2024 жылғы 22 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заңға қол қойды. Заң Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. 2020 жылғы төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында Президент Үкіметке «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» негізінде тұрғын үйді есепке алу, кезекке қою және бөлуді орталықтандыру үшін толыққанды даму және қолдау институты – «Отбасы банкін» құруды тапсырған болатын.
Заң жобасы тұрғын үйді есепке алу, кезекке қою және бөлуді жергілікті атқарушы органдардан «Отбасы банкіне» беру мәселесін қарастырады.
Банк базасында тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады. Ол тұрғын үйі жоқ азаматтарды біріктіретін бірыңғай ақпараттық базаға айналады. Жаңа жүйе мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланады.
Есепке қоюдың жаңа тәртібіне сәйкес, соңғы бес жыл ішінде тұрғын үйі жоқ барлық азаматтар кезекке тұра алады. Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары бір рет қана беріледі. Тұрғын үйді бөлу кезекке қою күні мен азаматтардың кіріс деңгейіне байланысты жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, заң жобасында сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үйді жекешелендіру мүмкіндігі қарастырылған. Әсіресе жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға басымдық беріледі. Жекешелендіру 30% бастапқы жарнаны енгізу және 10 жылға дейін бөліп төлеу арқылы қалдық құны бойынша жүргізіледі.
Отбасы банкіне жаңа функциялар заңды ресми жариялаған күннен алты ай өткен соң беріледі. Осы уақытқа дейін тұрғын үй кезегіне өтінімдерді қабылдау және бөлуді жергілікті атқарушы органдар жалғастырады. Бұл реформа тұрғын үй саясатын әділ және тиімді етіп ұйымдастыруды көздейді.
#RSK #RSK_SHYMKENT
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі