Шымкент қалалық «Amanat» партиясының төрағасы Бахадыр Нарымбетов бастаған АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штабтың мүшелері «Мадина» макарон фабрикасының қызметкерлерімен кездесті. Жұмысшы топтың қатарында қалалық мәслихат депутаттары, бірнеше саяси партиялардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері болды.
Кездесуді ашқан Бахадыр Мәдәліұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерілген мәселелерге тоқталып, жиынның басты тақырыбы ретінде атом электр станциясының құрылысын атап өтті.
«Энергетика министрлігінің болжамдары бойынша, 2035 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 152,4 миллиард кВт/сағ құрайды деп күтілуде. Алайда қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған электр станциялары тек 135 миллиард кВт/сағ ғана қамтамасыз ете алады. Осыған байланысты, қазіргі таңда Ресейден келетін ағындар электр қуатының тапшылығын жауып отыр, бұл өз кезегінде энергетикалық тәуелділікке және елдің энергетикалық нарығының қауіпсіздігіне қауіп төндіреді», — деді Бахадыр Мәдәліұлы.
Ол Қазақстанның энергетикалық секторы көмір электр станцияларына аса тәуелді екенін атап өтті, бұл тәсілмен ұзақ мерзімде энергия қуатын өндіру мүмкін емес екенін түсіндірді. Себебі, жұмыс істеп тұрған станциялардың тозу деңгейі жоғары, ал халық санының өсуі мен энергия тұтыну көрсеткішінің қарқынды артуы жағдайды қиындатып отыр.
Бахадыр Мәдәліұлы: «Экономикасы дамыған елдермен тең дәрежеде болу үшін, бірінші кезекте электр қуатын шешіп алуымыз керек. Электр энергия – экономиканың локомотиві», — деп атап өтті.
Жиында мекеме мамандары да өз ойларын білдіріп, сұрақтар қойды. Атап айтқанда, көпшілік атом электр станцияларының қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді. Чернобыль мен Фукусима апаттары туралы еске ала отырып, сол жағдайлардың қайталану мүмкіндігін сұрады. Штаб мүшелері қазіргі уақытта салынатын атом электр станцияларының технологияларының мүлдем өзгеше екенін түсіндірді.