Контрафактілік өнім дегеніміз — еліміз бекіткен халықаралық келісімшарттар нормаларын бұза отырып жазылған шығармаларды әуе толқыны және бейнекөрініс арқылы тарату немесе басқаша мақсатта пайдалану.
«Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заң еліміздегі тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атауларын тіркеуге, құқықты қорғауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастарды реттейді.
Контрафактілік өнімдер және зияткерлік меншікті заңсыз пайдалану кәсіпкерлікті дамытуға кері әсерін тигізіп отыр. Қазіргі кезде контрафактілік өнімдер көптеген сауда нүктелерінде сатылуда. Ал, лицензиясы бар өнімдер сауда жасайтын нүктелер саусақпен санарлық.
Мысалы, фармацевтикалық өнімдердің тауар таңбасын пайдаланып, дәрі-дәрмектерді сапасыз өндіру, оны пайдаланушы тұрғынның денсаулығына елеулі кері әсерін беруі мүмкін. Айталық, сіз дәрігердің нұсқауымен асқазанға емдік әсерін беретін дәріні сатып алып пайдаландыңыз. Алайда, сізге бұл дәрі дауа болмай, қайта асқазан ауруын қоздырып жіберді
Осы кезде сіздің пайдаланған дәріңіздің таза өнім екеніне күмән туады. Жалған өнімдер туралы хабары жоқ адамдардың кейбірі дәрінің кері әсерін өзінің денсаулығынан көрсе, кейбірі дәрігер нұсқауының дұрыс болмағандығын алға тартады. Осындай жалған өнім әсерінен денсаулыққа үлкен зиян келіп, адамның сау органы ауруға шалдығуы да әбден мүмкін.
Сол сияқты, автокөліктердің қосалқы бөлшектерін, құрылыс заттарын заңсыз өндіріп, сатылымға шығару, оны сатып алушыларды шығынға батыруы мүмкін.Тауар таңбасын пайдаланып, сапасыз өнімдерді өндіру төмендегідей жағдайларға әкеп соғады:
— заңсыз өнім құқық иегерлері болып табылатын компаниялардың аттарына кір келтіріп, олардың абыройын түсіреді;
— осы өнімдерді пайдаланушы адамдардың наразылықтарын тудырып, оларға моральдық зиян келтіреді;
— адамның денсаулығына, (өміріне) зиян (қауіп) әкелуі мүмкін;
— құқықбұзушылыққа барған адамдар заң жолымен жазаланады.
Отандық тауар таңбасы шетелдік маркаға айналып кетпеуі тиіс. Ол үшін кәсіпкерлер өз тауарының таңбасын мемлекеттік тіркеуден өткізу қажет. Сонда заң бұзушылық азайып, отандық бизнесмендер өнімдерін еркін экспорттап, елдегі экономиканың дамуына септігін тигізеді.
Контрафактілік өнімдерді сатумен айналысудың жағдайларында ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 158-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген, яғни бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, тауар шығарылған жердің атауы немесе фирмалық атауды заңсыз пайдалану болып табылады.
Егер ҚР Қылмыстық Кодексінің 3 бабының 38 тармақшасына сәйкес, ірі залал ҚР ҚК-нің 222 бабында көзделген жағдайда жеке тұлғаға айлық есептік көрсеткіштен 100 есе асатын сомада келтерелген залал, немесе ұйымға (ЖШС-не) айлық есептік көрсеткіштен 1000 есе асатын сомада келтерелген залал – келтірілген ірі залал болып табылады.
Темірхан Бекмурзаев,
Шымкент қаласы Әділет департаментінің жетекші маманы