Келес ауданының орталығы Абай ауылында орналасқан «Келес» мейрамханасында ағымдағы жылдың 17 тамызында Келес аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен, ауданға еңбегі сіңген ақ жаулықты аналарға арналып дастархан жайылды. Кештің жүргізушісі журналист Ажар Момбек аналар туралы әсерлі әңгіме өрбітіп, аналарға деген ерекше ықыласын танытып «Аналар» атты журналдың тұсауын кесті. Журналда жалпы ауданның экономкасы, сондай-ақ өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбиесімен ел ықыласына бөленген аналардың өмір жолында кезіктірген небір қызықты естеліктерінен сыр шерітетін мақалалар мен бейне суреттер орын алған. Сондай-ақ жиынға қатысқан аналар қатырында 80-нен асқан батыр анамыз, құрмет орденінің иегері Аманкүл Махатова қатысып, өз өмір жолынан қызықты оқиғаларымен қатар, қиыншылықтарды қалай жеңгені жайлы әңгіме айтып, бүгінгі өскелең ұрпаққа мотивациялық шабыт сыйлады. Аналар ардақталған кеш аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері тарапынан әуезді әнмен әрленіп, жиылған қауымның көңілін көтерді. Кеш соңында аналар қауымы тарапынан ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, Жалын тобының әншісі Қуаныш Рысбековпен бірге Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әнін хормен шырқады.