Сот жұмысының ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында бүгін Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотында фронт-кеңсе ашылды, деп хабарлайды q-content.kz тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Кеңсенің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Жақып Асанов пен қала әкімі Ерлан Айтаханов қатысты. Сонымен қатар, Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Рахымбеков, қалалық және аудандық соттардың судьялары, прокурорлар мен адвокаттар және медиаторлар қатысты.
Жаңа фронт-кеңсе кеңейтілген зал, мемлекеттік қызметтің заманауи стандарттарына сай келетін технологиялық инфрақұрылыммен жарақтандырылған. Оның іші үш аймаққа бөлінген, бұлар – ақпараттық орталық, келіп түсетін іс-қағаздары аймағы және өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы. Мұнда бекітілген меморандум аясында қызмет көрсететін медиатор мен адвокат кабинеттері орналасқан.
Кеңсеге кіреберісте сотқа келушілер қажетті құжаттарды ұсына алады. Кеңсе қызметкерлері әр келушіні қарсы алып, олардың келу мақсатын мұқият тыңдайды. Сонымен қатар, келушілер медиаторға немесе адвокатқа бару туралы кеңесті де осы жерден ала алады.