2024 жылғы наурыздан бастап Қазақстан Республикасы азаматтары мен ел аумағында тұратын шетелдіктер eGov mobile мобильдік қосымшасы арқылы құмар ойындарға қатысудан 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге ерікті түрде шектеу қою туралы өтініш бере алады. Бұл қызметтің іске қосылуы лудоманиямен күресте жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді, өйткені қазіргі уақытта 110 мыңнан астам адам осы мүмкіндікті пайдаланып, өздерінің құмар ойындарға қатысуын шектеді.
Лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік, Қазақстанда маңызды әлеуметтік мәселе болып отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде құмар ойындарға тәуелді адамдар саны 350 000-ға жуық, олардың арасында жастар мен оқушылардың үлесі басым. Құмар ойындар адамдардың психологиялық, қаржылық, және әлеуметтік жағдайына теріс әсер етіп, отбасылық даулар мен әлеуметтік проблемаларды туындатады. Осыған орай, мемлекет осы мәселені шешу үшін кешенді жоспарлар мен шараларды жүзеге асыруда.
eGov mobile арқылы құмар ойындарға қатысуды шектеу мүмкіндігі – азаматтарға өз тәуелділіктерімен күресте маңызды құрал. Бұл сервис арқылы адамдар өздерінің ойындарға қатысуын 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге шектеп, қажет болған жағдайда, шектеуді кейіннен ұзарту немесе жою туралы өтініш бере алады. Осындай жүйенің енгізілуі лудоманияға қарсы күресте азаматтардың белсенділігін арттыруға ықпал етеді.
Сондай-ақ, қала аумағында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеулер енгізілген. Сыртқы (көрнекі) жарнамаға, көлік құралдарындағы жарнамаға, бұқаралық ақпарат құралдарында және кино, видео қызмет көрсету орындарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынған. Бұл шаралар қоғамды құмар ойындардың зиянды әсерлерінен қорғауға бағытталған.
Заңсыз ойын бизнесімен күресте азаматтардың белсенділігі өте маңызды. Департамент заңсыз тұрған ойын автоматтары туралы ақпарат жіберуге шақырады. Әрбір азамат лудоманияның зиянды әсерінен балаларын қорғауда белсенділік танытуы тиіс. Егер сіздің тұратын немесе мекендейтін жерде заңсыз ойын аппараты болса, Департаменттің +7 (7252) 77-14-48 сенім телефонына хабарласуыңыз жеткілікті.