100 мың теңге тіркеуде тұрғандарға түгел таратылады. Анықталған 55 мыңнан астам адам 12 тамыздан бастап қаражатқа қол жеткізеді. Бүгінгі таңда екі ауылдық елді мекен мен Арыс қаласындағы 17 секторда банк карточкалары таратылуда. Қызылорда, Жамбыл және Шымкенттен «Халық банкінің»120 қызметкері Арысқа арнайы келіп жұмыс жүргізуде.Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев, ақшаны алудың тәртібін түсіндірді.
«Осы уақытта 33 мың банк карточкасы жасалды. Еліміз егемендігін алғанан бері дәл бұлай, бір айдың ішінде осыншама құжат жиналып, 33 мың карточканы дайындау деген болған емес. Қазіргі таңда сол дайын болғандары таратылып жатыр. Бірақ әзірге ақша салынған жоқ. Яғни, 100 мың теңгені 12 тамыздан бастап ала алады. Ал қазіргі негізгі жұмыс карточканы тарату. Демек, барлығы түгел қол жеткізгенде ақшаны түсіреміз. Ең көп 9 секторда 3771 құжат жиналған. Қаланы көше-көшеге бөлдік», – деді облыс әкімінің орынбасары Ж.Аманбаев.
Елді сабырға шақырған жауапты басшылар, тұрғындардың толғандырған сұрақтарына жауап беретін, арнайы комиссия жұмыс жасап жатқанын жеткізді. Ал тізімге кірмей қалған оқушылар, мектептер арқылы анықталып жатқаны белгілі болды.
Айта кетейік, өтемақы қаржыны Республика көлемінде «Халық банкінің»кез келген банкоматынан алуға болады. Қаржының түскен немесе түспегенін анықтау үшін, карточканы банкоматта 3-реттен артық қолдануға болмайды. Себебі 3 реттен артық қолданған жағдайда банктік комиссия төлемі ұсталады. Сонымен қатар сот шешімдерімен қарыздары болған азаматтарға төлем карточкалары ашылмайды. Мұндай жағдайда азамат сенімді өкіліне нотариалды сенім білдіре отырып, өтемақыны сенім білдірген өкілі арқылы алуына болады. Ал үйлерінде болмаған азаматтар карточкаларын 2019 жылдың 15 тамызынан бастап, Арыс қалалық «Халық банк» филиалдарынан алуына болады. Карточкаға түскен қаржыдан банктің комиссиялық төлемдері ұсталмайды. Жалпы, бүгінде таңда Арыс қаласында халық банкінің 12 банкоматы қойылған. Сонымен қатар қосымша тағы 7-8 банкомат орнатылмақ.