«1986 жылғы Чернобыль және 2011 жылғы Фукусима-1 атом электр станцияларындағы апаттардан алынған сабақтар жаңа реакторлардың жобалануы кезінде ескеріледі. Бұл оқиғалардың әсерінен атом энергетикасының қауіпсіздігі жаңа деңгейге көтерілді. III+ буын реакторларының конструкциясына қосымша қауіпсіздік мүмкіндіктері енгізілді», — деді Бауыржан Әлтеев.
Одан бөлек, штаб мүшелері атом электр станциялары қоршаған ортаны түтін газдары, күл, мұнай өнімдері бар ағынды сулар сияқты заттармен ластамайтынын да мәлім етті.
Сонымен қатар, жұмысшылар тарапынан АЭС жобасының Астанадағы ЛРТ сияқты жарты жолдан тоқтап қалу мүмкіндігі туралы да сұрақтар болды. Штаб мүшелері келіссөздер, келісім-шарттар жасау және сатып алу процестерінің барынша ашық болатынын және атом энергетикасының әлемдегі ең тәртіпті сала екенін айтты.
Атом электр станцияларын жобалау және салу кезінде техникалық қадағалауды тәуелсіз реттеуші жүзеге асырады және құрылыс МАГАТЭ бақылауымен жүргізілетіні түсіндірілді.
Жиынды қорытындылаған Бахадыр Нарымбетов атом электр станциясын салу Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экономикалық тұрақтылығын арттыру үшін маңызды қадам екенін айтты.
Оның сөзінше, жаңа технологиялар мен қатаң қауіпсіздік шаралары арқылы атом энергетикасы еліміздің энергия қажеттілігін толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Мұндай жобалар қоғамның қолдауымен және ашық бақылаумен жүзеге асырылғанда ғана өз тиімділігін көрсетеді. Сондықтан халықты ақпараттандыру мен түсіндіру жұмыстарын жалғастыру, сондай-ақ жобаның барлық кезеңдерін қадағалау арқылы сенімділік қалыптастыру қажет.