Қарақұм ауыл округінің әкімі Әміржан Досымов 2019 жылдың 6 айында тындырылған тірлік барысын баяндады. Және де аудан әкімі Әліпбек Шәріпбекұлы Жеңіс ауыл округінің есебін тыңдады.
Ауыл әкімі өз баяндамасында Жеңісте 10 мал бордақылау алаңы барын, 2019 жылдың 6 айында өндірілген ет өнімі 271,1 тоннаны құрағанын айтып өтті. 2 шағын жанұялық сүт фермасында өндірілген сүт 804,8 тоннаға жетті. Жыл соңына дейін тағы бір сүт фермасын ашу жоспарлануда. 21 кәсіпкерлік нысаны тіркеліп, халыққа қызмет көрсетуде.
Ауыл әкімінің мәлімдеуінше Қарақұм ауылы аумағында биыл 50 гектарға тамшылатып суғару әдісі енгізілген. Суармалы жер 40 гектарға ұлғайтылып, «Сыбаға» бағдарламасымен асыл тұқымды 25 ірі қара мал алынған. Жыл басынан бері мал бордақылайтын 2 алаң іске қосылған.
Ауыл әкімінің баяндамасында көрсетілген, тартылған инвестиция көлемінің төмендігі, атаулы әлеуметтік көмекке өтінім берген отбасылардың көптігі аудан басшысының назарын аударды. Сондай-ақ, Әліпбек Шәріпбекұлы зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға сауықтыру орындарына бөлінген жолдамалардың дұрыс үлестірілуін өз қадағалауында ұстайтынын жеткізді.
Ауыл әкіміне бірқатар кемшіліктерді жою бойынша нақты тапсырмалар беріп, орындалуын қадағалауды аудан әкімі аппаратының басшысы Мейрамбек Ақмұратовқа жүктеді.