 км.ге біреудің мотаждалған видеосына, қолдан жаза салған құжатына сеніп, еріп кете беретін адамдар туралы әңгіме көп негізі.                  

Шет елде зәулім ғимаратында жатып, үйсіз қалған арыстықтардың қолымен «шоқ» көсегісі келгендердің оннан астам шабарманы жақында ұсталды. Олардың үстерінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр екен.

Әлеуметтік жағдайы жоқ, жұмыссыз жүргендер, көпбалалы және жалғызбасты аналарымыз – айтуы басқа, көздегені басқа бүлікке итермеушілердің «қорасына» кіріп кетіп жатыр. Қарапайым қазақтардың қолымен шоқ күйзегісі келетіндер күшейіп келеді. Қанша қиналсаң да дініңді, арыңды, еліңді, жеріңді, ұлтыңды, бауырыңды ақшаға сату –  өліммен тең. «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақсы» дегенді ұмытпаған жөн.

Бүлікшілердің бетін қайтаруға мемлекетіміз үлкен күш жұмсап жатыр. Қазаққа қара тамырын жайып бара жатқандары түп тамырымен жоятын уақыт таяп қалды. Тыныш елде көтеріліс жасау,  миллиардтаған ақшаның  арқасында сырттан жасалатыны белгілі жағдай. Сирия, Украина, Ливия, Мали, Нигерия сынды елдер өз бастарынан кешірді. Бір жапырақ көк қағазға арсыздар мен сатқындар отанын сатып, өз елдерін экономкасын ғасырларға артқа шегеріп жіберді. Тіпті, картадан жойылып кетуге жақындап қалды. Біздің де басымызда қазаққа қазақ қауіп төндіріп тұрған заман болды.

Айтпағымыз, қазіргі заманда ақпаратты ойыңызға, бойыңызға сіңіруге асықпаңыздар. У-ланып қалуыңыз әбден мүмкін. Ақпараттық «соғыста» сақ жүрудің ең тиімдісі: интернеті жоқ телефон қолдану.       

Тәңіріміз қазақ елін көтере алмайтын сынақтан сақтасын. Елімізден тыныштық таймасын, жұртымыз аманшылық арнасынан айырылмасын!   

Асылбек Түйетаев

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.