Әли Тұрғанбеков қатал өмірдің есігін екі аяғы жоқ болып ашқан екен. Соған қарамастан Алланың берген сынағын қиналмай, абыроймен көтеріп келеді. Стамбул қаласында кешегі өткен Еуропа Суперкубогі кезінде Әли, «Ливерпуль» мен «Челси» командасының жұлдыздарымен жақын сырласып жүрді. Жұлдыздармен бірге доп тебіуіне және жаттығу жасауына жақсылар мүмкіндік сыйлапты. Тіпті, төрешінің финалдық ысқырығынан соң Әли, кубокті жеңімпаз команданың капитаны Д.Хендерсонға өз қолымен табыстады.
Ағылшын командалары арасында өткен финалдық кездесу тартысқа, қаһармандарға тола болды. Басты қаһарман — қазақтың қара домалақ баласы Әли. Командалардың жабық жаттығуында Салах, Мане, Фирмино, Ван Дейк, Жиру, Канте, Педро сынды футбол жұлдыздарымен бірге доп теуіп жүрді. Әли, баспен Жирудан кем ойнамайтынын көрсетті.
2019 жылғы Суперкубоктағы басқа да қаһармандарға қысқаша тоқтала кетсек. Финалға төрелік еткен нәзік жандыларды негізгілеріне жатқызуға болады. Француз қызы Стефани Фраппер бас төреші болып, екі көмекшісі етіп отандасы Мануэла Николози және ирландиялық Мишель О Нилл есімді қыздармен ойынға қызмет жасады. Ерлер футболында төреші болу ер азаматтардың өздеріне оңай шаруа бола бермейді. Негізі төрешілердің ойыншылардан да көп қашықтыққа жүгіруіне тура келеді. Психологиялық қысымдарға да дайын болу керек. Орташа есеппен – 11,6 км. Көмекшілері – 6,5 км. жүгіреді. Бұл 90 минуттың көрсеткіші. Нәзік жандылар төреші екен деп, алаңдағы ойыншылар өздерін аяп, жәй жүгіріп қалмайтыны анық. Кешегі финал 120 минутқа созылып, арты пенальти «лотореясына» ұласты. Фраппер мен көмекшілеріне финал оңай сынақ болған жоқ. Бас төрші кешегі маңызды финалда бір қателікке ғана жол берді. Соңғы пенальтиді тебу кезінде қақпашы Адрианның сызықтан шығып кеткенін байқамай қалған екен. Ойында үш сары қағаз көрсетті. Негізі, Фраппердің жұмысын жамандауға тура келмейді. Ал, офсайдтарды көмекшілері «VAR» арқылы анықтап отырды (2-11). Көмекші қыздардың жүгі барынша жеңілдетілді.
Екінші қаһарманның қатарына қақпашы Адрианды қосуға тура келеді. «Ливерпуль» командасының негізгі қақпашысы Алиссон Беккердің жарақат алуына байланысты, көмекшісі Адриан негізгі қақпа күзетшісіне айналды. Ю.Клоптың көрегендігі ма, әлде «Ливерпульдің» дәурені келді ма, әйтеуір Адриан дер кезінде командадан табылып қалды. Кеше ғана бұл қақпашы командасыз қалған болатын. Бүгін финалда маңызды «сэйв» жасап, командасына Суперкубокті алып берді.
Пенальтилер сериясында қақпашылардың басты қаһарманға айналатыны сөзсіз. «Челси» қақпашысы Аррисабалага Кепа да мықты «мысықтардың», қақпасына оңайлықпен гол соққызбайтындардың қатарына жатады. Тіпті, әлемдегі ең қымбат қақпашы – Аррисабалага Кепа (80 млн. еуроға сатып алынған). Ал, керек болса. Адриан мен Кепа да испаниялықтар.
Еуропаның Суперкубогі Стамбул қаласының, «Бешикташ» футбол командасының алаңында өтті.
Командалар сапында:
«Ливерпуль» — қақпада Адриан, қорғаушылар Гомес, Матип, Вен Дейк, Робертсон (Арнольд 91), жартылай қорғаушылар Хендерсон, Фабиньо, Милнер (Вейналдум), шабуылда Салах, Мане (Ориги 103), Окси-Чемберлен (Фермино 46). Бас бапкер Юрген Клоп.
«Челси» сапында — қақпада Аррисабалага, қорғаушылар Эмерсон, Зума, Кристенсэн (Томори 85), Аспиликуэта, жартылай қорғаушылар Ковачич (Баркли 101), Жержиньо, Канте, шабуылда Пулишич (Маунт 74), Жиру (Абрахам 74), Педро. Бас бапкер Фрэнк Лэмпард.
Гол авторы: Жиру (36), Мане (48) (95), Томори («Челси») (101п) 2:2. Пен: 5:4.