ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғимаратында «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен вице-министр Д.Ж. Ахмед-Закидің төрағалығымен жұмыс кездесуі өтті. Бұл кездесудің мақсаты — Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында жастар жобалары мен бастамаларын қолдау жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде студент жастармен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылау болды.
Кездесуге «Ассамблея жастары» ұйымының өкілдері, Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының, сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мамандары қатысты. Кездесу барысында жастар саясатын дамыту, студент жастарды Қазақстан халқы Ассамблеясының жобаларына тарту, қоғамдық келісімді нығайту жөнінде жан-жақты пікірлер айтылды.
Кеңес барысында «Ассамблея жастары» РҚБ-ның жастар жобаларының тізбесін айқындау мәселелері қаралды. Бұл жобалар студенттер арасында ұлттық бірлікті, мәдениетті және этносаралық қатынастарды нығайтуға бағытталған. Вице-министр Д.Ж. Ахмед-Заки жастарды қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, мемлекеттік органдар мен жастар ұйымдарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру қажеттігін айтты.
Сонымен қатар, «Ассамблея жастары» ұйымының жоғары оқу орындарында студенттік Ассамблеялар желісін құру жөніндегі бастамалары талқыланды. Бұл желі студенттер арасында белсенділікті арттырып, жастар бастамаларын іске асыруға мүмкіндік береді. Студенттік Ассамблеялар қоғамдық келісім мен этносаралық қатынастарды нығайтуға, сондай-ақ жастардың ұлттық құндылықтарды сақтауына ықпал етеді.
Кездесу барысында жастарды тарту, қоғамдық келісімді нығайту, жоғары оқу орындарындағы ассамблеялардың қызметін жандандыру мәселелері егжей-тегжейлі қаралды. Студенттермен өзара іс-қимыл орнату, олардың ұсыныстарын ескере отырып, жастар жобаларын жүзеге асыру — бұл, сөзсіз, еліміздегі жастар саясатын одан әрі дамытуға негіз болады.
«Ассамблея жастары» ұйымының өкілдері жастардың даусын естуге және олардың проблемаларын тыңдауға ерекше назар аударды. Кездесу барысында студенттер өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастар арасында ынтымақтастықты нығайту жөнінде ұсыныстар ұсынды. Олар жастардың әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына үлес қосу үшін түрлі бастамаларды қолға алу қажеттігін айтты.