Лудомания — бұл құмар ойындарға патологиялық әуестігі бар адамдардың дерті. Бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) бұл ауруды ресми түрде мойындап, оның әлеуметтік және психологиялық әсерлерін атап өтті. Лудоманияға ұшыраған адамдардың әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтары құлдырап, адамгершілік қасиеттері жойылады. Қазақстанда бұл проблема соңғы жылдары өткір түрде көрініс тауып отыр, азаматтар құмар ойындарға 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсаған.
Соңғы уақытта ойын автоматтарының, онлайн-казинолардың және букмекерлік кеңселердің кең таралуы лудомания мәселесінің ауқымын кеңейтті. Ойын автоматтары әлемде бұрыннан танымал. 1970 жылдары Англияда ойын автоматтарының көптеп қойылуы кинотеатрларға келушілер санын күрт азайтты, тіпті кейбір кинотеатрлардың жабылуына себеп болды. Ал 1990 жылдардың басында Канадада құмар ойындарға тәуелділіктің деңгейі 75%-дан асып кетті. Бұл жағдай әлемнің көптеген елдерінде құмар ойындардың әлеуметтік мәселелер ретінде қабылдануына ықпал етті.
АҚШ-та құмар ойынға тәуелді адамдарға алғашқы кәсіби көмек көрсеткен медициналық маман — дәрігер Роберт Л. Кастер. 1972 жылы ол ойыншыларды емдеуге арналған алғашқы стационарлық орталықты ашты. Оның жұмыстары нәтижесінде патологиялық құмар ойындар психикалық бұзылыс ретінде классификацияланды.
Роберт Л. Кастер лудоманияның дамуын үш кезеңге бөлді:
Ойыншы бірнеше рет ұтысқа кенеліп, оңтайлы көңіл-күймен ойынға тартылады. Одан бөлек адам отбасынан алыстап, қарызға батып, жалғыз ойнауға көшеді. Ұтылғаннан кейін қайтадан ойынға оралуды қалайды.
Адам өзінің барлық уақытын құмар ойындарға арнайды, әлеуметтік және психологиялық қиындықтарға тап болады.
Статистика бойынша, лудоманияға шалдыққан адамдардың 60%-ы құқық бұзушылыққа барады, ал 13-40%-ы өз-өзіне қол жұмсауға талпынады. 2022 жылы 3 676 суицид фактісі тіркеліп, оның бесіншісі құмар ойындарға тәуелді адамдармен байланысты болды.
Лудоманияның қоғамға тигізетін зияны орасан. Құмар ойындарға тәуелді адамдар, ұтылғаннан кейін, таныс-тамырынан қарыз алып, несиелерге батып, тіпті қылмысқа баратын жағдайлар жиі кездеседі..
Кейде шарасыз күйге түскен адамдар өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Бұл жағдайлар тек жеке адамға ғана емес, оның отбасы мен қоғамға да үлкен соққы береді.