Шымкент қаласында 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша әлеуметтік көмек алушылар саны 30,7 пайызға азайғаны байқалады. 2023 жылдың сәйкес кезеңінде 12 703 отбасы әлеуметтік көмек алса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 8 801 отбасыға дейін төмендеген. Мұның басты себебі – жұмыссыздықты төмендету, азаматтарды еңбек нарығына тарту және әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін арттыру болып табылады. Бұл туралы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз брифингте айтты.
Атаулы әлеуметтік көмек алушыларға ақшалай төлемдер тағайындалады. Әлеуметтік көмек шеңберінде, бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде төлемдер қарастырылған. 2024 жылы 8 221 отбасындағы 15 541 балаға бұл төлемдер жасалды.
АӘК тек ақшалай қолдау ғана емес, сонымен қатар жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын да қамтиды. Мұндай бастамалар азаматтарды еңбек нарығына тартуды көздейді.
–Осы жылдың 1 желтоқсанына дейін АӘК алған 8 801 отбасының арасында еңбекке жарамды азаматтардың саны 12 910 адамды құраған. Оның ішінде 7 723 адамның жұмысы бар. Сонымен қатар, 460 азамат еңбекке қабілетті болып, олар жұмыспен қамту шараларына тартылды. Бұл азаматтардың 291-і тұрақты жұмыс орындарына орналасты, 48-і «Қоғамдық жұмыс» бағдарламасына, 15-і жастар практикасына,17-і әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасты,43-і кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға қатысса және 46 тұрғын қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберілді, — деді Жанат Өмірсейітқызы.
Бұл шаралар елімізде жұмыссыздықты азайту, азаматтарды тұрақты жұмыс орындарына тарту және әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталған. Нәтижесінде, 2024 жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 30,7%-ға азайғанымен, бұл көрсеткіштің төмендеуі жұмысқа орналасқан азаматтардың санының артқанын және әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін көрсетеді.
#RSK #RSK_SHYMKENT
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі