Бүгін, Шымкент қаласында Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Ерғали Жарасбекұлы БАҚ-на арналған брифинг өткізді. Жиында полковник: «АҒЫМДАҒЫ ЖЫЛДЫҢ СӘУІР-ТАМЫЗ АРАЛЫҒЫНДА ҚАЛА АУМАҒЫНДА СУДАҒЫ ЖАЗАТАЙЫМ ОҚИҒАЛАР ТІРКЕЛГЕН ЖОҚ» деп, мәлімдеме жасады. Бұл туралы «q-content» ақпараттық порталының тілшісі Ақпараттық Коммуникациялық Орталығына сүйене отырып хабарлайды.
Шомылу маусымының алдында, оның өту кезеңінде су объектілерінде адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Шымкент қаласының аумағында 4 өзен, 4 су қоймасы, 5 тоған және 22 демалыс орны (аквасаябақтар, саяжайлар және т.б.) бар. Үшінші мегаполисте шомылу маусымы сәуір айынан басталып, қыркүйекке дейін жалғасады екен.
«Бақыланбайтын орындарда шомылу, балық аулау кезінде судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтамау, су айдындардың қасында ересектердің қарауынсыз балалардың болуы – судағы жазатайым оқиғалардың негізгі себептері болып саналады. Ағымдағы жылдың сәуір-тамыз аралығында қала аумағында судағы жазатайым оқиғалар тіркелген жоқ. Өткен жылы осы мерзімде Шымкенте 4 оқиға орын алып, 2 жас бала суға батып кеткен болатын.
Болуы мүмкін орман және дала өрттерін алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың мамыр айында қала аумағында жалпы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 18 шақырым, жергілікті автомобиль жолдарының бойларында 88,2 шақырым, орман қоры жерлерінде 530 шақырым және егістік алқаптарында 400 шақырым өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстары да жүргізілді» дейді, Е.Жарасбекұлы.
Әйтсе де, атқарылған жұмыстарға қарамастан ауа-райының ыстық болуына байланысты биылғы өрт қауіпті кезең басталғалы қала аумағында 2 бидай өрті тіркеліп, жалпы көлемі 24 га құрады. Материалдық шығын 4 млн. теңгенің шамасында(Абай және Қаратау аудандары). Сондай-ақ, дала алқаптарында жалпы 4 жану жағдайлары орын алып, тілсіз жау 30 га шарпыды. Зардап шеккендер жоқ.