Заманына қарай – сазы мен абызы болмақ. Андрей Губин де жұлдызды уақытында миллиондаған халықтың жүрегінен өз орнын таба алды. Көпшіліктің сүйіп тыңдайтын жұлдызына айналды. 45 жасқа келген әншінің «хит» әндерін әлі де сүйіп тыңдайтын өз тыңдармандары табылады.
Жалпы спорт, саясат пен өнер саласынан шыққан әлемге танымал болған жұлдыздар көп. Бола бермек. Талай аты әлемге танымал жұлдызы жарықтар өмірден өтті. Ал, тараған КСРО елдерінің арасында да айрықша танымал болғандар баршылық болды.
Кезінде аққан жұлдыздай «жарқ» етіп жанып, түсініксіз жағдайлармен бірден ғайып болған жұлдыздардың бірі – Андрей Губин. 1994-2004 жылдары бұрынғы КСРО елдерінің барлық үйінде, даласында, көлігінде, базардағы дүгіршектерде Губиннің «хит» әндері тоқтамай шырқалды. «Мальчик бродяга», «Лиза», «Милая моя далеко», «Ночь», «Зима-холода», «Девушки как звезды» т.б. 20-дан астам «хит» әндердің сөзі мен әнін жазып, өзі орындаушы болған Андрей Губинді апалардан бастап, кішкентай қыздарға дейін сүйіп тыңдайтын. Концерттеріне билеттер тез сатылып кететін. Өз заманын аузына қаратқан әншілердің бірі болды деуге болады. Алайда, Андрейдің жұлдызы уақыты көпке созылмады. Ресейлік әнші небәрі 30 жасында «шоу-бизнестен» шет қалды. Оны ешкім шеттеткен жоқ. Өзі кетті.
Танымалдылығы артқан, талантты Андрей Губин Қазақстан қалаларына да жиі келіп жүрді. Кезінде Шымкент қалаласына бірнеше рет концертін қойып, тыңдармандарын қуантып кеткен.
Әнші қазіргі таңда Ресейдегі ескі тұрғын үйлердің бірінде, тозған жиқаздармен жабдықталған төрт бөлмелі пәтерде жалғыз өзі тұрып жатыр. Әнедірінің авторлық құқықтарынан түсетін табысқа күнкөріс жасап жүр. 15 жылдан бері жұмыс жасамайды. Дәрігерлермен психикалық ауруға шалдыққан деген диагноз қойылған. Ал, Андрей дәрігерлердің бұл сөздерін өз сұхбаттарында жоққа шығарады. Әнші күнде кемі 10-15 шақырым жолды бағындарды екен. Физикалық тұрғыдан өте мықты деуге болады. Әншінің бет сүйегі шыдатпайтындай қатты ауратын көрінеді. 15 жылдан бері осы аурумен күресіп келеді. Осы уақытқа дейін жұлдыздың дертіне ем-дом табылмаған болып тұр.
Жұлдызы жана бастаған жылы берген сұхбатында: «… Мен жалғыз болғанды ұнатамын және қорқамын. … Анамды соңғы кездерде концерттеріме өзіммен бірге алып жүремін. Қуанышты күндері көп болғанын қалаймын. Анам біз үшін көп қиын жағдайларды бастан кешірді. … «Шоу бизнес» индустриясында жүрген адамдар көп ақша табу үшін барлығына дайын, маған бұл ұнамайды. Өз өмірімде талай байларды көрдім бақытсыз. Кедейлерді көрдім бақытты өмір сүріп жүрген. Маған көп байлықтың керегі жоқ. … Менде ақша көп болмаса, жақсы адамдар маған жақындаудан қорықпайды. Ақшам көп, жағдайым жақсы болса жақсы адамдар мені жаман ойлап қалады деп, менен алыстап кетуі мүмкін. Адамдар – жамандықтың жаратылысы емес.» деген екен Андрей Губин.
Қыздардың жүрегін әдемі әні мен сүйкімді келбеті арқылы жаулап алған Андрей Губинді ресейлік арналар өз бағдарламаларына әлі де шақырып тұрады. «Тағдыр – Тәңірдің ісі» демекші, кеше дәурені жүріп тұрған жұлдызды әншінің денсаулығы жыл өткен сайын нашарлап, өмірі жалғыздықпен жалғасуда.