Шымкент қаласы əкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай 99 жастағы ақсақал Халел Атантаевтың шаңырағына барып, «1 қазан – Қарттар күні» мерекесімен құттықтады.
1920 жыл 20 қазанда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, «Еңбекші» ауылында дүниеге келген. Ауылынан 1939 жылы азаматтық борышын өтеуге кеткен Халел Атантаев әскери қызметін Ұлы Отан соғысының сарбазы етінде жалғастырды. Ел басына күн туған екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, туған жеріне 1948 жылы оралған.
Елге келген соң Халел ақсақал жоғары білім алып, ұзақ жыл Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет етті.
– Алапат соғыс жылдарында әуелі Финді алуға қатыстым. Содан кейін поляктармен ұрыстық. Германиямен болған соғыста жеңіске жетіп, ең соңында жапондармен соғысуға аттандық. Ол күннің бәрі өтті, жеңіске жеттік. Қазір өздерің сияқты жағдайымды сұрап келген балаларыммен әңгімелесіп отырмын. Дені-басым сау, қолым боста шахмат ойнаймын, үйге келіп тұрыңдар, – деді қария.
– «Батамен ел көгереді» деген, ата, осында сіздің өткен күндер туралы әдемі естелігіңізді тыңдап, батаңызды алуға келдік. Қай кезде де сіздердің көңілдеріңізді табуға дайынбыз, – деді Қайрат Ырзақұлұлы.
Ақмарал Молдиярқызы