Ауыр соққыларымен мақтанатын бокс спортын көпшілік қызыға көреді. Спортшыларға тігілетін, төленетін ақша да қомақты. Әттең, бұл спорттың өз қаталдығы бар. Әр кездесуде бастан алған соққыларға кез келген боксшы шыдай бермейді. Спорттық мансабын аяқтаған кәсіпқой боксшылар ерте ме, кеш пе ми ауруларына шалдығып жатады.
Кеше мәлім болғандай, Патрик Дэй (1992 — 2019) есімді кәсіпқой боксшы басынан алған ауыр соққылардан есін жимай өмірден өтті. Өкіншіке орай, кәсіпқой бокста соңғы үш айда орын алған бұл үшінші қайғылы жағдай.
Естеріңізде болса ресейлік Максим Дадашев (1990-2019) шілде айында 12 раундтан тұратын кездесуін өз аяғында аяқтап, артынша ауруханада қайтыс болған.
Аргентиналық 23 жасар Уго Сантельян (1996-2019) 10 раундтық соңғы жекпе-жегінде тең нәтижеге қол жеткізіп, мазасы болмай, ауруханаға жеткізілген. Ол да ауыр соққылардың кесірінен ауруханада ажал құшқан.