Мемлекетіміздің көрсетіп жатқан көмектерін тиімді пайдаланып, бүлдіршіндерге балабақша ашып жүрген жандар көп. Солардың бірі Қазығұрт ауданындағы Қызылқия елді мекенінің тұрғыны Ардақ Бижанова. Бұл кісі саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған жан. Білім беру ісінің үздігі. Еңбек жолын 1976 жылы бастаған Ардақ апай 1995 жылға дейін мектепте математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. Содан кейін Қызылқия ауылындағы «Комсомол» мектебіне директор болып ауысып, зейнеткерлікке шыққанға дейін, яғни 2013 жылға дейін өз міндетін абыроймен атқарды. Алты баланың анасы, күміс алқа иегері Ардақ апай бүгінде «Айару» бөбекжай-балабақшасының иесі әрі меңгерушісі.
– Жалпы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мемлекет үшін де, кәсіпкер үшін де өте тиімді. Өйткені осы жобаның арқасында еліміздің экономикасы көтеріледі әрі кәсіпкерлер мемлекетпен бірлесіп, бизнесін гүлдендіреді. 2014 жылы біздің Қазығұрт ауданы бойынша 5 балабақша бар еді, ал, бүгінде ауданда 68 балабақша бар, оның 13-і – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік. Қызылқия ауыл округіне қарасты елді мекендерде қазіргі таңда 6 балабақша жұмыс істеп тұр.
«Балапан» бағдарламасының аясында 2014 жылы 75 орынды «Айару» бөбекжай-балабақшасын аштым. Біздің алға қойған мақсатымыз – бүлдіршіндерге қазіргі заман талабына сай білім беру. Қазіргі уақытта білім саласында реформалар жасалынып жатыр, мектеп бағдарламалары өзгеру үстінде. Соған орай балабақшадан мектепке баратын балаларға қойылар талап та жоғары. Біз тәрбиеленушілерді мектепке жан-жақты дайындаймыз, – деді Ардақ апай бізбен әңгімесінде.