Қазіргі таңда Жетісай ауданында жол жөндеу жұмыстары қарқын алды. Аудан орталығындағы М.Әуезов көшесінің 2 шақырымдық аймағындағы орта жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды Аptanews.kz тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұдан бөлек, қала, кент, ауыл округтері мен «Шардара-Жетісай» автомобиль жолының бірқатар бөліктеріндежол жөндеу жұмыстары жалғасуда. Аталған жұмыстарға қажетті асфальт Жетісай ауданының өзінде әзірленуде.
Айталық, жуырда Жетісай ауданы, Қазыбек би ауыл округінде «Ханшебер» ЖШС-гі сағатына 100 тоннаға жуық асфальт өндіретін зауытты іске қосты. Қазір мұнда 30-ға жуық адам жұмыспен қамтылған. Зауытқа қажетті негізгі шикізат Шымкент қаласынан тасымалданады.
Кәсіпорынның бас механигі Ермахан Әшірбаевтың айтуынша, Жетісай ауданындағы жол жөндеу жұмыстарына қажетті асфальтты Шымкенттен тасымалдау тиімсіз.Оның үстіне жол қашықтығы 250 шақырымды құрайды. Сондықтан аталған серіктестік құрылыс нысандарына жақын жерден асфальт зауытын салып, қосымша тапсырыстарды да тоқтатпай қабылдап жатыр екен.