Елбасының тапсырмасына сәйкес, бүгінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған көпбалалы отбасыларға көмек көрсету Түркістан облысында қарқынды жүзеге асып келеді.
Осыған орай, 2019 жылдың 9 тамызы күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінде Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті.
Жиынның мақсаты — мемлекеттік қызметті көрсету барысында әлеуметтік шиеленіс пен халықтың наразылығын болдырмау және аудан, қала әкімдеріне аталған бағытта атқарып жатқан жұмыстарды қадағалап, бақылау және тиісті шаралардың мерзімінде қабылдануын қамтамасыз ету.
Отырысқа облысқа қарасты барлық аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен жұмыспен қамту орталығының басшылары, мемлекеттік қызмет көрсетуге жауапты мамандар мен Департамент қызметкерлері қатысты.
Ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында Мақтарал, Жетісай аудандары мен Кентау қаласы әкімі орынбасарларының мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бағытында атқарылған жұмыстарының есебі тыңдалып, басқа да аудан, қала әкімдеріне аталған көмек әкімшілік тарапынан қатаң бақылауда болу қажеттілігі ескертілді.
Жиын соңында мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстар енгізіліп, атаулы көмектің қоғам алдындағы маңыздылығы атап өтілді.