Нұр-Сұлтандағы бес бүлдіршіннің өлімі Шымкенттік шенеуніктерге сабақ болмағандай. Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік ҚОРҒАУ басқармасын Ғалымжан Балтаев «ҚОРЛАУ» мекемесіне айналдырып жібермесе болғаны.
Шымкент қаласының шенеуніктер аналардың шырылына, олардың тұрмыстық жағдайына бас ауыртып, балтыр сыздатпай отыр. «Тоқ бала аш боламын деп ойламайды, аш бала тоқ баламен ойнамайды» дегеннің кері келіп тұр. Қарны тоқ, қайғысы жоқ, тұрмыс жағдайы жақсы әкімдердің жағасы жайлауда жүргендей. Қала басшылары Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаевты көп балалы аналаға қамқорлық жасамағаны үшін тәртіпке шақыруға да қауқары жоқ. Төмендегі жағдайға қарап Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік ҚОРҒАУ басқармасы, көп балалы аналарды «ҚОРЛАУ» мекемесіне айналып отырғандай.
Шымкент қаласында бес баланы жалғыз өзі асырап отырған Гауһар есімді ананың жағдайы өте қиын. Әр жұма сайын мешіттерде кішкентайларының тамағына, күнделікті қажетті заттарына садақа сұрап жүргеніне бір жылдан асты. Мемлекет тарапынан балаға бір жасқа дейін айына берілетін 23 мың теңге пәтерақысына да (30 мың теңге айына) жетпейді. Мына қымбатшылық жағадан алған уақытта күнделікті күнкөріс тіпті қиын.
Гаухар Жарымбетованы бес баласымен екі ай бұрын тастап кеткен күйеуі Мусиралиев Даулет әлі күнге дейін хабарсыз. Тар бөлмеде бес баламен жалғыз өзі қалған Гаухар тұрмыс тауқыметін тартып жүр.
Гаухардың үлкен қызы Диана 8-де, Даниял – 6, Аят – 4, Алуа – 2 жаста және наурыз айында дүниеге келген кішкентайы Қасым-Жомарт 8 айлық. Мамыр айында АӘК-тен түскен қаржыны Аят есімді баласының басын емдетуге жұмсаған. Ал, «Каспи банктегі» 195 мың несиесі кешірімге ілікпеген екен.
Аят есімді баласы екі жыл бұрын мүгедек деп танылып, алайда қағазын екі жылдан бері дұрыстай алмай, әуре-сарсанға түскен. (Бұл бөлек тақырып болып тұр). Қызметкерлері ақшаны жақсы көретін Шымкенттік «ВТЭК»-ке айтатын әңгіме бөлек тақырыпқа арқау болмақ. Төрт жасар Аяттың басы өсіп, су жиналып қала береді екен. Қауіпті дертпен туылған ұлына әлі де дәрігерлердің көмегі керек. Дәрігерлер Аяттың басына бір рет ота жасап, енді жақында тағы да ота жасату керектігін айтқан. Өздеріңіз білетіндей, ота жасату тегін емес. Әсіресе, басқа жасалатын оталардың ақшасы қымбат. Көпбалалы анаға тиісті тегін берілетін дәрі-дәрмектерді, Гаухардың айтуынша, өмірінде алып көрмеген. Қажетті дәрілері қымбат болса да, сатып алуға мәжбүр. Ал, көпбалалы аналарға берілетін 16 мың теңгенің ұшын да көрмеген.
«Көп түкірсе – көл» дейді қазақ. Әр жұма Гаухар көпшіліктің берген садақасына бес баласымен амалдап тіршілік етіп келеді. Елімізде түрлі қорлар бар. Құдайдан безген алаяқтардың да «торлары» кездеседі арасында. Қайырымдылықпен Алла разылығы үшін жақсы жұмыс жасап жүрген «Харекет» сынды қорлар да бар. Әрине, еліміздегі жағдайы төмен отбасыларға мемлекет пен жүрегі жомарт, иманды азаматтар да қолдан келгенше көмегін беріп жүр. Елде көмек ұшы тимей жүрген көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылар әлі көп екенін айта кеткен жөн. Азайып та келеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп, барлық азаматтар жақсылық жасауды жалғастыра берсе, қайырға мұқтаж отбасылардың саны елде азаяатыны сөзсіз.
Бес баламен бір бөлмеде өмір сүріп жатқан Гаухар жұмыс жасай да алмайды. Әрбір бала қазақтың баласы деп қарауымыз керек. «Біз үшін туды ма?» деген әбестік. Елдің болашағын ойласақ, осындай отбасыларға барынша көмек беруге асығуымыз керек. Өмірдің суығын көп көрген баладан болашақта жақсы азамат өспейді. Өмірдің қатыгездігін көріп өскен бала түбі бір ауыр қылмысқа баруы мүмкін. Құдай сақтасын, бес баланы бес минутқа да қалдырып кетуге болмайды ғой. Оны көп ата-ана түсінеді. Кешегі Нұр-Сұлтан қаласындағы бес періштенің өртте қаза болған қайғылы жағдай Шымкенттік шенеуніктерге сабақ болғаны дұрыс қой.
Бұл отбасының көз алдымда екі жасар Алуа есімді қызы есікке қолын қатты қысып алды. 8 жасар Диана да іні-сіңлілеріне қарауға әлі кішкентай.
Ғалымжан Балтаев
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаев жоғарыдағы жағдайларды түсіне отырып, ертерек тиісті көмектер қарастырады деген ойда болғам. Алайда, Ғ.Балтаевтың мекемесінде бұл кісі шешетін мәселелерді баспасөз хатшысы да «шеше» беретін болып шықты. Әрине, қарапайым қызметкер бес баланың мәселесін шешуге ниеті түзу болғанымен, анаға қатысты тірлікті тындыра алмайтынына көзіміз жетті. Тағы да уақыт шығындау, бес баланың анасы Гаухардың соры болмақ. Көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағысы келген жас қызметкерге осыны бір күн түсіндірумен шаршадым.
Сағат 11:00-ден бері: «… Бес баланың анасын алып келем, бастықтардың біреуіне айтып қойсаңыз. Үш орынбасардың біреуін барсақ, таба алатын шығармыз?…» деген өтінішімді баспасөз хатшысы құлағына қыстырмады. Кешкі 17:30-де әрең санасына жетті. Жауапсыз мекеменің есігіне Гаухарды кішкентайы Қасым-Жомартан 18:00 алып келдім. Төрт баласын бір бөлмеде қараусыз қалдыруға мәжбүр болдық. Басында Гаухардың жағдайын мекеменің «мәселе шешкіш» әрі баспасөз хатшысы тыңдадық (бастық келсін деп шақырған). Қолынан келгенше көмектескісі келеді. Шетте бақылап, мекеменің басшысы Ғалымжан Балтаев келетін шығар деп күтіп отырмын. Арада жарты сағат өтті. Ешкім келетін түрі жоқ. «Бастығыңа хабарлассай» десем, «Телефоны өшіп тұр» дей береді. Ашуға беріліп, баспасөз хатшысына «басты қатырмай кабинетіне алып бар!» дедім. Бастығы Ғ.Балтаев бар, бірақ, бос болмады. Ал, іштегі адамдар шықсын деп, Ғ.Балтаевты күттік. (Үлкендердің қарауынсыз бір бөлмеде қамаулы қалған төрт баланы ойлаумен отырмын.) Балтаевтың қабылдау бөлмесінде бір сағат тұрып, кіре алмадық. Уақыт өтіп барады. «Үш орынбасары бар ғой, соның біреуі қайда? Хабарлассай … », — деп сұрадым «мәселе шешкіштен» (орынбасарлары да ұстатпайды екен). Бір сағаттан кейін, бір орынбасары табылды. Оған да шүкір деп, кабинетіне кіріп, жағдайды түсіндірдік. Ғ.Балтаевтың орынбасары үш қоңыраумен екі мәселесін шешіп бере алды. Біріншісі, Гаухардың төрт жастағы баласының мүгедіктік құжаттарын ертерек алуда адам тауып берді. Екіншісі, «қашқын» күйеуінің кесірінен ала алмай отырған (АӘК) «ІІ-транштың» көмек ақшасы. Осыған да шүкір. Қоңыраумен шешілген мәселелердің екеуіне де Гауһардың өзі ертең жүгіретін болды. Ал, көпбалалы ана ретінде берілетін жәрдемақыны алу үшін ХҚКО бару керек деді.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының есіктерін әдбен тоздырған көпбалалы аналар көп екен. Бір сағаттың арасында үш ана Ғ.Балтаевтың есігіне кіре алмай, бізден кейін кезекке тұрды. Балтаевтың бас қатырып жүрген мәселелері көп те болар, бірақ үш орынбасарының біреуінің де азаннан бері табылмауы қызық. Мекеменің қызметкерлері «ана қағазды алып кел, мына қағаз қажет» деп отырып алып айтудан шаршамайтын көрінеді. Бәрі бағыт көрсеткіш, қағаз сұратқыш. Заңға бағынып жұмыс жасап жатқандары дұрыс шығар. Мұқтажбен келген көпбалалы аналардың бір де біреуі көмексіз кетпеуін кім қадағалайды? Әкімдер көп балалы аналарымызға, жағдайы төмен отбасыларға, мүгедектерге қамқорлығын аямай тиселі қаржыларын тез әрі оңай шешіп берсе, қарғыс емес алғыс алмай ма? Бұл мекемеде байланыс телефоны да дұрыс жолға қойылмаған. Басқармамен байланысуға шығуда қиын екен. Оны өзіміз де қоңырау шалып, тексеріп көріп, бас шайқадық.
«Үш баласы бар ана бір үйге сәлем бермейді. … Бес баласы бар ана ханға сәлем бермейді» деген. Аналарымыз керісінше әкімдерге «сәлем» бере алмай жүр. Дәл қазір айына 23 мың теңгеге бес баласы бар отбасы тұрмақ, жалғыз адамның күн көруі мүмкін емес. Бес баламен бұл ақшаға не істеуге болады? Егер де балалар сырқаттанып қалса, қымбат дәрі-дәрмектерін қалай алып бермек? Және де қосымша пәтерақыға 30 мың теңге төлеп, тіршілік жасау осы заманда оңай ма?
Бес баланың анасы Гаухардың өзінің «Каспи голды» бар. Атқарушы биліктен дәл қазір айтарлықтай көмек болмаған соң, осы анаға қамқорлық жасап, сауап іс істеймін деген азаматтар болса жақсы болар еді.
Жарымбетова Гаухар Сауранбаевна»Каспи голды»:
5169 4971 1080 1671
Асылбек Түйетаев