Ел басына күн туып, сын сағаты соққанда бауырмалдық пен ынтымақ-бірліктің, жанашырлықтың оты маздап, ел болып еңсерген ерен еңбектердің арқасында арыстықтар аз ғана уақыт ішінде естерін жинап үлгерді. Ауыр күндерді артта қалдырып, қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқын алған Арыста бүгінде мамыражай күндер қайта орала бастағандай. Әрине, бұл қиын-қыстау кезеңдерде халықтың жанынан табылып, қамқорлық көрсеткен ел ағалары мен ел азаматтарының ерен еңбектерінің нәтижесі.
Қашанда халықтың қамын ойлайтын патшамыз, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орнынан табылып, көпті сабырға шақырып, елінің еңсесін көтерсе, өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев көрші ағайындармен Арыс қаласына бірге көшіп барып, ғазиз жаны әрдайым халықпен бірге екендігін дәлелдеп берген еді.
Кезінде ежелгі Отырар қамалын қорғауда ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсеткен даңқты бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы бейбіт күнде қара басын қатерге тігіп, Құдайы қоңсылары арыстық бауырларға қол ұшын созып, жан тәнімен көмек берді. Бір сөзбен айтқанда еңкейген қариялары мен жас буын балаларға дейін қарап қалмай, қолдарынан келген көмектерін аямады. Бірі көрші ауылдан келген ағайындарға ас-суын алып берсе, бірі киім-кешек, азық-түлік, дәрі-дәрмек, тіпті жатын орындарына дейін қамтамасыз етуге атсалысты. Енді міне, қауіптің беті сейіліп, қалаға қайта оралған арыстықтарға көмек әлі де жалғасын тауып, қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқын алған. Әр істің басы-қасында жүрген Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтахановтың басшылығымен Арыс қаласындағы 11-сектордағы штаб жұмысы да белсенді, жүйелі жүргізіліп келеді.
Қай істе болмасын шын жанашырлықпен, үлкен жауапкершілікпен жұмыс жасайтын ер азаматтардың еңбегінсіз нәтиже болмасы анық. Осындай сәтте ерен еңбектің үлгісін көрсеткен азаматтарды құрметтеп, марапаттап отыру да парызымыз. Осыған орай бүгін аудан әкімі Ерлан Айтаханов Арыс оқиғасы кезінде үй-жайына қарамай, қоғамдық істе белсенділік танытып, күндіз-түні дамыл таппай жүрген отырарлықтар Мұрат Жаңабай мен Бауыржан Шегетаевқа «Әскери бауырлар» қоғамдық қорының директоры А.Фадюшиннің қолы қойылған арнайы дипломдары мен төсбелгілерін табыстап, алдағы істеріне сәттілік тіледі.