Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті және аудандық басқармалары Жаңа жыл мерекесі қарсаңында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және пиротехникалық заттарды қауіпсіз қолдануға бағытталған ауқымды шараларды іске асыруда. Мерекелік іс-шаралар өткізілетін мекемелерге және құзырлы мемлекеттік органдарға қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша ұсыным хаттар жолданып, тұрғын үйлер мен көшелерді аралау барысында азаматтармен өрт қауіпсіздігін сақтау туралы түсіндіру жұмыстары әр апта сайын сенбі күндері ұйымдастырылуда.
Қалалық білім басқармасына қарасты мектептер мен балабақшалардың басшыларымен және өрт қауіпсіздігіне жауапты мамандармен кездесулер өткізілді. 11 желтоқсан күні А. Назарбеков атындағы №87 мектепте қала аумағындағы 300-ге жуық балабақша меңгерушілерімен жиналыс ұйымдастырылса, 12 желтоқсан күні Т. Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясында 130-ға жуық мектеп басшыларына арнап кездесу өтті.
Сонымен бірге, полиция және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін пиротехникалық өнімдердің рұқсат етілмеген саудасын анықтау үшін рейдтік шаралар ұйымдастырылуда. Сауда орындары мен базарларда пиротехникалық заттардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тексеріліп, лицензиясы жоқ немесе сақтау тәртібін бұзған кәсіпкерлерге ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы бойынша әкімшілік айыппұл салынуда, ал талапқа сай келмейтін өнімдер тәркіленуде.
Бұл шаралар Жаңа жыл мерекесі күндері төтенше жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылуда.
#RSK #RSK_SHYMKENT
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі