Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістандағы «Алатау медиа-орталығы» ғимаратында болып қайтты. Елбасымызда қарсы алуға облыстағы барлық БАҚ құралдарының қызметкерлері, ақпараттық салада етене араласып жүрген жақсылар жиналды.
Елбасы өңірлік БАҚ өкілдеріне арналған жұмыс бөлмелерін аралап көрді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті қаладағы жаңа нысандардың құрылыс қарқыны жоғары екенін атап өтті.
— Шымкент миллион тұрғыны бар қалаға айналды. Осыған орай біз жеке Түркістан облысын құрдық. Бұл көптен бері ойымда жүрген еді. Осылайша біз үлкен құрылыс бастадық. Мұның бәрі астанамыздың құрылысын еске түсіреді. Енді еліміздің оңтүстігінде тағы бір әдемі шаһар бой көтеріп келеді. Осының барлығы ел игілігі үшін жасалып жатыр, — деді Нұрсұлтан Назарбаев өңірлік БАҚ өкілдеріне.
Аталған Медиаорталық – Алматы қаласының Түркістан облысына жасаған сыйлығы және ол қаланың жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында құрылысы аяқталған алғашқы нысандардың бірі.
Бұл — елордадағы «Қазмедиа орталығы» телерадиокешенінен кейін жаңадан салынған екінші Медиаорталық. Мұнда Түркістан облысындағы барлық телеарналар, радио, газет-журналдардың редакциясы орналасатын болады. Ғимараттың жалпы көлемі – 3 мың шаршы метр.
Айта кетсек, кеше Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев Түркістанға іссапармен келген болатын. Елбасы бүкіл қала бойынша жүріп жатқан құрылыс қарқынының жоғары екенін атап өтті.
— Бірінші кезеңде 175 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның 102-cі биыл іске қосылады. Бұл процеске еліміздің барлық өңірлері қатысып жатыр, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Елбасы облыс орталығының құрылысы мен жандануына атсалысып жатқан барша жұртқа алғысын білдірді.
— Барлық жоспарланған нысандардың құрылысы аяқталғаннан кейін біз туристердің көбеюін күтеміз. Сонымен қатар, қосымша жұмыс орындары ашылады. Мұның бәрі біздің халқымыздың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді, — деп түйіндеді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Концерт соңында Нұрсұлтан Назарбаев қолөнершілердің көрмесін аралап көрді. Онда әлемнің 20 елінен келген шеберлердің жұмыстары ұсынылған.