Шымкент қаласындағы қоғамдық көңіл-күй қазіргі таңда әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайларға байланысты күрделі үрдістермен сипатталады. Талдау нәтижелері тұрғындардың көңіл-күйіне әсер ететін негізгі тенденцияларды айқындауға мүмкіндік береді. Бұл тенденциялар қала тұрғындарының өмір сүру деңгейі, әлеуметтік мәселелер, экономикалық жағдай, сондай-ақ саяси өзгерістермен тығыз байланысты.
Тұрғындар арасында саяси белсенділіктің артуы, әлеуметтік әділеттілік, және мемлекет тарапынан қолдау көрсету жөніндегі үміттер қалыптасты. Дегенмен, азық-түлік өнімдеріне, бірінші кезекте қажетті тауарларға бағаның өсуі тұрғындардың көңіл-күйіне теріс әсер етуде. Дизель отынының тапшылығы мен бағалардың жоғарылауы тек автокөлік жүргізушілері мен ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерді ғана емес, тұтастай алғанда тұрғындарды алаңдатады. Бағаның көтерілуі тұтыну тауарларына да әсер етіп, халықтың күнделікті өміріне қиындықтар тудыруда. Бұл жағдай әлеуметтік наразылықты, әсіресе, әлеуметтік осал топтар арасында күшейтеді.
Тұрғындар арасында елдің болашағына қатысты белгісіздік пен алаңдаушылық күшейіп, әлеуметтік қысым артуда. Бұл саясатқа, ұлттық қауіпсіздікке, және халықаралық қатынастарға қатысты халықтың сенімсіздігіне әкеледі, сол арқылы қоғамдық келісімді бұзуы мүмкін.
Бюджет қаражатын ұрлау, парақорлық фактілері мен лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану секілді оқиғалар қоғамдық сенімділіктің азаюына әкеледі. Тұрғындар мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі шаралардың тиімсіздігін айтып, наразылықтарын білдіруде.
Сондай-ақ, «Қоқыс проблемасы» да тұрғындардың назарынан тыс қалмайды. Қоқысты шығарудағы дағдарыстық жағдайлар, қала билігінің тиісті ұйымдарының жұмысын сынға алып, тұрғындардың наразылығын тудырып отыр. Қаланың коммуналдық қызметтері мен бюджет қаржыларының тиімді пайдаланылмауы мәселелері қоғамдағы сыбайлас жемқорлықпен тығыз байланысты. Тұрғындар қаладағы тазалық пен санитариялық жағдайдың нашарлауы мәселелеріне наразылық білдіруде, бұл жағдай билікке сын көзбен қарауға себеп болды.
Жаңа шағын аудандар мен тұрғын үй алаптарындағы инфрақұрылымды дамыту мәселесі де қоғамдық көңіл-күйді айқындайды. Жергілікті тұрғындардың жолдардың, жолайрықтардың, сумен, газбен, электр энергиясымен қамтамасыз етілуі жөніндегі наразылықтары өсуде.