Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген көлемді сұхбаты елімізде қызу талқыланды. Сұхбат барысында Мемлекет басшысы 2023 жылы атқарылған істер мен болашақ жоспарлар, сондай-ақ «Қаңтар оқиғасы» мен елде орнаған қос билік мәселесіне қатысты ашық пікір білдірді. Бұл сұхбат елдің саяси, экономикалық, және әлеуметтік дамуындағы маңызды кезеңдерді түсінуге көмектеседі.
Президент Тоқаев 2023 жылы орындалған реформаларды саралады. Конституциялық соттың жұмысын бастау, Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының жаңа ереже бойынша сайлануы — демократиялық процестерді нығайтуға бағытталған қадамдар. Аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы да халықтың билікке деген сенімін арттыруға ықпал етеді. 700-ге жуық ауыл әкімі сайланып, ауылдардағы басқару жүйесін жетілдіру бойынша маңызды жұмыстар жүргізілді.
Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру, монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды атап өтті. «Мен өткен қыркүйектегі Жолдауымда жаңа экономикалық үлгіге көшетінімізді айттым. 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді екі есеге арттыруды мақсат етеміз», — деді Тоқаев. Бұл мақсаттарға жету үшін еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы жұмыс тәсілдері Үкіметтің кеңейтілген отырысында анықталмақ.
Әлеуметтік салада да бірқатар шаралар қолға алынды. Президент ауылдарда білім ошақтарының, соның ішінде «жайлы мектептердің» бой көтеріп жатқанын, денсаулық сақтау нысандарының салынуын атап өтті. Сонымен қатар, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға кешенді қолдау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға арналған арнайы төлемақылар мен медициналық қызметкерлердің, педагогтердің жалақысының өсуі де маңызды қадамдар қатарында.
Президент «Қаңтар оқиғасына» да ерекше тоқталып, бұл оқиғалардың әлеуметтік мәселелердің қордалануымен байланысты екенін атап өтті. Ол жоғары лауазымды тұлғалардың күштік құрылымдарға ықпалы мен экономикалық реформаларға қарсылық білдіруінің нәтижесінде жаппай тәртіпсіздіктер орын алғанын мәлімдеді. Тоқаевтың айтуынша, «бұл ешқандай халық көтерілісі емес, мемлекеттік төңкеріс әрекеті болды».
Сұхбатта Қазақстанның қауіпсіздігі мәселесі де қозғалды. Президент елге көмектескендер туралы тараған алыпқашпа сөздерге жауап бере отырып, көмек көрсеткен ұйым Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы екенін айтты. Ол сол уақытта Арменияның төрағалық еткенін еске салды.