«Қап, әттеген-ай», «Бұл жолы жолым болады», «Қазір қарызға алып, қайта ойнаймын» — бұл сөздер лудомандарға жалған үміт пен жігер сыйлайды. Бірақ, бұл жолы да сәтсіздікпен аяқталып, адамдарды ауыр жағдайға әкеледі. Соңғы уақытта елімізде бәс тігіп, өмірдің соқпақ жолына түсіп, бәрін жоғалтып жатқан жастардың саны көбейіп келеді. Статистикаға сүйенсек, өткен жылы букмекерлік кеңселердің табалдырығын тоздырып, құмар ойынның құрығына түскен жастар саны 350 мыңға жеткен. Биыл бұл көрсеткіш 400 мыңнан асып отыр. Бұл — тек тіркеуге алынғандар саны, ал тіркелмегендер қанша? Миллионнан асып жығылар, сөзсіз.
Құмар ойынға тәуелділік тәніңізді ауыртпайды, бірақ санаңызды улап, отбасылық бақытты тас-талқан етуі мүмкін. Құмар ойын түрлері заманымен өзгеріп, зияны да артып келеді. Мұндай дертке ұшыраған адам қоғамнан алыстап, адамгершілік қасиеттерін жоғалта бастайды. Лудомания дүниежүзілік деңгейде ауру ретінде мойындалғаны да тегін емес. АҚШ-тың құмар ойындар проблемалары жөніндегі қауымдастығының зерттеуіне сүйенсек, әлемдегі адамдардың 48%-ы құмар ойынға тәуелділікке ұшырау қаупінде. Яғни, құмар ойын — адамды есірткіден де артық тартатын қауіпті фактор.
Елде заңсыз ойын бизнесімен күрес шаралары қолға алынғанымен, жымысқы әрекеттер жасырын түрде жүргізіліп жатыр. Тірнектеп тапқанын құмар ойынға құрбан ететіндердің дені — жастар. Мысалы, қазалылық жас Азамат Әшіровтің сөздеріне назар аударайық:
– «Бұл дерт студент кезімнен басталды. Ақша тапшы болғанда, ара-тұра баратын болсам, кейін әдетке айналды. Оқуды бітіріп, елге келгенде, барлығын ұмытып кеткен едім. Алайда, Лото клубтың ашылғанын естіп, барғанымда, қалтамдағы ақшаға қол салдым. Бастапқыда ұттым, бірақ қазір барлығы керісінше. Туған-туыстарыма, достарыма қарызға баттым, банктерден несиелер алдым. «Қойдым» десем де, тоқтауға еш мүмкіндігім жоқ. Бірақ, екі жыл бойы құмар ойыннан алыс болдым. Өзімді жеңдім деп айтуға болады», — дейді ол.
Лудоманияның қоғамға әсері зор. Құмар ойындарға тәуелді адамдар көбіне отбасылық проблемаларға, әлеуметтік оқшаулануға және психологиялық күйзеліске тап болады. Олар, әдетте, тұрақты жұмысынан, достарынан, жақындарынан айырылып, қоғамнан шеттейді. Статистика бойынша, лудоманиядан зардап шегетін адамдардың 60%-ы құқық бұзушылық жасап, 32%-ы суицид туралы ойлайды. Мұндай жағдайлар, әсіресе, қазіргі жастар арасында жиі кездеседі.