«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалында әлеуметтік тұрғыдан аз қамтамасыз етілген отбасыдан шыққан 55 балаға мектепке қажетті киімдер мен құрал-жабдықтарын берді.
«Мектепке жол» акциясы аясында ұйымдастырылған іс-шараға қатысқан «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасы бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Қалыйма Жантөреева көпшілікті жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаған болатын. Сондай-ақ, әр балаға сөмкеге салынған кеңсе заттары мен мектеп формаларын табыс етті.
– Партия жыл сайын бұл акцияға дәстүрлі түрде атсалысып келеді. Бізден көмек сұрап, қолдау күтетін өңір тұрғындары жетерлік. Біз үнемі бар ресурсты пайдаланып, демеушілер тарту арқылы көмектесіп келеміз. Соның ішінде мектеп оқушыларын мектепке даярлау міндетті көмек деп санаймыз. Олар – біздің ертеңгі болашағымыз, келешекті дамытар ұрпақ. Біз олардың қатарынан кем болмай білім алуларына барынша жағдай жасауымыз керек. Жақсылықты айтып істемейтінін білеміз, әрине, дегенмен, өзге әріптестеріміз бен кәсіпкерлерге үлгі болса екен деген ниетпен айтып отырмыз. Акция 30 қыркүйекке дейін барлық филиалдарымызда жалғасады. Жыл басынан бері «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының қоғамдық бөлмесіне тұрмысы төмен отбасыдан шыққан 50 оқушы тіркелген. Сонымен қатар, «Жас Отан» жастар қанатының қамқорлығында 5 оқушы бар. Жалпы, бүгін 55 балаға қуаныш сыйлап отырмыз, – деді «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасы бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Қалыйма Жантөреева.