Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында Қазақстанның салықтық жүйесі мен әкімшілендіру мәселелеріне айтарлықтай назар аударылды. Мемлекет басшысы салық саясатын жетілдіру арқылы ел экономикасын тұрақтандыруға және дамытуға бағытталған бірқатар маңызды бастамаларды ұсынды. Салық жүйесінің тиімділігі мен әділдігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп, кәсіпкерлер мен азаматтарға қолдау көрсету жолдары да талқыланды.
Президенттің айтуынша, жеке табыс салығының мөлшерлемесін азаматтардың кіріс деңгейіне байланысты дифференциациялау қажеттігі туындап отыр. Бұл бастама әлеуметтік әділдік қағидатына негізделіп, кірісі жоғары азаматтардың көбірек салық төлеуін қамтамасыз етеді. Ал төменгі табысы бар азаматтар үшін салық жүктемесін азайтуға мүмкіндік туады. Бұл өзгеріс, бір жағынан, әлеуметтік теңсіздікті азайтып, екінші жағынан, мемлекет бюджетіне түсетін түсімдерді арттыруға септігін тигізеді.
Бұл ұсыныс елдегі әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде қарастырылады.
Салықтық әкімшілендіруде жазалау тәсілінен бас тарту қажеттігі де Президенттің Жолдауында айтылды. Мәжбүрлеу шараларын қолданбай, хабарлама жіберу арқылы салық берешегінің жоғарғы шегін көтеру ұсынылды. Бұл салық жүйесінің адамдарға қолайлы болуына және оларға артық қысым көрсетпеуге бағытталған бастама болып табылады. Берешек шектен асқан жағдайда, тек қарыздың көлеміне байланысты шектеулер қолданылуы тиіс, яғни борышкердің банктегі есеп-шоты толық бұғатталмайды.
Кәсіпкерлер өздері пайдаланатын салық жеңілдіктері бойынша есеп беруі тиіс және бұл жеңілдіктердің қаншалықты бизнестің дамуына әсер ететіндігі нақты бағалануы керек. Тек нақты нәтижеге әкелетін жеңілдіктер қалдырылуы тиіс. Мысалы, өндірісті дамытуды көздеген инвесторларға артықшылық беру маңызды. Жаңа кәсіпорындарды салу, активтерді жаңғырту және қайта құру процестері үшін бір реттік салық жеңілдіктерін ұсыну маңызды.
Терең өңдеумен айналысатын өнімдерді экспортқа шығарушы кәсіпкерлерге ерекше қолдау көрсету қажет. Бұл сала ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосатындықтан, олардың басқа бизнеске қарағанда көбірек жеңілдіктер алуы орынды. Бұл шаралар елде өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға және экспорттық әлеуетті арттыруға септігін тигізеді.
Президент көлеңкелі экономиканың үлесінің жоғары деңгейде қалып отырғанын және оның елдің қаржылық жағдайына теріс әсер ететінін атап өтті. Көлеңкелі экономиканы айтарлықтай төмендету үшін мұқият ойластырылған кешенді шаралар қажет.