Айтып келмейтін апат елдің назарын Арыс қаласына бұрып, қазақ баласының жанына батқан оқиға болды. Осы жайттан кейін үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған халыққа әрбір азаматтың көмек қолын созуға асыққаны бауырмалдықтың, жанашырлықтың, ынтымақ-бірліктің үлгісі болды десек қателеспеген болар едік. Бүгінде Арыс қаласындағы жағдай тұрақталып, қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқын алған.
Қаланың қираған, зақым келген үйлерін қалпына келтіру бойынша 17 секторға бөлініп, оған жауапты ретінде еліміздің өзге облыстарымен Түркістан облысының аудан, қалалары бекітілген болатын. Барлық секторда жауапты облыс, аудан, қалалардың штабы құрылып, тұрғындармен тығыз байланыс орнатылған. Бекітілген штабтарда жиналған қоқыстарды шығару, үйдің құжаттарын түгелдеу, талдау, анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Батыс Қазақстан облысы мен Отырар ауданына бекітілген 11 секторда бүгінгі күні жұмыс қызу жүріп жатыр. Қираған қалдықтарды шығару жұмыстарына аудан еріктілерімен, азаматтары белсене жұмыс істеп, бүгінге дейін 11 көшеден 244 тонна қоқыс шығарылды. Тазалау жұмыстарына 7 арнайы теxника мен 70-ке жуық адам жұмылдырылып, жұмыстар әлі де жалғасын таба бермек. Тұрғындардың және үй құжатын қабылдау жұмыстарына ауданнан арнайы барған мамандар білек сыбана кірісіп, тұрғындардың құжаттарын талдау, толықтыру жұмыстарын жүргізуде.