Заман талабына сай барлық саланы дамыту да басты мақсаттардың бірі. Осыған байланысты мемлекетіміз заманауи технологияларды пайдалана отырып, дамыған елдердің қатарында қалуды көзеп отыр. ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдениет қорық-музейінде аудиогид жобасы іске қосылды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келушілер мен туристер аталған құрылғыдан қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде мәлімет алып, саяхат жасауға мүмкіндік бар.
Қазіргі таңда аудиогид жобасына кесененің іші ғана енгізілсе, жақын күндері қорық-музейге қарасты мәдени — тарихи орындар мен археологиялық қазба жұмыстары жайлы мәліметтер қамтылатын болады», — деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы.
— «ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келуші әрбір адам тарихи орынның архитектурасы мен құрылымы, Ясауи өмірі, хандар мен би-сұлтандар, тарихи жәдігерлермен танысқысы келсе аудиогид құрылғысының көмегіне де жүгіне алады.
Алғашқы жоба ретінде 10 құрылғы іске қосылды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келген әрбір қонақ аудиогид қызметін таңғы сағат 08:00-ден кешкі 20:00 аралығында 1 сағат бойы қолдана алады. Аталған қызмет түрі – тегін. Тек аппарат қолды болып кетпес үшін кесене ішіндегі жауапты қызметкерлерге кепіл ретінде жеке құжат тапсырылуы тиіс.
Теледидар пульті тәрізді шағын құрылғыдағы тарихи ақпараттарды белгілі бір сандар реттілігі арқылы тыңдауға болады, яғни 1 саны Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен мұралары болса, 2 саны кесененің салыну тарихы және архитектуралық келбетіне арналған.
Аудиогид аппаратының ең алғашқы тұтынушысы Франциядан келген турист — Mерлин.
-«Аудиогид — туристер үшін өте керемет көмекші. Сәулеттік келбеті жағынан стилі ерекше ғимараттың салыну тарихы, тайқазан, тарихи маңызы бар үлкен бөлмелер жайлы ақпараттар ерекше қызықтырды. Аудиогид қажетті ақпаратты ала отырып, оңаша серуендеуге де өте қолайлы. Қазақстанға жасаған сапарымның барысында Түркістандағы жаңалықтың ең алғашқы қолданушысы болғаным мен үшін тарихи жағдай»,- деді Мерлин.
Айта кетсек, аудиогид жобасы үш тілде қолға алынғанымен алдағы уақытта түрік, француз, қытай тілдерін де қосу жоспарлануда. Сонымен қатар, көзі нашар көретін жандарға да арнап жəдігерлер сипатталған мәтін және дыбыстық жазуы бар нұсқасы енгізілмек.